RU

Бомждар армиясы уақыт өткен сайын өсіп келеді

Бұл жеке тағдырлардың қасіреті ме, жоқ әлде қоғамның індеті ме?

Нарық билеген бүгінгі заманда әрқилы тағдыр тәлкегіне түскен, тамағын тұрмыстық қалдықтар арасы­нан тауып жеп күнелт­кен, үй-күйсіз, кез келген қараусыз қалған бұрышты мекен еткен қаңғыбастар тобы – бомж­дар­дың қарасы күн өткен сайын көбейіп келеді.

Бомж кім? Олардың саны қанша? Елімізде қанша қаңғыбас бар екені жайлы нақты дерек те жоқ.

Бомждар армиясы уақыт өткен сайын өсіп келеді. Олардың қатарын көрші өзбек, қырғыз, тәжік елде­рі­нен келетін қаңғыбастар да толықтыруда. Бірі күнелту үшін келсе, енді бірін оларды қайыр тілетіп, ақша табу мақсатында алып келетін "бизнесмендер" де бар көрінеді.Баз біреулер бомж "қоғамның қал­ды­ғы" деп жиркенішпен қарап, "оларды қоғамнан аластату керек" десе, енді біреу­лер "тағдыр тәлкегіне түскен қорғансыздар, олардың мәселесін қоғам болып қолға алып шешу керек" дейді. Олардың тағ­дыр­лары да әртүрлі. Бірі нарықтың тегеу­рініне төтеп бере алмай, бар дүние-мүл­кі­нен, отбасынан айырылып, ішімдікке са­лын­са, енді біреулері – өмірден орнын таба алмай, адасқандар. Не десек те, олар мына бүгінгі тұтас қоғамның бір бөлігі екені хақ.

Олардың мәселесін қоғам болып қолға алып шешу керек

Ал олар тарапынан туындайтын мәселе де аз емес. Құқық қорғау саласы маман­дарының мәліметіне қарағанда, басты мәселенің бірі – қаңғыбастар арасында қылмыстық оқиғалардың жиі орын алуы: ұрлық жасау, ішімдікке масайып алып, өзара төбелес барысында суық қару қолдану арқылы байқаусызда адам өлтіру, сол арқылы қылмыс санының артуына септігін тигізу. Қыстың қара суығында көшеде қалып, ит өліммен өмірден озаты­ны қанша! Мысалы, жыл басталғалы он күн ішінде бір ғана Ақмола облысында 14 үйсіз-күйсіз жан үсік шалып өлген.

Үсік шалып, аяғын кестіріп, мүгедек болғаны қанша! Ал жалпы республика бойынша есептер болсақ, бұл санның әлдеқайда көп болары анық.

Баз біреулер "қаңғыбастар шетелден келген қонақтар алдында қазақ халқы жайлы кері көзқарас туындатады" деседі. Соңғы мәселені шешу мақсатында былтыр Астана қаласында өткен Саммит қарсаңында қаланы қаңғыбастардан тазартқан болатын. Дәл осындай шешім Алматы, Астана қалаларында өтетін Азиада қарсаңында да жүзеге асырылмақ. Бірақ бұл – уақытша ғана шешім. Ал бұл мәселені түбегейлі қалай шешуге болады? Шешу мүмкін бе?Қаңғыбастар тағдырына бейжай қарамайтын, олардың мәселесін оңтайлы шешкісі келетін кейбір азаматтар "оларды оқшау орталықта ұстап, емдеп, психоло­гия­лық көмек көрсетіп, қоғамға қайта бе­йім­деу керек" дейді.Иван ЧИРКАЛИН, Мәжіліс депутаты:

Бұл – әлеуметтік дерт. Кез келген дерт сияқты, бұл дертті де дәрігерлердің, наркологтардың, психологтардың кө­ме­­гімен емдеп, қаңғыбастарды қо­ғам­ға бейімдеу керек.

Олардың ара­сын­да әртүрлі кәсіп иелері бар. Ал бүгінгі ең­бек нарығында жұмысшыларға сұраныс болып тұр. Олай болса, неге оларды еңбекке баулымасқа?! Оларды көзден таса етіп, қаладан шығарып тастау мәселені шеше алмайды. Өйткені олар ертең-ақ қалаға қайта оралады.

Оларды қаладан шығарып тастау мәселені шеше алмайды, өйткені ертең-ақ қалаға қайта оралады

"Қазіргі кезде қаңғыбастарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталықтары бар. Алайда олар ол жерде тұрақтамайды. Өйт­кені олардың қалауы солай. Бомждар да – еліміздің азаматтары, олар да конс­ти­туциялық құқыққа ие, олардың өмір жо­лын таңдауға азаматтық құқығы бар.

Олар­ды қаладан шығарып тастау – олар­дың азаматтық құқығын таптау", – дейді "Ұлт тағдыры" қоғамдық бірлестігінің же­те­кшісі Дос Көшім мырза. Иә, олар да – Қазақстан азаматы. Яғни олардың да азаматтық құқығы бар. Десек те, "олардың азаматтық құқығы бар" деп қарап отыру дұрыс шешім бола қоймас. Ал оларды емдеп, қоғамға бейімдеудің ықти­мал­дығы, математика тілімен айтқанда, нөлге тең. Демек, біз қоғамды қаңғыбастар­дан тазалауға емес, қоғамда ондай топ­тар­дың болмауына күш салуымыз қажет.

Қоғамда ондай топ­тар­дың болмауына күш салуымыз қажет

Мемлекеттің басты құндылығы – адам. Яғни құндылығымыздың ысырап болып, біртіндеп құруына жол бермеуіміз керек. Сондықтан қоғамдық ұйымдар әрбір тағ­дырдың әлеуметтік, психологиялық мәсе­лелерін терең зерттеп, себептерін анықтап, Үкіметке олардың мәселелерін шешудің нақты жолдарын ұсынулары керек.

Мемлекеттің басты құндылығы – адам

Өйткені әрбір тағдырдың артында әлеуметтік, психологиялық мәселенің тұрғаны анық. Бұлай етпейінше, қаңғыбастар қатарын азайту мүмкін емес және ол қоғамның жазылмас індетіне айналуы мүмкін.Өз кезегінде құқық қорғау органдары таяу шетелдерден келетін қаңғыбастардың жолын кесуі тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/173673-bomzhdar-armiyasy-uakyt-otken-sajyn-osip-keledi.html