Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сырты бүтін, іші түтін: Астанадағы су жаңа вокзалдың төбесі үгітіліп, құлап жатыр (фото)

Опубликовано:

Астанада былтыр ғана пайдалануға берілген "Нұрлы жол" вокзалының төбелері үгітіліп, түсіп жатыр. Ғимарат төбесінің кей тұстары тіпті опырылып қалған деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Коллаж: NUR.KZ
Коллаж: NUR.KZ: UGC

Астанада былтыр ғана бой көтерген "Нұрлы жол" вокзалының төбесіндегі әктер үгітіліп құлап жатыр. Су жаңа ғимараттың төбесінің үгітіліп, жарамсыз күйге түсуіне – сырттан жауған жаңбыр себеп болған екен.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC
"Қателеспесем өткен аптаның бейсенбі күні вокзалға барған едім. Әдеттегідей билет алу үшін, терминалдан талон алып, кезегімді күтіп отырған едім, дәл біз отырған орындықтің артынан бір нәрсе сарт ете түсті. Алғашында не болғанын түсінбей жан-жағымызға қарадық. Сөйтсек, төбедегі әк үгітіліп құлап түсіпті. Оның алдында ғана балам сол жерде ойнап, жүгіріп жүрген еді. Қайта құдай сақтап, ол жерде ешкім жүрмеді. Әк те болса анадай биіктіктен құласа, басқа зақым келтіретін еді ғой?", -дейді қала тұрғыны.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Сонымен бірге ол, "төбедегі әк неліктен тапа-тал түсте құлап жатыр" деген сауалымызды вокзал қызметкерлеріне қойғанында, олар "біздің құзыретіміздегі мәселе емес, оған жауап бермейміз" деп құтылғанын айтты.

"Бәрінен бұрын вокзал қызметкерлерінің бейқамдығы таң қылдырды. Біз айтпасақ, түк болмағандай жүре беретін түрлері бар. Жаңағы төбедегі ойықтың қопсып тұрғаны соншалық, тағы да құлайын деп тұр еді. Бірақ оны елеп-ескерген олар болмады. Әйтеуір біздің айғайымызбен бір қызметкерді сол жерге тұрғызып қойды. Біз "қайсыбырін аңдып тұрасыздар, адамдар отыратын орындықтарды алып тастаңыздаршы" дедік. Солай айтқанымызша болмады, әлгі жерге тағы да әк опырылып түсті. Сорақысы ол бағанығадан да көп мөлшерде құлады", - деп мән-жайды айтты қала тұрғыны.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Кейін белгілі болғандай, вокзалдың төбесінің опырылған аумақ маңында саңылау болып, сол жерден жаңбыр суы сорғалап тұрған екен.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

"Былтыр кең даладай вокзал ашылды деп қатты қуанған едік. Мынаны көріп, жаға ұстадық, сырты бүтін, іші түтін болды бұл ғимараттың. Төбеден су тамып тұрғаннан кейін, әрине ондағы әк жібсіп, құлайды ғой? Соны вокзал қызметкерлері көрмеді ме әлде көргілері келмеді ме? Ертең біреудің басын жарса не істейді екен?", - деп күйінді тұрғын.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Бұдан бөлек қала тұрғыны іші-сырты жылтырап тұрған ғимарат төбесінің кей тұстары тіпті опырылып кеткенін баяндады.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

"Жалғыз ол жер емес, бұрышта тағы да сондай жер опырылып, құлайын деп тұр. Оны менен басқа адамдардың да бәрі көрді. Сосын жаңағы төбеде қаншама электр шамдары тұрды. Құдай бетін ары қылсын, егер су сол сымдарға тиетін болса, анадай даңғарадай вокзалдың жанып кетпеуіне кім кепіл? Ал онда күн санап баратын қарапайым тұрғындарды айтсаңызшы? Вокзал басшылығы мен қала билігіне өте ұят! Ең алдымен ғимараттың әдемілігі емес, қауіпсіздігіне көңіл бөлуі керек еді", - деп сөзін аяқтады тұрғын.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1740374-syrty-btin-isi-ttin-astanadagy-su-zaa-vokzaldy-tbesi-gitilip-klap-zatyr-foto/

pixel