Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

24 шәкірті әлем чемпионы атанған әйгілі ауыл бапкері туралы не білеміз? (фото)

Опубликовано:

Түркістан облысында тұратын Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Азияның абсолютті чемпионы Арман Қарсыбаев еліміздегі қол күресі спортының негізін қалаушылардың бірі ретінде танымал. Өз саласында айтарлықтай жетістікке жеткен бапкердің 24 шәкірті дүниежүзінің чемпионы атанып, жетеуі әлем чемпиондығын екі дүркін жеңіп алған деп хабарлайды ҚазАқпарат-қа сілтеме жасаған NUR.KZ.

Шардаралық спортшы
Фото: QazaqAdebieti: UGC

Арман Қарсыбаев құрған «Шардара» спорт клубы қазіргі таңда еліміздегі қол күресінен әлемді мойындатып жүрген командалардың бірі. Клуб мүшелері Азия кубогы жарыстарында 50, Қазақстан чемпионаттарында 262 алтын медаль иемденген. Бұдан бөлек, 32 шәкірті әлем чемпионатының жүлдесіне иеленсе, 26 спортшы Әлем кубогының жеңімпазы атанған.

«2000 жылдары, яғни 23 жасымда Алматыдағы оқуымды тәмамдап, туған жерге оралдым. Дайын тұрған жұмыс жоқ. Содан қарап жүрмей шәкіттер тәрбиелейін деп шештім. Спорт залдарын жалға ала салуға қаржы тапшы. Болмаған соң үйімнің мал қорасын тазалап, ретке келтірдім.

Жан-жақтан кәдеге жарайды-ау деген темір-терсекті жинап, қол күрес тобын құрдым. Көшеміздегі балалардың басын құрап, спорттың осы түріне баули бастадым. Олар да қуана келісті. Өйткені мен ол кезде Қазақстанның білдей бір чемпионы болатынмын. Бастапқыда жаттығуға керек заттарымызды таба алмай қиналдық.

Шардаралық спортшы
Фото: qazaquni.kz: UGC

Штангалардың орнына жылу батареяларын қолданған кездеріміз де болды. Қала берсе еденге киіз төсеп, соның үстінде жаттығып жүрдік. Бірте-бірте қатарымыз көбейді»,- дейді бапкер.

Арманның айтуынша, шағын ғана жаттығу алаңы уақыт өте келе бір жүйеге түсіп, түрлі жарыстарға шақырту ала бастаған. Дегенмен, ауыл жаттықтырушысында ірі жарыстарға шәкірттерін жіберуге қаражаты болмапты.

2003 жылы шәкірттерінің бірі Сейфолла Нұрхалықов Германиядағы кәсіпқойлар арасындағы әлем кубогына шақырту алады. Алайда жарысқа бару үшін қыруар ақша қажет болған. Дегенмен, оның 82 шәкірті жұмыла кірісіп, 11 күн бой мақта теріп, ақша тауыпты.

Шардаралық спортшы
Фото: qazaquni.kz: UGC

"Мақтадан түскен ақшаға Сейфолланы Германияға жеткіздік. Сейфолламыз да бізді жерге қаратпады. Сол жарыстан жеңіспен оралды. Өзім де 2004 жылы 27 жасымда ең ауыр салмақта Азия кубогының жеңімпазы атандым. Сол жылы Азия чемпионатының абсолютті жеңімпазы болдым. Ал 2005 жылы Токиода өткен әлем чемпионатында қола медальді місе тұттым. «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына қол жеткіздім»,- дейді Арман Қарсыбаев.

2007 жылы шәкірттерінің бірі Жазира Ақбаева әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Ержан Әбілда, Талғатбек Рүстембек, Шынболат Райханов, Қыдырғали Оңғарбаев, Мағжан Шәмиев, Жазира Ақбаева, Ердәулет Нұрмахандар екі рет әлем чемпиондары атанған. Азия чемпионаттарында шардаралықтар 157 алтын медальға ие болса, 128 спортшы құрылық біріншілігінің күміс, қола жүлделеріне қол жеткізген.

Бүгінде "Шардара" клубының 1 спортшысы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері», 57-сі халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 95 спортшы спорт шебері, екеуі «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» дәрежесіне ие болған.

Қазіргі таңда клубта 600-дей спортшы жаттығады.

Клубтың жеңістері де күннен күнге көбейіп келеді, дейді бапкер. 2015 жылы - Нұрдәулет Айдархан, Талғатбек Рүстембек, Шынболат Райханов, Ержан Әбілда Әлем чемпионатында топ жарды. Ал 2016 жылы - Нұрдәулет Айдархан, Шынболат Райханов, Қыдыр Өсербай, Ердәулет Нұрмахан, Ержан Әбілда,Талғат Ақтаев әлемдік жарыста жеңімпаз атанды.

2017 жылы - Нұрдәулет Айдархан, Қыдыр Өсербай, Талғатбек Рүстембек, Талғат Ақтаев, Нұрдәулет Қадыр, Ердәулет Сарыбай, Нұрхан Қадыр, Қайырхан Шәмиевтер дәл осы көрсеткіштерді қайталаған.

Спортшылардың арасынан Нұрдәулет Айдархан дүниежүзілік чемпионатта үш рет жеке-дара шығып, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атанды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1744740-24-skirti-lem-cempiony-atangan-jgili-auyl-bapkeri-turaly-ne-bilemiz-foto/

pixel