RU
"Тағдыр солай": Италиялық жігітпен көңіл қосқан қазақстандық модель кім? (фото)
Жаңалықтар Мәдениет және шоу-бизнес

"Тағдыр солай": Италиялық жігітпен көңіл қосқан қазақстандық модель кім? (фото)

Рассказать Вконтакте

Астанада күні кеше ғана "Astana Fashion Week" сән апталығы өз жұмысын бастады. Оған шетелдік белгілі дизайнерлермен бірге отандық танымал сәнгерлер де қатысуда. Солардың бірі – Қорлан Мәди. Қазақстанның сән индустриясына жоғары баға берген ол NUR.KZ тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

Фото: esquire.kz

Фото: esquire.kz

- Қорлан отандық сән индустриясының бүгіні мен келешегі жайлы не айта аласыз?

Қазақстанның "fashion" индустриясы бір орында тұрған жоқ. Осындай сән апталықтарының арқасында елімізге әлемге белгілі сән мамандары келіп, өз тәжірибелерімен бөлісіп жатыр. Бұл тұста өзіміздің отандық дизайнерлердің де еңбегін атап өту керек. Себебі олардың көбі өз топтамаларын Парижде, Миланда таныстырып үлгерді.

- Отандық дизайнерлердің ішінде кімдерді ерекше атап өтесіз?

Қазақстандық дизайнерлерді шетелдіктер неге ерекше бағалайды деп ойлайсыз? Себебі біздің мамандар ұлттық нақыш пен заманауи үлгіні тамаша үйлестіре алады. Олардың ішінде Samidel, Мандариндердің еңбегін айрықша бағалаймын.

Фото: pandaland.kz

Фото: pandaland.kz

- Осы саланың батыс елдеріндегідей бізде де қарқынды дамуына не кедергі болып отыр?

Меніңше, басты мәселе - дизайнерлерді дайындайтын білім ордаларының жетіспеушілігі. Ол үшін әрине білікті оқытушылар мен ұстаздар керек. Сосын болашақ дизайнерлерді университет қабырғасынан бастап-ақ, шетелдерде өтетін түрлі сән апталығына жіберіп отыру керек. Себебі жастар ол жақта үлкен тәжірибе жинап келеді. Технологиялардың жетіспеушілігі тағы бар. Егер мемлекет сән индустриясына сәл де болса көңіл бөлсе, осы олқылықтардың орны толатын еді деп ойлаймын.

- Көпшілік отандық дизайнерлердің өнімдерін қымбат деп жатады. Неге?

Бұл - біріншіден, өнімнің көлеміне байланысты. Егер өнімнің көлемі аз болса, оның бағасы қымбат болады емес пе? Сосын тағы сол технологиялардың жоқтығы себеп болады. Біздің мамандар көбіне-көп шетелдік технологияларға жүгінуге мәжбүр, яғни шығыны көп. Сол себепті бағалары осындай қымбат киім болып шыға келеді.

Фото: pandaland.kz

Фото: pandaland.kz

- Білуімізше сіз көп жылдан бері Италияда тұрып жатырсыз. Ана тіліңізді, дәстүрлерді ұмытып қалған жоқсыз ба?

Әрине ұмытқан емеспін. Кез келген адам қайда өмір сүрсе де өзінің тегін, тілі мен тарихын ұмытпауы тиіс.

- Болашақта сол жақта қалу сияқты жоспарыңыз бар ма? Елге оралмайсыз ба?

Негізі мен әлемнің адамымын. Менің тұрақты үйім Алматы, Милан, Рим, Парижде болуы мүмкін, өзімді әлемнің кез келген қаласында жақсы сезінемін. Бір сөзбен айтқанда, космополитпін.

- Өзіңіз сияқты шетелде жүрген қазақ қыздарының көбі шетел азаматына тұрмысқа шығып, сол жақта қалып қояды. Осы жайлы сіздің де пікіріңізді білсек деп едік?

Ол әр адамның өз еркіндегі мәселе ғой. Жаман ұлт болмайды, жаман адамдар болады. Кез келген жан өзінің жүрегі мен тағдырының кімге тиесілі болатынын тек өзі шешуі тиіс.

- Қателеспесек, сіздің де қалауыңыз өзге ұлттың азаматына түсіп отыр ғой?

Иә, дәл солай. Ол кісі де мен сияқты сән саласында жұмыс істейді. Бізде, құдайға шүкір, бәрі жақсы. Жаңа айттым ғой, қыздар "тек шетел азаматымен ғана тұрмыс құрамын" деп осындай қадамға бармайды ғой? Демек тағдыры солай болып тұр. Мен де егер Қазақстанда жүрсем, бәлкім қазақ жігітін кездестіретін бе едім? Бірақ менің өмір жолым солай болды, Италияда оқыдым, сол жақта қызмет етіп келемін. Сол себепті де таңдауым шетел азаматына түсті.

- Қазір елімізде көп әйел алу, "тоқал" мәселесі көп көтеріліп жүр. Осы тақырыпқа сіздің көзқарасыңыз қандай?

Мен оған түбегейлі қарсымын. Бұл дөрекілік пен әдепсіздіктің шектен шыққан түрі деп ойлаймын. Кез келген әйелдің намысы мен ар-ұяты болуы керек және ол қашан да барлық тұрғыдан тәуелсіз болуы тиіс. Қаржылық жағынан да, басқа жағынан да. Мен үшін бұл – нонсенс. Әрине ешкімді сынағым келмейді, бірақ жалпы пікірім осындай.

- Қазақстанда шығыс елдерінің менталитеті басым болғандықтан, әйел адам ерлерден бір саты төмен тұруы тиіс деген түсінік қалыптасқан. Бұл жөнінде не айтасыз?

Ол оймен де келіспеймін. Жер жаһан дамып, демократия күшіне енген заманда әйелдер не себепті ерлерден кем болуы керек? Әйелдердің де, ерлердің де өз міндеттері бар. Соларды мінсіз атқарса, қоғамда бұл мәселеге қатысты түсініспеушіліктер орын алмауы керек деп ойлаймын.

- Сән әлеміндегі бойжеткендер көп жылдар бойы мінсіз мүсіні мен табиғи сұлулығын сақтап қалады. Олар тіпті арнайы диета ұстайды деген пікір қалыптасқан. Өзіңіз де диета ұстайсыз ба?

Оны арнайы диета деп айта алмаймын. Мен тек адам ағзасына зиянды тағамдарды жеуден бас тартқанмын. Мысалы тек газдалмаған су ішемін, жеміс-жидектер мен көкөністерді көп мөлшерде тұтынуға тырысамын. Сосын спортпен шұғылданамын.

- Соңғы рет бешмармақтан қашан дәм таттыңыз?

Былтыр күзде қараша айында Алматыға келгенімде әжем әзірлеп берді.

- Сәнгерлер кейде ашық-шашық киім топтамаларын таныстырып жатады. Сіз оған қалай қарайсыз?

Ол - менің жұмысым. Сәнгерлер дизайнерлер қандай топтама ұсынса, соны халыққа таныстыруы шарт. Мен бұдан бөлек көптеген жас дизайнерлермен жұмыс жасаймын, былтыр Алматыда өз дүкенімді аштым. Сол сияқты Kkapsule.com сияқты өзімнің онлайн-дүкенім де бар. Астанаға келуімнің де басты мақсаты сол - шетелде жинаған тәжірибеммен өз елімде бөлісу.

Әңгімеңізге рахмет!

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
20
7
4
2
4
24
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel