Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шелектегі шырғалаң: Уланып көз жұмғандарға кәріз құдығына түсуге кім бұйрық берген?

Опубликовано:

Алматы облысы, Шелек ауылының орталық ауруханасында екі сантехник пен бір медицина қызметкері газға тұншығып қайтыс болғаны туралы хабар тараған болатын. Техникалық талап бойынша, кәріз құдығын арнайы мамандар тазалау керек. Ал, ауруханың бас дәрігері болса ешқандай тапсырма бермедім деп отыр. Бұл туралы КТК арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

Шелектегі шырғалаң: Уланып көз жұмғандарға кәріз құдығына түсуге кім бұйрық берген?
Шелектегі шырғалаң: Уланып көз жұмғандарға кәріз құдығына түсуге кім бұйрық берген?: UGC

Куәгерлердің айтуы бойынша, бастапқыда кәріз құдығына сантехник түсіп, есінен танған. Әріптесін құтқаруға екінші жұмысшы тұра ұмтылған. Екеуі де уланғанғасын дәрігерлер де құдыққа түсіп, соңы қайғылы аяқталды.

Кеше ғана жұмысқа аман-сау аттанған отағасының бүгін отбасына тек мүрдесі оралды. Сол «сор» құдыққа алғашқы болып түскен сантехник Өмірбай Естемесовтің артында жары мен жалғыз қызы аңырап қалды.

Шелектегі шырғалаң: Уланып көз жұмғандарға кәріз құдығына түсуге кім бұйрық берген?
Өмірбай Естемесов. Скриншот: КТК: UGC

45 мың теңгелік айлықпен жанұяның жалғыз асыраушысы болған "Өмірбай өмірден өткесін ендігі көрер күніміз не болады" деген күйік пен запыраннан әйелі мен қызының өзегін өкініші өртейді.

"Бірінші Өмірбайды тығады. Екінші Ермек кіреді. Оған үнемі противагаз керек, жарылып кетеді, шіріп тұр ғой деп айтқам. Түспе дегем, тілімді алмай кетті ғой", - дейді Естемесовтің жары Эльмира Үркенбай.

Белглі болғандай, жұмыс барысында кәріз құдығындағы құбырдың бірі жарылып, улы газ бөлінген. Одан тұншыққан сантехниктерді құтқаруға келген травматолог Данияр Мергенбаевтың да ажалы сол құдықтағы газдан келген.

Оқыс оқиғадан кейін мәйітханаға жеткізілген марқұмның денелері бүгін отбасыларына тапсырылды.

Кішкентай ғана ауылға үлкен қаза әкелген оқиғадан кейін тұрғындар тіптен бас дәрігерді кінәлап, кабинетіне басып кіріп жатыр.

Шелектегі шырғалаң: Уланып көз жұмғандарға кәріз құдығына түсуге кім бұйрық берген?
Шелектегі орталық аурухананың бас дәрігері Жақып Желеуов: UGC

Шелектегі орталық аурухананың бас дәрігері Жақып Желеуов болса жарытып жауап бермеді.

"Нақты тапсырма берілген жоқ, түсіп соны тазалап шық деген. Не үшін түскенін сұрайтын мүмкіншілік қазір жоқ болып тұр. Кімнен сұрайсың бәрі өліп қалса...", - дейді Шелек орталық ауруханасының бас дәрігері Жақып Желеуов.

Облыстық ішкі істер департаменті бұл оқиғаны жіті назарына алды. Қазір тексеріс басталып кетті.

Осы жағдайға кінәлілер жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қаза тапқандардан бөлек, көмекке келіп зардап шеккен дәрігердің бірі қазір ауруханада жатыр. Облыстық әкімдік марқұмдардың отбасына қаржылай көмек көрсету жағын қарастыруда. Айдын күннің аманында мерт болған азаматтар жер қойнына ертең тапсырылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1740449-selektegi-syrgala-ulanyp-kz-zmgandarga-kriz-kdygyna-tsuge-kim-bjryk-bergen/

pixel