Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ешкім сенбеген қазақстандық гимнаст әлемдік додаларда топ жарып жүр

Опубликовано:

Алматыда спорттық гимнастикадан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Елдің түкпір-түкпірінен келген гимнастар чемпиондық атақ пен жүлдеге ие болу үшін бақ сынауда. 20 жастағы спортшы Нариман Құрбанов та чемпионаттың алтынына үміткерлер сапында. Olympic.kz сайтына сұхбат берген ол әлемдік тұғырға қалай көтерілгенін баяндап берді деп хабарлайды NUR.KZ.

Фото: olympic.kz
Фото: olympic.kz: UGC

Нариман - Алматыда туып-өскен, алты жасынан бері гимнастикамен айналысып келе жатқан жас спортшы. Оның әкесі де тәжірибелі бапкерлердің бірі. Айтуынша, спортпен шұғылдана бастаған кезде ешкім оған сенім артпаған екен.

"Әкем менің спортшы ретінде қалыптасуыма барын салды. Алайда, менің талантыма сенбегендер көп жағдайда әкеме менен ештеңе шықпайтынын айтатын. Мүмкін, өзім де бала кезімде қатты талпынбаған шығармын", - деді Құрбанов.

Ол Австралиядағы әлем кубогында жүлдегер атанғанын да қуанышпен еске алды.

-Мельбурн қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде чемпион атанамын деген ой үш ұйықтасам да, түсіме кірмепті. Аталған сында ұлттық құрамадағы үздік спортшылардың бірі Милати Карими ауыр жарақат алды да, бапкерлер қауымы бар үміттің менде екенін айтты. Сол кездегі қобалжыған сәтімді ешқашан ұмытпайтын шығармын. Қол-аяғым тұтас дірілдеп кетті. Десе де, сындарлы сәтте өз-өзімді қолға алып, жаттығуды жоғары деңгейде орындадым. Тіпті, Универсиада чемпионы атанған тәжірибелі жапон спортшысын артқа қалдырғаным маған үлкен жігер берді, - дейді спортшы.

Фото: olympic.kz
Фото: olympic.kz: UGC

Жанкүйерлеріне үміт отын сыйлаған спортшы әлемдік ірі додаларға дайындалып жатқанын да айтты.

- Биылғы жылдың ең басты додасы – Джакартада өтетін Жазғы Азия ойындары мен Дохада өтетін әлем чемпионаты. Бұйыртса, Азиадада сәтті өнер көрсетуді жоспарлап отырмын. Одан соң әлем чемпионаты күтіп тұр. Жалпы, мен үшін ең үлкен жарыс Олимпиада болып қала береді. Олимпиада ойындарына келесі жылы Штутгартта өтетін әлем чемпионаты мен әлем кубогы кезеңдеріне ұпай таратыла бастайды. Алда сегіз әлем кубогы өтеді. Сол бәсекелерде Олимпиада жолдамасын жеңіп алу үшін аянып қалмаймын, - деді гимнаст.

Фото: olympic.kz
Фото: olympic.kz: UGC

Айта кететін жайт, спорттық гимнастикада ең қиын элеменеттер Н санатына жатады. Құрбановтың орындайтын "The Kurbanov" элементі де орындалуы ауыр жаттығулар қатарына, яғни Е санатына кіреді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1738160-eskim-senbegen-kazakstandyk-gimnast-lemdik-dodalarda-top-zaryp-zr/

pixel