Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан ғылымының дамуына барлық жағдай жасалған

Опубликовано:

Қазақстандық компаниялардың мұнай, тау-кен өндірісі сияқты салалардағы үлесінің өсуі соңғы жылдары отандық ғылымның дамуына тың серпін беруде.

Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Математика және механика ғылыми-зерттеу институтының директоры, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, физика-математика ғылымының докторы, профессор Нарғозы Данаевтың айтуынша, қазір ғылымға жеткілікті деңгейде қаржы бөлініп жатыр. Барлық мәселе енді ғалымдардың өз әлеуетін қалай және қай деңгейде пайдалануына тіреліп тұр. - Нарғозы Тұрсынбайұлы, соңғы кезде математикалық үлгілеу саласы ғылымның бір өзекті мәселесіне айналып отыр. Оның себебі неде? - Бұның басты себебі - қазіргі кезде экономиканың бір саласында жаңалық енгіземіз, технологиямызды жаңартамыз десек, көп жағдайда тиісті өндірістің ерекшеліктерін зерттеп, сараптап, ақпараттық құрылымын жасауымыз керек. Көп жағдайда бұл мәселелер математикалық негіздеуді талап етеді. Айталық мұнай саласында қазір мұнайды жер астына ыстық су, болмаса бу немесе іліспе газ жіберіп өндіру технологиясы әбден жетілген. Бұлардың тиімділігі өте зор. Өзге тәсілдерге қарағанда, жер астына ілеспе газ жіберу өте тиімді. Осы тәсілді пайдаланатын кеніш орындарында мұнайды өндіру өнімділігі бірнеше есе артады. Әрине, бұл қымбат технология. Себебі жер астынан шығып жатқан газды жинап алып, оны жер астына қайта жіберу үшін өңдеу керек, арнайы қондырғылар қажет. Бірақ мұнайды көп өндіруге байланысты кететін шығындарды толық ақтайды. Бұл технология қазір дүниежүзіне белгілі. Оны алғаш өндіріске енгізген - канадалықтар. Әр ел өзінің пайдалатын технологияларының сипаттамасын құпияда ұстағысы келеді. Жалпы ғылымда құпиялар өте көп болады. Мәселен, мұнай саласында ақпараттандырумен айналысып жүрген Шлумберже, Тайгерс тәрізді кейбір компаниялар өздерінде жұмыс істейтін қызметкерлерінен ғылыми жұмыстардың нәтижесін бірнеше жылға дейін ашық басылымдарда баспаймын деген қолхат алады. Сондықтан басқа ел ғалымдарынан үміт аз. Тек өзіміздің отандық ғылыми зерттеулердің мазұнын арттыруымыз қажет. - Ғалымдардың осы мәселенің шешімін тауып, елімізді бұл тығырықтан шығаруға мүмкіндіктері бар ма? - Соңғы жылдары мұнай, тау-кен өндірісінде Қазақстанның үлесі артып келе жатыр. Үкімет жағдай жасап отыр. Кезінде қабылдаған кейбір келісімшарттарын қайта қарап, Қазақстан кәсіпкерлерінің өндірістік үлесін арттыруға күш салуда. Соған байланысты қазір сіз айтып өткен мәселелер қазір күн тәртібіне қойылып отыр. Біздің Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі 2014 жылға дейінгі өндірістегі ғылым саласын, инновацияларды, технологияларды жаңарту туралы бағдарлама қабылдады. Математикалық үлгілеу саласындағы Қазақстанның ғалымдарының жетістіктері елеулі деуге болады. Білім және ғылым министрлігінің математика, информатика және басқару проблемалары институттарында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қазақ-Британ техникалық университетінде, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде математикалық үлгілеу салаларымен айналысатын ғылыми топтар құрылып, ғылыми мектептер қалыптасқан. Әр түрлі ортада сұйықтар мен газдар қозғалыстарын, өндірістің және табиғи құбылыстардың қоршаған ортаға әсерін математикалық жолмен зерттеп жүрген Айдархан