RU
Ұят емес: Астаналық жастар азаматтық некені құптай ма?
Жаңалықтар Қоғам

Ұят емес: Астаналық жастар азаматтық некені құптай ма?

Рассказать Вконтакте

Астаналық жастар жыл санап азаматтық некеде болып, кейін сүйіктілерімен дәм-тұздары жараспай жатса, олармен ажыраса салуды сәнге айналдырған. Мұндай "қауесетті" елордалық бозбалалар мен бойжеткендердің өздері де растап отыр. Сонымен Астанада азаматтық некенің "жаңа трендке" айналғаны рас па? Мәселені NUR.KZ тілшісі зерттеп көрді.

Фото ашық дереккөзден алынды

Фото ашық дереккөзден алынды

Елордалық жастардың арасында "азаматтық неке" ұғымы күн санап етек жаюда деген қауесетті бұған дейін де талай естіген едік. Көпшіліктің айтуынша Астананың ер-азаматтары мен қыз-келіншектері "тойға дейін жақындасып" тіпті осындай ара-қатынастарын көп жылдар бойы жалғастырады екен.

"Жасыратын түгі жоқ, психолог маман ретінде алдыма талай бойжеткен келген еді. Көбінің сұрайтын да, айтатын да әңгімесі бір – "қашан тұрмыс құрамын?" немесе "сүйіктіммен талай жыл бірге тұрып жатырмын, бірақ заңды некеге тұруға асықпайды" деп күмілжіп отырады. Негізі мұндай проблема көбінесе жасы 30-дан асып кеткен, я болмаса жұмыс-қызмет деп "отырып қалған" қыздардың арасында кездеседі. Жалғыздықтан қорқатын адамдар осылай өздеріне серік іздеп, азаматтық некеде тұрып жатады. Тіпті олардан бала да сүйіп жатады. Бірақ егер ер адам отбасын құруға асықпаса, ондай өмірлік маңызды қадам жасамаса ондай некенің не қажеті бар? Қыздарға айтарым, азаматтық неке алысқа апармайды. Шын сүйген адам ештеңеге қарамай, үйлі-баранды болуға асығады. Әйел адамның міндеті де сол – ең алдымен сүйікті жар, аяулы ана атану", - дейді Астанадағы психолог мамандардың бірі.

Сүйіктісімен 6 жыл бойы бірге тұрып, кейін көңілдері жараспай, екі жаққа кеткен астаналық арулардың бірі Әсем Игілікова (авт. есімі кейіпкердің өтінішімен өзгертілді). Айтуынша студент кезінде ұлты татар жігітпен танысқан ол, кейін онымен көп жыл бойы кездесіп, артынша айырылысып кеткен.

"Астанада анаммен, бауырларыммен бірге тұрамын. Әкем ертеректе қайтыс болып кеткен. Бұрынғы жігітіммен студент кезде, құрбыларыммен кезекті отырыстардың бірінде танысқан болатынмын. Кейін жақын араласып, жігіт пен қыз ретінде жүре бастадық. Алматтың (авт. аты-жөні өзгертілді) өзінің жеке пәтері болды, бір күні маған біре тұрайық деген ұсыныс айтты.

Анам көзі ашық, оқыған адам, ондай қазақы ғұрыптарға көп мән бере бермейді, жігітіммен бірге тұруға рұқсатын берді. Осылай алты жыл жүріппіз. Жасырмаймын, арасында кикілжіңдер болып тұратын. Ондай кезде анамның үйіне кетіп қалатынмын. Бірақ ақыры сондай ұрыс-керістің соңы ажырысуға әкеліп тынды. Қазір азаматтық некеде тұрғаныма өкінбеймін.

Себебі сол кезде үйленетін болсақ, мүмкін заңды түрде ажырасып та кетуші едік. Кім біледі? Азаматтық некенің бір жақсы тұсы – ешкім ешкімнің алдында қандай да бір міндеті болмайды. Қазір анамның үйіне қайтып келдім, басында әрине қиналдым, бірақ уақыт емші. Оның өз өмірі, менің өз тіршілігім бар", - деп әңгімелер берді ол.

Кейіпкердің әңгімесін тыңдаған бойда, "азаматтық неке" жайлы астаналық азаматтардың да пікірін тыңдап қайтуды жөн санадық. Бір қызығы, олардың көпшілігі аталған неке түріне қарсы емес болып шықты. Олардың бірі:

"Азаматтық неке бұрын да болған, қазір де бола береді. Ерсі түк көріп тұрған жоқпын, әркімнің өз басы ақылы, санасы бар дегендей. Тек өз ісіне жауап бере алса болды" десе, енді бірі "Жастардың арасында қазір тойға дейін "бірге болу" деген "жаңа тренд" пайда болған шығар. Қазіргі қыздар қу, "тазамыз, пәкпіз" деп күйеуге шығып алады да, кейін барлық былықтары шығып жатады. Одан да отбасын құрмастан бұрын, азаматтық некеде тұрып, кімнің кім екенін біліп алған жөн. Мінезін де байқайсың, ұнамай жатса, ажыраса салу оңай", - деп салды.

P.S. Азаматтық некеде тұрып, ажыраса салу оңай шығар? Бірақ... Сол "ара-қатынастың" астарында қаншама қираған тағдыр, өкініш, тіпті әкесіз, анасыз қалатын бейкүнә сәбилердің өмірі бар екенін ұмытпаған абзал.

Қызықты жаңалығыңыз бола, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: 8 747 535 12 98

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
5
1
0
2
0
1
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel