Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында ауыл әкімінен таяқ жеген журналист ауруханаға түсті (фото)

Опубликовано:

Төле би ауданының тұрғыны, журналист, «Аймақ тынысы» газетінің редакторы Ләззат Асанова Төле би ауданындағы Киелітас ауылының әкімі Полат Төребековтен таяқ жеп қалды деп zamana.kz-ке сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

Сурет: zamana.kz
Сурет: zamana.kz: UGC

Ләззаттың айтуынша, үшінші шілде күні Төле би ауданына Түркістан облысының әкімі келіп, ауданға тағайындалған жаңа әкімді таныстырмақ болған. Осыған орай, ол журналист ретінде жиынға қатысу үшін барыпты. Ол жерге Алатау ауылдық округінің бір топ азаматтары ауылдағы жайылымдық жерге қатысты заңсыз әрекеттерді айту үшін арнайы келген екен. Әкімдіктегілер оларды екінші қабатта алып қалған. Ішіне қайтып кіріп барған Ләззат қызметкерлердің бір топ ауыл азаматтарын қоршап тұрғанын көріп қалыпты.

"Мен бұл жерге БАҚ өкілі ретінде, осы елдің азаматы ретінде келіп тұрмын. Бұл кісілердің өз ойын айтуға құқы бар емес пе? Бұларыңыз не?", – деп едім, әлгі Киелітас ауылының әкімі маған балағат сөздер айтты. Сосын телефонымды алып, болып жатқан жағдайды "Фейс­бук" арқылы тікелей эфирмен таратпақ болып едім, Полат Төребеков телефонымды күшпен тартып алды. Онысы аздай шынтағымен кеудемнен ұрып құлатты. Еденге кафель төселген екен, басымнан соққы алдым. Телефонымды сол күйі берген жоқ", - деді Дәззат.

Шығып бара жатқанда баспалдақта облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлын кездестіріп қалған журналист оған барлық мән-жайды айтып берген. Шенеунік тыңдап болып, Алатау ауылдық округінің адамдарын қабылдап, қарамағындағыларға тапсырма берген.

"Қазір мен ауруханадамын. Қан қысымы бар, "гематома" деген диагноз қойды. Басымды таңып тастаған. Қан ұйып қалыпты, "шприцпен" қан алып, әбігерге түсіп қалдым. Кеше ет қызуы­мен білінбеген екен, қазір кеуде тұсым, жамбасым, сол жақ құлағым ауырып, жанымды көзіме көрсетіп жатыр. Еш алаңсыз бол­ғасын ба, мұрттай ұшып түстім. Сол жерде тұрғандардың ешбірі әйелге қол жұмсағаның не деп араша түспеді. Есесіне әлгі әкімсымақ: "Мен кезінде боксшы болғанмын", – деп мақтанып тұр", - деді журналист.

Телефонын ауруханаға алып келген әкім Ләззаттан тіпті кешірім де сұрамапты.

"Қолында жаңа телефон бар. "Мынау – сенің телефоның. Ашуыңды бас, арызыңды қайтып ал, бұдан былай бірге жұмыс істейміз", – деп келіпті. "Кешір, ашумен болды, ұяттымын" деп айтатын шығар деп едім. Ондай нәрсе айтылмады. Ендеше, мен оны не үшін кешіруім керек?", – дейді Ләззат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1741417-trkistan-oblysynda-auyl-kiminen-taak-zegen-zurnalist-auruhanaga-tsti-foto/

pixel