RU
ОҚО-да ауыз суға жарымаған тұрғындар бақа-шаян аралас суды ішуге мәжбүр (фото)
Жаңалықтар Қоғам

ОҚО-да ауыз суға жарымаған тұрғындар бақа-шаян аралас суды ішуге мәжбүр (фото)

Рассказать Вконтакте

ОҚО-дағы Төлеби ауданы, кіші Әңгір ата ауылының халқы краннан аққан суды үреймен ішіп отыр. Өйткені тау етегіндегі бұлақ суын тұтынып отырған халық жыланмен арпалысып келеді. Ал жауын жауған күндері ішерге су таппай әбігерге салынады деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

ОҚО тұрғындары. Фото: NUR.KZ

ОҚО тұрғындары. Фото: NUR.KZ

Табиғатымен талайды тамсандырып отырған Төлеби ауданындағы тұтастай бір ауыл халқы малдың қиы мен зәрі, бақа мен шаян араласқан тау бастауындағы суды ішуге мәжбүр. Ең сорақысы, кейде краннан аққан сумен бірге жылан да шығып, тұрғындардың зәресін алады екен.

"Біз тау басынан аққан ашық су көзін ішеміз. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылға дейінгі құбыр жаңартылды. Бірақ оның диаметрі тым тар, салдарынан бақа мен шаян құбырға бітеліп, біз сусыз қаламыз. Таудың етегі болғандықтан ауылдың бүкіл малы сонда жайылады.

Малдың қиы мен зәрі, құрт-құмырсқа араласып кетеді суға. Соны ішіп отырмыз. Амал жоқ басқа. Жаңбыр жауған күндері тіптен ол суды ішу мүмкін емес", - деді ауыл тұрғыны Аязби Бекбауов.

ОҚО тұрғындары. Фото: NUR.KZ

ОҚО тұрғындары. Фото: NUR.KZ

Ауыз судың азабын тартып отырған халық осылайша краннан аққан суды тұндырып, күнелтіп келеді. Ал жаз ауасында судың қысымы тым төмендеп, апталап су ақпай қалады екен.

"Билікке айтып шаршадық. Ауыл әкімі бұл проблеманы бес саусағындай біледі. Аудан басшысы келемін деген, келмеді. Ол кісіні мектептің ашылуында ғана көрдік. Осыдан бірнеше апта бұрын краннан аққан сумен бірге 20 см жылан шықты.

Балаларға краннан су ішпеңдер дейміз, жылан ішіне кетіп қалады ма деп алаңдаймыз ғой. Бала болған соң ішіп қояды кейде. Ауылдан құдық қазып көрдік, су шықпады. Бақа-шаяны бар, басқасы бар. Сол суды ішіп отырмыз", - деді кіші Әңгір ата ауылының тағы бір тұрғыны Әлжан Төлеметов.

ОҚО тұрғындары. Фото: NUR.KZ

ОҚО тұрғындары. Фото: NUR.KZ

Қаншама жылдан бері таза ауыз суды армандап келген халықтың бұл мәселесінен билік хабардар. Алайда мәселені шешу үшін кемінде үш жыл уақыт керек екен.

"Біз былтыр облыстық энергетика басқармасына 16 елдімекеннің жер асты су қорын анықтау бойынша құжаттар жібердік. Оның төртеуі анықталды. Биылға 12-сі қалды.

Егер басқарма мақұлдаса, жобалық сметалық құжат түзіліп, қаржы қарастырылады. Шамамен алдағы үш жылда халық жер асты таза суды тұтына алады. Ал оған дейін амал жоқ, ашық су көзін пайдалануына тура келеді", - деді Төлеби аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жорабек Жолдасбеков.

ОҚО тұрғындары. Фото: NUR.KZ

ОҚО тұрғындары. Фото: NUR.KZ

Егер ашық су көзін тұтынып отырған халық таза ауыз су ішкісі келсе, әр үй су есептегіш құрылғысын орнатып, ішкен суына қаржы төлеуі қажет. Сол кезде ашық су көзінің беті жабылып, жан-жағы қоршауға алынады әрі су тазалау құрылғысынан өтеді екен.

"Судың да сұрауы бар" деген бөлім басшысының міндетін атқарушы халық бұлақ суын тұтынғаны үшін ақша төлегісі келмейді дейді. Ал тұрғындар болса, "Лай суды ішкеніміз үшін неге ақша төлеуіміз қажет? Бізге таза су берілсе, тұтынған суымыздың ақысын төлеуден қашпаймыз" деп отыр.

Жаңалығыңыз болса, порталдың WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
1
4
0
1
2
1
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel