Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ШҚО-ға тойған барған шымкенттік ару Семейді жақтырмай қалды

Опубликовано:

ШҚО-да қонақ болған шымкенттік ару өзінің әсерімен бөлісіп, онда шымкенттіктердің жетіспейтіні туралы айтып берді деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Семей қаласы
Семей қаласы: UGC

Шымкенттік ару Аруна (автор: сұхбат берушінің өтінішімен есімі өзгертілді) еңбек демалысында Семей қаласындағы тойға қатысу үшін бірнеше күндік сапар жасаған. Шаһардың тыныс-тіршілігімен танысқан ару өз таңданыстарын жасырмай айтты.

"Негізі Семей - Қазақстанның көптеген өңірінен шалғайда орналасқан қала ғой. Семейге жолға жиналмас бұрын алдымен тұрақтайтын қонақүй іздедім. Әрине, ғаламтор арқылы.

Бағалары арзан болмағанымен ондағы жағдай көңілімнен шықпады. Сол себептен пәтер жалдадым. Семейде әуежай болғанымен, жағдай мәз емес екен.

Өзімнің қауіпсіздігімді ойлап пойызбен бардым. Қала өте шаң. Ғаламтор нашар істейді. Бара салып Кеңес үкіметіне келгендей әсерде болады екенсің.

Ғимараттары тоқсаныншы жылдары салынғандай әсерде қаласың. Қаладағы көпшілік ауыз толтырып айтарлық кинотеатрға бардым. Ондағы көрсетілімдер заман көшінен қалмағанымен, ғимарат тым ескі.

Құдды бір "Тақиялы періште" фильмінен көрген көне ғимараттардың бірі секілді. Яғни, кинотеатр емес, баяғының мәдениет үйі сияқты. Тіпті көрермен отыратын орындықтарға дейін ескі", - деді шымкенттік ару.

Семейде бірнеше күн қонақ болған ару қала түнгі уақытта тіршілік көзінен ажырап қалғандай кейіпке енетін әсер қалдырды дейді.

Семей қаласы
Семей қаласы: UGC

"Жұмыс күндері қала түнгі сағат он бірден соң тым-тырыс. Ал жұма, сенбі күндері дәмхана, мейрамханалардан орын табу қиын. Себебі қала жастарының басым көпшілігі сонда барады.

Ондай орындарда әлбетте ішімдік ішіледі. Бәлкім маған солай көрінген шығар, семейліктер шымкенттіктерге қарағанда алкоголь ішімдік тым көп ішеді екен. Енді қайтсін? Қалада басқа баратын жер жоқ.

Жалпы халқы қонақжай емес. Түнде жалғыз жүру өте қорқынышты. Жалғыз жүрсең, жігіттері ысқырып тиісіп, мазаңды алады", - деп сөзін жалғастырды Аруна.

Өмірінде тұңғыш рет Семей қаласына барған ару жергілікті халықтың қандай жан екенін қонақтарға алдымен таксишілері алдын ала ескертетінін жеткізді.

"Демалуға келген соң қаланың көрікті жерлерін көргім келді. Таксиге отырып, Ертіс өзенінің бойына бармақ болдым.

Таксиші: "Қарындас, мен сізді осында күтіп отырайын. Сіз абай болыңызшы" деп айтты. Үрейім күшейе түсті.

"Жағалауды аралап жүріп, біреу қасыма келіп, басымнан бір ұрып, өзенге лақтырып жіберсе не боламын?" деген оймен 15 минуттай серуендедім де таксиге қайта отырдым. Шынымды айтсам, онсыз да үрейленіп тұрған мені таксиші сөзі одан бетер қорқытып жіберді", - деді бойжеткен.
Семей қаласы
Семей қаласы: UGC

"Семей оң және сол жағалау болып екіге бөлінеді екен. Бірақ, өз басым аса бір айырмашылық таппадым. Ертіс жағалауында тек саябақтан өзге тынығатын жер жоқ.

Егер Шымкенттің қақ ортасында сондай өзен болғанда, туризмнің дамуына әсер ететін орындар онда көбейер еді деп іштей ойладым. Меніңше, Семейге шымкенттіктер жетіспейтін секілді.

Шымкентте кез келген жерден дәмхана, шашлык дегенді табасың. Ал мұнда ондай жоқ. Бар болған күннің өзінде қымбат мейрамханалар, оның өзі саусақпен санарлық.

Далада, таза ауада отырып тамақтанатын орындарды мүлдем таппайсың. Қаланың қақ ортасында сонау Кеңес үкіметін еске салатын екі, үш қабатты тұрғын үйлер көп.

Бұрындары ертегілерде "Жили-были" деп терезелері ашылатын ағаш үйлер бар ғой, міне, сондайларды жиі кездестіресің", - деп әңгімесін жалғаған Аруна семейліктердің өз жерлестері туралы ойын естіп, тіптен жағасын ұстағанын айтты.

"Семейліктер шымкенттіктерді "колхоз" деп ойлайды екен. Онда көбі орыс тілінде сөйлейді ғой, қазақшасының өзі бәлкім маған солай көрінді ме, кішкене дөрекілеу.

Тіпті таксиге отырып, әңгіме құра бастағанымда менің орысшама таксиші таң қалып қарады. "Сіз расымен де Шымкенттенсіз бе? Шымкенттіктер акцентпен сөйлеуші еді" деді.

Меніңше, менің жерлестерім Семейге көп бармайды. Оған таң қалудың себебі жоқ. Семей қаласының өзі Қазақстанның бір жерінде. Нағыз шымкенттіктердің қандай екенін ол жақтағылар білмейді екен", - деп среніш білдірді шымкенттік қыз.

Күнгей өңірден елдің шығысына қонақ болып барған бойжеткенді семейліктердің футболға деген ерекше ықыласы таң қалдырыпты.

"Футбол ол жақта кәдімгідей отбасылық мереке екен. Бала-шағасымен барады. Кейбір әйелдердің өздері футболды түсінбесе де келіп отыр балаларымен. Көріп, кәдімгідей таң қалдым. Баратын жерлері көп болмағандықтан шығар деп ойлаймын өз басым", - деп сөзін түйді бойжеткен.

ЕСКЕРТУ! Мақаланы көшіріп басуға ҚР заңнамасымен тыйым салынған!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1741406-sko-ga-tojgan-bargan-symkenttik-aru-semejdi-zaktyrmaj-kaldy/

pixel