Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Танымал әншінің әйелі еш жерде айтылмаған сырымен бөлісті (фото)

Опубликовано:

All Davai-лық Шоқан Маратұлы мен Анеля Баталованың отбасын құрғандарына бір жылдан астам уақыт өтті. Былтыр ғана шаңырақ көтерген жас жұбайлар биылғы жылы ата-ана атанған. Отандық шоу-бизнесте өз орны бар Шоқанның көпшілік алдына шыға бермейтін жары жайлы мағлұматтар бүгінде аз. Осыған орай Анеля Баталова NUR.KZ тілшісімен бұрын-соңды айтылмаған эксклюзивті мәліметтерімен бөлісті.

Ұзақ уақыт бойы ең тартымды бойдақтардың көшін бастап тұрған Шоқан Маратұлы үйленеді деген ақпараттар шыққанда интернет желісі біраз шулап кеткен болатын.

Әнші өзінің отбасы құрғалы жатқанын әлеуметтік желісінде хабарлаған күннен бастап, жанкүйерлер сүйікті әртісінің жүрегін жаулаған қызды іздеуге кірісті. Олардың қызығушылық танытқаны соншалық Instagram кеңістігін шарлап, нәтижесінде ең белсенді іздестірушілер бейтаныс бойжеткеннің Анеля Баталова екенін біліп алған.

All Davai-лық серінің жолықтырған өмірлік жары кім екенін білгенде, онсыз да шулап жатқан жұрт қос ғашықты қызу талқылауға көшті.

Танымал кәсіпкер Райымбек Баталовтың қызы ұзақ уақыт бойы шетелде тұрып, сол жердегі мықты жоғарғы оқу орындарының бірін тәмәмдаған. Басқа елде мекен еткенімен Анеля туған жеріне жиі келіп тұрды. Бір себебі туыстарына деген сағынышы болса, екіншісі жеке бизнесі мен жұмыс бабы болған.

Жастайынан еңбекқор Анеля бүгінгі күні кішігірім жеке кәсібін дамытып келеді. Ол химиялық тазарту орталығын басқарып, оның жұмысын бір-өзі жүргізіп отыр.

Бойжеткеннің сүйіктісімен танысуына бизнес саласының үлесі зор болған. Екі жас жұмыс бабы бойынша іскерлік кездесу кезінде бір-біріне жолыққан. Ол кезде Анеля Шоқан Маратұлы деген кім екенін де білмеген болып шықты.

"Шынымды айтайын, бизнес кездесуге келген жігіттердің қайсысы Шоқан екенінен мен бейхабар болдым. Алғашқы таныстық кезінде, менің көзіме оның бір ерекше қасиеті түсті. Шоқан адамды тыңдап қана емес, ести де біледі. Меніңше ол барлығына беріле бермейтін қасиет", - деп айтты Анеля.

Кездесуге келген Анеля Шоқан Маратұлы мен оның шығармашылығы жөнінде алғаш рет білген. Бірнеше іскерлік кездесуден кейін олар бір-біріне қарайласа бастайды. Нәтижесінде бірін-бірі ұнатып қалған ғашықтардың бастапқыда тек қана бизнес аясында болған қарым-қатынасы уақыт өте үлкен сезімге ұласты.

Фото: comode.kz
Фото: comode.kz: UGC
«Екеуіміз де ессіз ғашық болып қалдық. Сондықтан болар қарым-қатынасымыз тез өрбіді. Оған жолдасымның септігі тисе керек. Өйткені қанша дегенмен ол ақыл тоқтатқан адам, отбасын құруды ұзақ уақыт бойы ойлап жүрген» , -деп айта кетті жас ана.

Шоқан Маратұлы өзіне өмірлік жар іздеп, нағыз отбасын құруға дайын болып жүрген шақта Анеляны кездестірген. Бойжеткеннің бойынан нағыз жар боларлық қасиеттерін байқаған әнші істі соза берудің қажеті жоқ деп ойлады. Кезекті кездесулерінде ол жұртшылық алдында сүйіктісіне ұсыныс жасап, оның «ия» деген жауабын алды.

«Мен табиғатымнан бәрін байқап, біліп қоятын адаммын. Яғни мені алдау өте қиынға түседі. Бірақ сол күні Шоқан расында да түк білдірместен кино көруге алып барды. Фильм басталар алдында экраннан суретерімізді көргенде мен не ойларымды да білмей қалдым. Бірақ бақытты болғаным анық» , - деп айтты Анеля.

Отбасымен танысу қалай болды?

Анеляның отбасы ұсыныс жасалынғанынан хабардар болған кезде кез келген ата-ана сияқты біршама уайымдаған. Оқиғаның бұлай өрбуіне бәрінен де бойжеткеннің әкесі дайын болмай шықты. Ол үшін өзінің алғашқы перзентін бөтен үйге жіберу қиынға соққан. Алайда, екі жақтың танысып-білісуі сәтті өткеннен кейін ата-ананың көңілі орнына түсті.

Анеляның Шоқанның анасымен танысуы тойға дейін болған. Оның айтуынша, сүйіктісінің анасымен өткен алғашқы кездесу өте жылы күйде өткен. Әншінің қарындасы Рано Ұмарова да Анеляны жақсы қарсы алған.

Екі жақты таныстырып болған соң, жас жұбайлар тойға дайындықты бастап кетті. Дүркіреп өткен ауқымды тойда жұлдызды қонақтардан ине шаншар жер болмаған. Екі жастың бақыты үшін жиылған қауым өздерінің сый-сыяпаттарымен қоса игі тілектерін жаудыра жатты.

«Тойға берілген сыйлықтардың арасында мен үшін ең қымбаты әжемнің берген сыйы болды. Ол кісі тарту еткен сыйлық ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан дүние. Жолдасым екеуміз оны бұйыртса қызымыздың тойында ашуды жөн санадық» , - деп айтты Анеля Баталова.
Фото: comode.kz
Фото: comode.kz: UGC

Ескерту! Материал ҚР заңнамасымен қорғалған! NUR.KZ порталының жазбаша рұқсатынсыз материалдың кез келген бөлігін көшіріп-басуға қатаң тыйым салынады!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1738189-tanymal-nsini-jeli-es-zerde-ajtylmagan-syrymen-blisti-foto/

pixel