RU
Жоқшылықтың зардабын шеккен батыр ана алтын алқасы мен ұлдарының медалін сатпақшы (фото)
Жаңалықтар Қоғам

Жоқшылықтың зардабын шеккен батыр ана алтын алқасы мен ұлдарының медалін сатпақшы (фото)

Рассказать Вконтакте

Талай жылдан бері кезек күтіп, баспана азабын тартып келген алматылық көпбалалы ана енді балаларының түрлі спорттық додаларда алған медальдарын баспанаға айырбастамақ. Шарасыздықтан осындай қадамға барған ол тіпті өзінің "Алтын алқасын" да аламын дейтіндер болcа, беруге әзір деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Сегізінші сәбиіне аяғы ауыр

Сегізінші сәбиіне аяғы ауыр

Алматының шет жағындағы Алатау ауданында туысының үйін жалдап тұратын бұл отбасының соңғы жылдары жағдайы тым нашарлап кеткен. Жеті баланың анасы кейде ішерге ас-ауқат таппай, қиналамыз дейді. Қара нан мен қара суды қанағат тұтып келген отбасында тек отағасы ғана жұмыс істейді.

Көлік жүргізуші болып нәпақа тауып отырған ер азаматтың тапқан табысы отбасын асырауға зорға жетеді екен.

Ал "Алтын алқа" иегері Әлима болса, балалардың тәрбиесімен үйде отыр. Ең жүрекке бататыны, онсыз да таршылық тауқыметін тартып отырған балалар мектепке жаяу барып келеді. Келіншектің айтуынша, олар шамамен 7-8 шақырымдық жолды жүреді. Үйдің үлкен үш ұлы спорттың таэквондо түрімен айналысады. Түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарған олардың жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Ал екі ұл қара белбеу иегері.

Ал үйдің үлкені спорт шеберлігіне кандидат. Ең өкініштісі, материалдық таршылықтың салдарынан бүгінде бұл балалар жаттығуға баруды қойған. Онсыз да ішерге асты зорға тауып беріп отырған ата-ана спортқа қатыстыру қосымша шығынды қажет ететінін айтады.

"Балаларды спортқа беруге ары қарай жағдайымыз жоқ. Ол да қосымша қаржыны қажет етеді. Әжептеуір жетістіктерге қол жеткізіп, енді ғана жұлдызы жана бастаған оларды спорттан шығарып алу бізге де оңай емес. Шыны керек, оған өзімізді кінәлап отырмыз" , - деп мұңын шақты көпбалалы ана.

7 баланың анасы ұлдарының түрлі додаларда алған медальдарын үйге айырбастауға дайын. "Басқа шара жоқ" деген келіншек тіпті өзінің "Алтын алқасын" беруге болса, беремін деп отыр.

Сегізінші сәбиіне аяғы ауыр

Сегізінші сәбиіне аяғы ауыр

Батыр ана елдің демографиялық өсіміне қосқан үлесі үшін мемлекеттен небәрі 15 мың теңге жәрдемақы алады. Шеттей балаға берілетін бұл көмек көлге тамшы сепкендей екені сөзсіз.

Батыр ананың көпбалалы ана ретінде мемлекеттен берілетін үйге кезекке тұрғанына биыл төрт жыл болған. Ал ипотека арқылы баспана алу үшін кезек келгенімен, кіріс табысы жоқ. Баспана сұрап талай есікті қағып, табан тоздырған ондағылардан келіншек "Баланы өзің үшін тудың" деген сөз естіп, әбден жүрегі езілгенін жеткізді.

Ал қазір туысының үйінде уақытша тұрып жатқан келіншек балаларыммен далада қаламын ба деп қорқып отыр. Өйткені туысы ол үйді сырып, қайта құрылыс жүргізбек. Ал көпбалалы отбасыға үйді босату үшін екі ай мерзім беріпті.

Сөзінің соңында өзінің және балаларының күндіз-түні тілейтін басты арманымен түйіндеген келіншек жанайқайына құлақ асатын қайырымды жандардың табыларына үміті барын жеткізді.

"Басты арманымыз - баспана. Тым болмағанда мемлекеттен берілетін үйді алуға немесе баспана жағынан қолдау көрсететін жандар табылса деймін. Өз үйіміз болғанға не жетсін...", - деді Әлима Жұбаева.

Айтпақшы, "Алтын алқа" иегерінің қазіргі таңда сегізінші перзентіне аяғы ауыр.

Осы ретте баспанаға зәру отбасыға қандай да көмек қолын созамын деушілер болса, төмендегі байланыс нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз.

+7 778 427 72 82 - Әлима Жұбаева

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
4
1
3
19
1
3
3
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір