Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкенттіктер қызына жасау жасатпақ болған астаналық әйелді тақырға отырғызды

Опубликовано:

Астаналық әйел өзінің шымкенттік жиһаз шеберлеріне алданып қалғанын айтып, әлеуметтік желілердегі интернет-дүкендерге сенбеуге кеңес берді. Айтуынша, оңтүстік саудагерлеріне жиһаз жасатуға тапсырыс берген ол, кейін осы әрекеті үшін оңбай өкініп қалған екен. Алаяқтар әйел адамның ақшасын алып, артынша ізім-ғайып жоғалып кеткен деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Фото: Postimees
Фото: Postimees: UGC

Елордалық Р. (авт. аты-жөні өзгертілді) есімді зейнеткер осыдан тұп-тура бір ай бұрын қызына жасау жасатамын деп, шымкенттік жиһаз шеберлеріне тапсырыс берген көрінеді. Алайда айлакер алаяқтар, әйел адамның сеніміне кіріп, алдымен ақшасын алып, кейін ұшты-күйлі жоғалып кеткен.

"Қазір интернеттің заманы ғой, қызым тамыз айында тұрмыс құратын болғандықтан, Instagram-нан жиһаз дүкенін тауып, соған хабарласқан едік. Олар көп ұзамай, үйге келіп, барлық өтінішімізді тыңдап, төсек-орынның қандай болатынын, бағасы қанша шығатынын бәрін айтып, келіскен едік. Сонымен не керек, біз әлгі екі әйелге сеніп, жиһаз дайын болмай жатып, барлық қаражатты қолына ұстата салдық. Содан не керек, шеберлер бастапқыда ананы-мынаны сылтауратып, жиһаз дайындауды кейінге шегерумен болды. Кейін тіпті телефон тұтқасын алмауды шығарды. Сосын мүлде телефондарын өшіріп, интернеттегі парақшаларын өшіріп тастады", - деп түсіндірді зейнеткер.

Әйел адамның айтуынша, тапсырыс берген шеберлердің екеуі де Шымкенттің тумалары болған екен.

"Айтайын дегенім, біз осыған дейін де Астанадағы "Шанхай" базарында істейтін саудагерлердің кілең оңтүстік тумалары екенін, байқамасаң алдап соғатынын талай естіген едік. Білмеймін, қызым екеуміз қалай сеніп қалғанымызды, бірақ сол екі келіншек аузымызды аңқайтып, ақшаны алды да кетті. Не қолымызға қолхат қалдырмаппыз. Менің бар сенгенім желідегі парақшалары еді. Оны да жоғалтып жіберген. Полицияға арыз берейін десем, жолдасым мен балаларым қолқалап, райымнан қайтарды.

Енді оларды құдай кешірсін, садақа деп тәубеме келіп отырмын. Бүкіл Қазақстаннан ол екі алаяқты қайдан табасың? Жалпы шымкенттік саудагерлер мен интернеттегі түрлі дүкендерге сенбесеңіздер екен деймін. Олар өте қу келеді, ақша қолға түскенге дейін, сізден жақсы адам болмайды. Сосын, оны алған соң, осылай жоғалып кетеді екен. Қазір құдайға шүкір, қызымның жасауын түгелдей алдық. Бірақ далада жатқан ақша жоқ қой? Әсіресе осындай ірі дүниелерге тапсырыс бергенде абай болсаңыздар екен деймін", - деп әңгімесін аяқтады қала тұрғыны.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1740839-symkenttikter-kyzyna-zasau-zasatpak-bolgan-astanalyk-jeldi-takyrga-otyrgyzdy/

pixel