Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шабдалы" көркем фильмі көрерменге жол тартты (фото)

Опубликовано:

Астананың жиырма жылдығы қарсаңында, шілденің 1-7 аралығында XIV халықаралық “Евразия” кинофестивалі өтті. Осы жобада көрермен назарына ұсынылған "Шабдалы" фильмінің режиссері туындысы жайлы айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ.

Фильм "Шабдалы". Фото: NUR.KZ
Фильм "Шабдалы". Фото: NUR.KZ: UGC

“Шабдалы” фильмінің режиссері әрі сценарий авторы Жандос Құсайынов "Шабдалы" фильмі жайлы көпшіліктің осы уақытқа дейін естімеген себебін де түсіндіріп берді.

"Былтыр Facebook бетіне жырау ағамыз Алмас Алматовтың “Шабдалы” деген шағын әңгімесі шыққан болатын. Оны маған осы фильмнің идеясының авторы Мұхамеджан Тазабек ағамыз жіберді. “Жандос, мына әңгімені оқып көрші. Меніңше, жақсы бір фильмге сұранып тұрған секілді” деді. Оқыдым. Расында да тап-тұйнақтай, айтар ойы анық, тамаша шығарма екен. Оның үстіне, өмірде болған оқиға. Демек, ол сенімді. Ал сенімді дүние көрерменнің көкейінен дөп түсері сөзсіз.

Алдымен Алмас Алматов ағамызға жолығып, батасын алдық. Ол кісі “Шабдалының” желісінде фильм түсірілетінін естігенде қатты қуанды. Сөйтіп, мен сценарий жазуға отырдым. Бас-аяғы бір айдың көлемінде екі драфт жасап, аяқтап шықтым. Кастинг өтті. Басты рөлге бас сынаған актрисаларымыз көп болды. Бірақ соңғы таңдау Шолпан Елгезекова мен Айдана Қызылқұловаға түсті ғой.

Кейін бір ай дайындық жұмыстары жүрді. Әңгіме ауаны 2000 жылдар болғандықтан, сол кезеңге сай локация іздеу оңайға түскен жоқ. Дегенмен, сценарийге сай түсірілім алаңдарын тапқандай болып, фильмнің продакшнын бастап кеттік. Фильмнің бар оқиғасы осы. Алмас көкеміздің тамаша әңгімесі, Мұхамеджан ағамыздың байқампаздығы – ақыры сол шығарманың қалың көрермен назарына тұтас фильм боп шығуына себеп болды", - деп ағынан жарылды Жандос Құсайынов.

Фильм "Шабдалы". Фото: NUR.KZ
Фильм "Шабдалы". Фото: NUR.KZ: UGC

Фильмді көрермен жылы қабылдап, лебізін білдіргенімен, кинофестивальді ұйымдастырушылар тарапы жылышырай танытпаған.

"Біз негізгі конкурсқа қатысқан жоқпыз. Кешігіп қалдық. Жалпы, мен өз басым фестиваль жайлы бұл шара басталуға аз қалғанда естідім. Сөйтіп, негізгі конкурсқа талынып көріп едік, оған өтініш қабылдау мерзімі он бесінші мамырда тоқтаған екен. Бірақ ұйымдастырушылар фильмді көрген соң, мұны “Арнайы көрсетілімге” қабылдауға дайын екенін айтты. Бәйгеге түспесе түспесін, бастысы, халық үшін түсірілген дүние халықтың назарына ұсынылса болды деген пайымға тоқталдық. Бірақ біз үшін фестиваль аясында көрсетілген екі күн негізгі конкурстан кем болған жоқ.

Зал аузы мұрнына дейін толды. Ішке сыймаған ел есіктің көзінде тұрып көрді. Фильм үшін жүлдеге бергісіз жетістік деген осы деп ойлаймын. Фильмнің әу бастағы мақсаты – көрермен назары ғой", - деген режиссер алдағы уақытта туындыны Алматы, Шымкент, Қызылорда секілді үлкен қалалар көрсетуді жоспарлап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1741239-sabdaly-krkem-filmi-krermenge-zol-tartty-foto/

pixel