Қалтаев, Уалихан Әбдібеков, Ұзақ Жапбасбаев, Алтыншаш Найманова, Нұрлан Темірбеков, Берік Бәкірбаев, Салтанбек Мұхамбетжанов сияқты көпшілікке танымал ғалымдарымыз бар. Қолданбалы математика саласында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың есімін қазір дүниежүзі біледі деуге болады. Бұл кісі мұнай өндіру саласындағы математикалық үлгілеудің үлкен бір маманы. Өзінің мектебі, оқушылары және бірнеше шет тілдерге аударылған көптеген монографиялық еңбектері бар. - Дегенмен отандық ғалымдардың еңбегі көп жағдайда елімізде жеткілікті деңгейде еленбей қалып жатқан сияқты? Бұл жөнінде Сіздің пікіріңіз қандай? - Бағаланбай отыр деп айтуға болмайды. Қоғам тарапынан тиісті бағаларын алып жатқан ғалымдар да аз емес. 2008-2009 жылдары Мемлекеттік сыйлық жарысында математиктер қатарынан 2 рет сыйлық алды. Биылғы жылы жоғары оқу орындарында сабақ беріп, ғылыммен айналысатын екі жүз оқытушы үздік оқытушылар байқауының нәтижесі бойынша Білім және ғылым министрлігі тарапынан әрқайсысы үш миллион теңгеден астам сыйақы алып отыр. Осы арада бізде ерекше көңіл аударатын мына бір жәйтті атап өткен жөн шығар. Былтыр елімізде мектеп оқушыларының дүниежүзілік халықаралық олимпиадасы өтті. Ол Қазақстан ғылымының, математикасының дүниежүзіне танымал болғандығын білдіретін үлкен көрсеткіш. Кез-келген елде ондай олимпиада өтпейді. Тек нәтижесі бар, көрсеткіші жоғары елдерде ғана өтеді. Біздің оқушылар Астанада өткен халықаралық олимпиаданың қорытындысы бойынша дүниежүзінде 5-орын алды. Соңғы жылдары әлемдегі бәсекелестікке барынша қабілетті дамыған 50 елдің қатарына кіреміз деп жүрміз. Ал біздің математиктер оған әлдеқашан еніп қойған деуге болады. Бізбен өзге елдер әруақта санасады. Мәселен 2009 жылы Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен түрік әлемі математиктерінің ІІІ Конгресін өткіздік. Ол да бізді мойындағаны. Егер тұрақты түрде атың озып тұрмаса, нәтижең жоғары болмаса ешкім менсінбейді ғой. - Қазір шет елде келісімшартпен сабақ беріп жүрген ғалымдардың саны жыл өткен сайын өсіп келе жатыр. Бұны Қазақстан ғылымының бір жетістігі деп айтуға бола ма? - Ол шын мәнісінде керемет көрсеткіш емес. Шетелде сабақ беру көрсеткіш емес, күнкөрістің қамы ғана. Олар көп жағдайда шет елде керемет болғандығынан жүрген жоқ. Қазір әлемде тек экономикалық-қаржылық қана емес, ғылым саласында да дағдарыс бар. Көптеген елдерде жоғары оқу орындарында сабақ беретін адамдар тапшы болуда. Іргелі пәндер бар ғой - математикалық сараптау, геометрия, алгебра деген сияқты. Бізде қазір жоғары оқу орындарына РһD доктарантураға шетелден оқытушылар келіп жатыр ғой, сол секілді олар да өздеріне дәріс беруге өзге ғалдымдарды шақыруда. Біз жақында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор Қалтаев Айдархан екеуіміз Польшаның Краков қаласындағы Ғылым және жаңа технологиялар университетінің шақырумен Ph.D бағдарламасы бойынша екі апта бойы дәріс беріп қайттық. Еңбегімізге айтарлықтай қаражат төледі. Және сол қаладағы құрылғанына 645 жыл болған Яглон университетінің математика факультетінде болдық. "Сіздерде қазір қандай проблема бар?" деген кезде декан "іргелі математика, математикалық анализ, алгебра, геометриядан сабақ беретін адамдар жоқ" деді. Бұл жауапты 7 Нобель сыйлығының лауреаты жұмыс істейтін Вена университетінде де естідім. Барлық жерде бір-ақ проблема бар, іргелі пәндерден сабақ беретін адам тапшы.

