RU
7-20-25: Ипотекалық несиені кім, қалай және қандай бағамен ала алады?
Жаңалықтар Қоғам

7-20-25: Ипотекалық несиені кім, қалай және қандай бағамен ала алады?

Рассказать Вконтакте

Жуырда ғана іске қосылған "7-20-25" бағдарламасы бойынша жеті адам несие алып үлгерді. Алматыда брифинг өткізген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев "7-20-25" бағдарламасы бойынша кімдер және қалай ипотека ала алатынын айтып берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасаған NUR.KZ.

Ипотекалық бағдарлама

Фото: turkystan.kz

Жаңа ипотекалық бағдарламаға Қазақстанның кез келген қаласындағы тұрақты жұмысы немесе бизнесі бар адам қатыса алады. Бірақ, атына тіркелген баспанасы болмауы шарт. Сонымен бірге оның несие тарихында да кінәрат болмауы тиіс. Несие алушының баласы немесе әйелінің атындағы баспана ипотека алуға кедергі келтірмейді.

"Қарыз алуға өтініш берген адамның жеке басының мәліметтеріне ғана қараймыз. Өз атына тіркелген жылжымайтын мүлігі жоқ болса жеткілікті. Ал жақын туыстарының, балаларының, әйелінің немесе күйеуінің, ата-анасының атындағы баспана бағдарламаға қатысуға кедергі бола алмайды", - дейді ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.

Данияр Ақышев бағдарлама аясында бірнеше қалаларды мысалға ала отырып, ипотеканың орташа құнын есептеп берді.

"Мәселен, азамат Алматы қаласынан максималды 25 жылға 20 миллион теңгенің пәтерін алды делік. Бұл үйдің алғашқы 20 пайыз жарнасы — 5 млн теңге, ал ай сайынғы төлем 140 мың теңгеден сәл асады. Ақтөбені мысалға алайық. Бұл қалада 15 млн теңгеге екі бөлмелі пәтер аламын деген адам 3 млн теңге алғашқы жарна салып, ай сайын 85 мың теңге төлейді" — деп түсіндірді Ақышев.

Сонымен бірге азаматтар алған несиені мерзімінен бұрын өтеп тастауына болады.

Бағдарлама арқылы Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында тұратын азаматтар 25 млн теңгеден аспайтын, ал, қалған қалалардағы халық 15 млн теңгеден аспайтын баспана ала алады.

Данияр Ақышевтің айтуынша, бұл бағдарлама "мемлекеттің арқасында күн көруге" емес, азаматтарды жеңіл несиеге қол жеткізу мақсатында әзірленген.

Жаңа тұрғын үй бағдарламасының операторы ретінде жаңадан ұлттық компания құрылды. Ол Ұлттық банктің еншілес "Баспана" деп аталатын компаниясы. "Баспана" операторы "7-20-25" бағдарламасы арқылы ипотека беретін 7 банкпен келісімшартқа қол қойған.

Олар: Центркредит, Евразия банкі, АТФ банк, RBK, Халық банк, Цесна банк және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі. Енді аталған банктердің бөлімшелеріне барып, жаңа ипотекалық бағдарламаға құжат тапсыра берсеңіз болады. Жыл соңына дейін бұлардың қатарына Сбербанк пен Форте банк қосылады.

Ең басты жаңалық — бастапқыда бағдарлама арқылы тек жаңа үйлердегі пәтерлер ғана сатылады. Екінші деңгейлі пәтерлерді сатып алу бағыты кейін жүзеге асырылмақшы.

Үй құжатынан басқа, азаматтың кірісі туралы анықтама, басында басқа ипотека бойынша қарызы жоқ деген мәлімет және жазғанымыздай, баспанасы жоқ екендігін растайтын анықтама әкелу керек.

Еске салсақ, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл наурыз айында өткен парламент палаталарының отырысында ұсынған "7-20-25" жаңа тұрғын үй бағдарламасы шілде айынан бастап іске қосылды.

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
7
5
1
1
3
2
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel