RU
Олимпиадалық спорт түрлерінен барлық құраманың өз дәрігерлері пайда болды
Жаңалықтар Қоғам

Олимпиадалық спорт түрлерінен барлық құраманың өз дәрігерлері пайда болды

Рассказать Вконтакте

Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитеті олимпиадалық спорт түрлерінен барлық ұлттық құрама командаларға халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары кезінде кешенді медициналық қызмет көрсету жобасын іске асыруды бастады. Біздің елдегі жобаның басты артықшылығы - оқу жаттығу жиындары мен жарыс кезінде медициналық қосынның бірге жүруі және спортшылар мен бапкерлерді дайындау кезінде ғылыми-сараптамалық тәсілдерге сүйену. Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

дәрігер

дәрігер
Source: UGC

Медициналық көмек көрсету қызметіне бірнеше маманнан тұратын ғылыми топ енген. Олар: спорттық дәрігер, қолмен емдейтін терапевт, диетолог, психолог, биохимик, биомеханик және массаж жасаушы. Топты жинау барысында ұлттық құрамалардың басты қажеттіліктері ескеріледі.

«Бұл ұлттық спорт федерациялары көтерген маңызды мәселелердің бірі болатын. Сол себепті, Қазақстан ҰОК командаларды кешенді-ғылыми топтармен жабдықтау туралы жобаны енгізу үшін жыл басынан бері дайындалды. Біз үшін ең маңызды әрі кезек күттірмейтін мәселе – ұлттық құрама командалардың жағдайын жақсарту. Ал біздің заманымызда медициналық және ғылыми қолдаусыз спортта жақсы нәтиже көрсету қиын. Әлемдегі үздік тәжірибелер мен озық үлгілерді жүйеге келтіріп, қазақстандық атлеттердің дайындалу процесіне енгізу – ҰОК-нің басты міндеттерінің бірі. Сондай-ақ, біз допингке қарсы ереженің маңыздылығын да ұмытқан емеспіз. Біздің бұл мәселедегі позициямыз еш өзгермейді – біз спортта тыйым салынған дәрі-дәрмекті қолдануға қарсымыз. Сол себепті, командалармен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу кешенді-ғылыми топтың негізгі жұмыстарының бірі болмақ. Азия ойындары мен Жасөспірімдер Олимпиадасына дейін командалар кешенді-ғылыми топтармен толығымен жасақталады», - дейді Қазақстан ҰОК президенті Тимур Құлыбаев.

Қазіргі кезде Қазақстанның ҰОК ұлттық құрамаларға кешенді медициналық қызмет ұйымдастыру үшін 60-тан аса маманды біріктірді. Алдағы айларда тағы да 50-ге жуық маман қатарға қосылады. Бұл күндері көркем гимнастика, байдарка мен каноэде ескек есу, семсерлесу, биатлон, су добы, ат спорты, каратэ және өзге де спорт түрлерінен ұлттық құрама командалар медициналық қолдау қызметімен бірге жаттығу жиындарын жүргізуде.

Кешенді-ғылыми топтар диагностика әдістерін талдап, кемелдендіріп енгізумен, сондай-ақ, спортшыларды емдеп, қалыпқа келтірумен, олардың функционалдық жағдайы мен тамақтануын қадағалап, командаларға медициналық тексеру жүргізумен айналысады. Жақын арада спортшыларға биохимиялық, биомеханикалық және өзге де тексерулер жүргізу үшін кешенді-ғылыми топтар мобильді медициналық кешендермен жабдықталатын болады.

Бұл кұндері Стамбулда маңызды рейтингілік турнир – Премьер Лигаға дайындалып жатқан каратэшілер команда қатарында кешенді-ғылыми топтардың пайда болуына қатысты өз пікірлерін білдірді.

«Біздің командамен бірге алғаш рет спортшылардың денсаулығын қадағалап, олардың жарыс кезінде қалыпқа келуіне көмектесетін және денсаулығын бақылап отыратын дәрігер еріп келді. Біздің құрама үшін бұл үлкен жаңалық. Кешенді-ғылыми топтарды құру спортшылар үшін өте маңызды қадамдардың бірі, өйткені, дәрігер, массажшы, психолог және диетологтың қызметі командаға ауадай қажет. Мәселен, биылғы маусымда каратэден өте маңызды 13 рейтингілік турнир өтеді. Осынша көлемдегі жарыс кезінде спортшылардың қарқынын сақтап қалу қиын. Сол себепті, кешенді-ғылыми топтардың көмегінсіз үнемі жақсы нәтиже көрсету мүмкін емес. Көптеген еуропалық және азиялық құрамалар өз қатарына медицина мамандарын тартуды бастап кетті. Бұл тұрғыда біздің ҰОК үлкен жұмыс атқарып, спортшыларға жаңа мүмкіндік сыйлап отыр. Біз өте қуаныштымыз және бұл қадам атлеттеріміздің спорттағы жетістіктерін еселей түсетініне сенімдіміз», дейді каратэден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Жасталап Санауов.

Кешенді-ғылыми топтардың жұмысын ұйымдастырып, саралап отыру қызметін Қазақстан ҰОК спорттық медицина мен допингке қарсы Департаменті атқарады.

Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
0
0
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel