Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде бірнеше еркектен талақ алған келіншек жыныстық ауру жұқтырған

Опубликовано:

Ақтөбеде алты жыл бойы қара ниқаб жамылып, адасқан ағым жетегінде арбалған келіншек NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат берді. Төрт рет неке қидырған келіншектің бірнеше баласы бар. Жыныстық ауру жұқтырған келіншек ашық өкпе ауруына шалдыққан адаммен де неке қиған деп хабарлайды NUR.KZ.

Фото: МариМедиа
Фото: МариМедиа: UGC

Бірінші неке: "Күйеуімнің Сирияда қару асынған фотосын алдым"

"Мен мектепте оқып жүрген 17 жасымнан дінді тани бастадым. Дос болып жүрген жігітке тұрмысқа шықтым. Ол әкесіз өскен біреудің жалғыз баласы. Біздің шаңырақ құрғанымызға оның анасы қарсы болды. Балалы болғаннан кейін бөлек шығып кетіп, алты жыл бірге тұрдық. Соңғы екі жылында жолдасым қатты өзгеріп кетті. Бір күні жол жүретімізді, басқа мемлекеттерде қыдыратынымызды айтты. Бірақ дайындалып жүргенде бір түнде өзі кетіп қалды", - дейді Айжан (ред.кейіпкердің есімі өзгертілген).

"Сирияға кеткеннен кейін бір ай мүлде хабар болған жоқ. Бір айдан кейін Whatsapp желісіне шықты. Автомат ұстап түскен фото салып жіберген. Басында мына жақта күшті деп қуанып жүрді. Бір айдан кейін онда тозақ басталды. Мен де барам деп жүргенмін. Ол мұнда келуші болма, мұсылмандар бірін -бірі өлтіріп, бауыздап жатыр" деді. Кеткені үшін қатты өкінді. Қазір жастардың көбі секталарға кіріп кетіп жатыр. Оған олардың ата-аналары да кінәлі. Олар жұптарың жазылмасын деп қолдау жасаса олай болмас еді. Бір күні ол кісі бүгін біздің топ соғысқа шығады деп жазды. Егер мен еш байланысқа шықпасам өлгенім деді. Ол кісі содан кейін байланысқа шыққан жоқ", - дейді келіншек.

Адасудың шыңы: Мен "муджахидтің" әйелімін!

"Күйеуім Сирияда өлгеннен кейін "сестра" мен "браттар" мені муджахидтің әйелі деп төбелеріне көтеріп құрметтейтін болды. Сол нәрсені мен қызық көрген сияқтымын. Әп сәтте жан-жағыңда достар қаптап кетті. Саған үнемі, тамағыңды әкеліп береді, ақша береді. Менің кеудемді мақтаныш кернеді. Ақша да бәрі саған келіп жатыр. Сен тек үйде жатасың. Бірақ бұл құрмет ұзаққа созылған жоқ. Бір жылға жетер жетпес уақытта бәрі бітті", - дейді ол.

Екінші неке: Бір айдан кейін талақ

"Бір жылдан кейін маған "браттардың" бірі неке ұсынды. Оны әке-шешемнің алдына барып қидырттым. Ол кісі суайттанып, ата-анамды алдап мені алды. Алып кеткен жалдамалы пәтеріне бір айдан кейін талақ айтып мені тастап кетті. Балаларыма көмектесуін сұрағанымда «мен балаларыңды емес, сені алдым» деп мүлде балаларға көмек көрсетпеді. Соңында аяғым ауыр болғанына қарамастан өз баласын тастап кетті. "Бала ше, бала" деп шырылдағанымда маған керек емес, басымды қатырма тұрмаймын деді. Ол кісі менен кейін әлі де жас қыздарды алып жүр. Бұл некеден жыныстық ауру жұқтырдым. Дәрігер жезөкшеден жұғатын ауру екенін айтты. Күйеуіме айтқанымда ол мені ауру, маған жұқтырды деген әңгіме таратып жіберді. Сол кезде анам 80 мың теңге ақша беріп емделіп алды", - дейді Айжан.

Үшінші неке: бар болғаны 1,5 ай

"Одан кейін тағы бір адам келді. "Сен Алладан қорқуың керек, кәпір болып кетесің" деп неке ұсынды. Талақтан кейінгі уақыттың бітуін күт деп көмектесіп жүрді. Үш ай мерзім өткеннен кейін тағы неке қидым. Себебі балалармен маған қиын болды. Маған талақ айтқан жігітті бұл адам танитынын айтып, оны жамандады. "Ол дінді дұрыс ұстанбайды, мен әйелді ондай кіріптар қылмаймын, мәпелеймін" деп қызыл сөзбен алдады. Менің тағы да үмітім оянды. Ол кісіні жақсы адам деп ойладым. Оның жасы үлкен болғандықтан сендім. 1,5 айдан кейін ол да тастап кетті. Ол адам өкпе ауруының ашық түріне шалдыққан болып шықты. Жөтелетін болдым, тағы да анам ақша беріп емдетті", -дейді келіншек.

Төртінші неке: "Тоқал бол" деп бірінші әйелі жылап келді

"Бұл некеде маған бірінші әйелі шықты. Менің күйеуіме тұрмысқа шықшы, мен бала туа алмаймын екінші әйел болшы деп жылап қайта-қайта хабарласты. Соңында өзі алып берген әйелі артынан айқай шығарып өзі ажыратып алды. Олар тек өз орталарына мақтанғылары келді. Жамағаттың алдына күйеуіме екінші әйел алып бердім деп мақтанып болғаннан кейін талақ бергізді. Күйеуіме қалағанымды жасатамын деп көрсетті", - дейді келіншек.

Келіншек соңғы үш адамға тек тоқалдыққа шыққан.

"Олардың арасында өкпе ауруының ашық түріне шалдыққандар бар. Олар емделмей жүре береді. Олар некелескен әйелдеріне аурулары туралы айтпайды. "Аллаға тәуекел" деп үйлене салады. Мен осының бәрінен теологтардың арқасында құтылдым. Дін істер басқармасының басшысы ағалық қолдау білдірді. Олар "сен адасқансың" деп мені итермеді. "Қарындасым, болашағың алда" деп күш берді", - дейді Айжан.

Облыстық дін істер басқармасының мамандары көп балалы келіншектің тағдырымен таныс. Дәстүрлі дінге өткен Айжан мешітке барып, теологтардан кеңес алып жүр.

"Әлеуметтік оңалту жұмыстары кезінде бұл қыз баламен таныстық. Құжаттарының толық болмауына байланысты балаларына атаулы әлеуметтік көмек ала алмай жүр екен. құжаттарын жинауға жәрдемдестік. Осыдай кейін басқа мәселелерін айтып келетін болды. Білікті әйел теологтармен кездестірдік. Кәсіп ашқысы келеді екен. Бұл келіншекке қолдау білдіріп, мемлекетіміздің үлгілі отбасына айналып кетеді деп сенім білдіргіміз келеді", - дейді облыстық дін істер басқармасының басшысы Жолдас Нұрланұлы.

Кейіпкеріміз өзінің неше баласы бар екенін жасырын қалдыруды сұрады.

ЕСКЕРТУ! МАҚАЛАНЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!!! ҚР Заңнамасымен тыйым салынады!!!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1743443-aktbede-birnese-erkekten-talak-algan-kelinsek-zynystyk-auru-zktyrgan/

pixel