Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматылық имам бір жыл бұрын жоғалып кеткен тараздық қызды тауып алды (фото)

Опубликовано:

NUR.KZ порталының редакциясына Алматы қалалық орталық мешітінің наиб-имамы Қасым Әшімов хабарласты. Имам мешіттегі кешкі кезекшілік кезінде осыдан бір жыл бұрын жоғалып кеткен тараздық бойжеткенді тауып алған. Ол дереу арада жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін шақырып, бейтаныс қыздың ата-анасын іздеуге кірісіпті.

Коллаж: NUR.KZ
Коллаж: NUR.KZ: UGC

- Кеше кешкі жеті жарым шамасында мешітте кезекшілікте отыр едім. Мешіт айналасында жүретін бір орыс әйел мен қазақ келіншек кіріп келді. Олар осы маңдағы шағын саябақтардың бірінде ақыл-есінің ауытқушылығы бар қыз баланың неше күннен бері қараусыз жатқанын айтты. Дереу бардым. Қыз баланың кейпін көріп, жүрегім ауырды. Менің пайымдауымша, оны белгісіз біреулер жеңгетайлыққа салып, пайдаланған болуы керек. Ол бірнеше күннен бері барар жері болмағасын, саябаққа қонған. Ал осы жерден үнемі өтетін орыс ұлтының әйелі бізге келіп айтты. Тез арада полиция мен жедел жәрдем шақырдық, - дейді наиб имам Қасым Әшімов.

Саябақтан табылған бойжеткен
Саябақтан табылған бойжеткен: UGC

Бейтаныс қыз бала біраз уақытқа дейін полицейлерге аты-жөнін айтпаған. Бірақ оның Меркіден екені және 2002 жылы туылғаны анықталды.

- Қыз баланың қасына жақындау мүмкін емес. Үстінің бәрін жара басып кеткен, жағымсыз иіс мүңкіп тұр. Бір қызығы, жедел жәрдем қызметкерлері оған қараған жоқ. Мүмкін, көшеде қараусыз жатқандар көп болғасын, олардың да бұл әрекетін түсінуге болатын шығар. Бірақ "мекен жайы келмейді, біздің бөлімге қарамайды" деп жағдайы мүшкіл қызды бір сағаттан соң қайтарып жіберді. Басқа амалдың жоқтығын көрген соң, оны мешіттің алдындағы ауызашар шатырына түнеттік. Тамағын беріп, төсегін салып бердік, - дейді имам.
Бір жыл бұрын жоғалып кеткен бойжеткен. Фото: NUR.KZ
Бір жыл бұрын жоғалып кеткен бойжеткен. Фото: NUR.KZ: UGC

Осыдан соң имам дереу Жамбыл облысындағы мешіт қызметкерлеріне хабарласып, қыз баланың суретін жіберген. Қуанышқа қарай, оның ата-анасы табылып, бір жылдан бері бойжеткеннің хабар-ошарсыз кеткенін айтыпты.

- Қыз баланың ақыл-есінде аздап ауытқушылық бар екені байқалған. Ата-анасы да растап отыр. Бұдан бұрын да бір рет үйінен шығып кеткен оны туыстары тауып алып, үйіне қайтарған. Ал екінші рет хабарсыз кеткен бойжеткенді ата-анасы бір жылдан бері шарқ ұрып іздеп, таба алмапты. Олар қыздарын танып, түнде дереу жолға шықты, - дейді Қасым Әшімов.

Наиб-имам кешегі жиналған жамағаттың көмек қолын созып, қаражат тауып бергеніне алғысын білдірді. Енді мешіт жанынан тағы да 100 мың теңге қосып, қыз баланың ата-анасына табыстамақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1737910-almatylyk-imam-bir-zyl-bryn-zogalyp-ketken-tarazdyk-kyzdy-tauyp-aldy-foto/

pixel