Қазір қабілеті зор адамдар іргелі ғылыммен айналысқысы келмейді. Олар көп жағдайда өзіне көбірек пайда әкелетін ғылым салаларына, бизнеске кетіп қалған.

Бүгінгі таңда "әлемде, АҚШ-та сабақты КСРО-дан шыққан ғалымдар береді, ал оны тыңдайтындар қытайлар" деген қанатты сөз бар. Экономикасы озық дамыған елдерде көпшілік қолданбалы ғылыммен жоғарғы дәрежеде айналысады. Біздің ғылыми-зерттеу институттарымызда дүниежүзі дәрежесінде жұмыс істеп жүрген көптеген ғалымдар бар. Олар ғаламторға өздерінің түйіндемесін енгізіп қойсыншы, "шақырсаңыздар келем" деп, қол-аяғына тұрғызбай алып кетеді. Шетелге негізінен жауапкершілігі аз адамдар кетеді. Ал үлкен бір мектептің тұтқасын ұстап тұрғандардың біреуі кетпейді. Қолданбалы ғылымдар шынын айту керек бізде кешеуілдеп қалған, енді қазір қайта дамып жатыр. Оған өндіріс салалаларындағы отандық компаниялардың үлесінің арта бастауы керемет түрткі болып отыр. Қазір экономиканың тірегі болып отырған бұл салаларда олардың үлесі 2005-2006 жылдарға дейін 10-12 пайыз ғана болатын. Қазір кейбір компанияларда ол 25-50 пайызға жетіп қалды. Жалпы өндірісте Қазақстанның үлесінің өсуі табысты көбейтеді. Оның ғылымға әсері өндірістегі қазақстандық қамтуды көбейтуге ықпал етеді. Кезінде шетелдік компаниялар есіктің алдында отыратын вахтерге дейін шет елден әкелген жоқ па. Қазір бетбұрыс жақсы. Өнеркәсіп дамып келе жатыр. Отандық технологияны өркендету туралы көп айтылып жатыр. Бұл ғылымның дамуына әкеледі. Сонан соң біздің ғалымдар шет елге күнкөріс қамымен кетпейтін болады. - Ғылымға қаражат бөлу дұрыс жолға қойылған ба? - Бұл сұраққа оң жауап беру реті Парламент қарастырып жатқан Ғылым туралы жаңа заң қабылданған соң мүмкін болады ғой деп ойлаймын. Жаңа заң жобасында мемлекеттік қаржыландырудың қазіргі таңда жоқ, көп салалық мүмкіншіліктері қамтылған.

Жаңа заң жобасында мемлекеттік қаржыландырудың қазіргі таңда жоқ, көп салалық мүмкіншіліктері қамтылған.

Қазірдің өзінде республикамызда Қазақстан ғылымының дамуына барлық жағдайы бар. Ресурс, әлеует деген мол. Қаражат қазір жеткілікті бөлініп жатыр. Ізденген адам бүгінгі таңда қаржыландыру мәселесін шеше алады. ҚазҰУ-дың математика және механика ғылыми зерттеу институты іргелі зерттеулер, білім және ғылым саласындағы қолданбалы зерттеулер бағдарламалары, өндіріс орындарының тапсырысы бойынша қаржыланып, көп нәрселер жасап жатыр. Соңғы жылдары "Шығыс Молдабек", "Жайық мұнай", "ҚазМұнайГаздан" келісімшарт бойынша қомақты қаржыға тапсырыстар алдық. Ал шамасы келмейтін адамдар бізге ақша бөлінбейді деуден аузы жалықпай жүр. Біз осы мұнай-газ өндірісі саласындағы ғылыми-зерттеулермен 1994 жылдан бері айналысамыз.

Қазір тіпті Оңтүстік Корея компаниясының тапсырысы бойынша да жұмыс жасап жатырмыз. Олар бізді ғаламтор арқылы іздеп тауып алып, өздері ұсыныс жасады.

Әрине жасыратыны жоқ, еліміздегі көптеген ғалымдар қоғамға тікелей пайдалы нәрсемен айналыспайды. Үкімет оларды кейде "сөреге қойып қоятын жұмыстар істейсіңдер" деп те сынайды ғой. Ол рас. Олардың зерттеу нәтижелерінің жаңалығы өндіріске, инновациялық өркендеуге сәйкес келмейді. Сондықтан әріптестеріме экономиканың дамуын бәсеңдетпей қайта оның қарқынын одан сайын арттыра түсетін жаңа зерттеулермен батыл түрде айналысатын уақыт келді дегім келеді.- Үмітіңіздің ақталуына біз де тілекшіміз. Жақында "Қазақстанға еңбегін сіңірген қайраткер" атағымен марапатталыпсыз. Құтты болсын. Әңгімеңізге рахмет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/173806-kazakstan-gylymynyn-damuyna-barlyk-zhagdaj-zhasalgan/

pixel