Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кіндік шеше дегеніміз кім?

Опубликовано:

Ұлттық дәстүрге, салт-жоралғыға бай қазақ халқы ықылым заманнан бері кіндікті киелі санаған. Дүниеге жаңа келген сәбидің кіндігін кесуді өз алдына дәстүрге айналдырудың астарында да ұлттың ұлағаты жатса керек. Қазір біз сәбиді перзентханадан алып шыққан адамды "кіндік шеше" деп жүрміз. Асылында, кіндік шешенің міндеті сәбиді көтеріп шығумен шектелетін бе еді? Жалпы, "кіндік шеше" дегеніміз кім? Бұл сауалдарға Атырау ақпарат басылым жауап іздеп көрді деп жазады NUR.KZ.

Көрнекі фото: Elana.kz
Көрнекі фото: Elana.kz: UGC

КСРО-ның Білім беру ісінің үздігі Злила Шопанованың сөзінше, кезінде үлкендер кімнің кіндік шеше болатынына ерекше маңыз беріп және оның мәртебесін қашан да арттырып отырған екен. Ал әдетте кіндік шеше деп нәресте шыр етіп дүниеге келгеннен кейін оның кіндігін кесетін әйелді айтады.

"Десе де, кіндік шеше ерекше жағдайда таңдалады. Ең алдымен, ол сыйлы, текті жерден шыққан, ұрпақ тәрбиелеп, отбасының ұйытқысына айналып отырған адам болуы керек. Және кіндік шеше сәби дүниеге келместен бұрын таңдалады. Неге? Себебі, оның атқаратын миссиясы бар. Кіндік шешеге, алдымен, жүкті болған әйелді күту міндеттеледі. Екіншіден, айы, күні жетіп, толғақ қысқан кезде кіндік шеше үй-жайды дайындайды. Жүкті әйелді толғақ үстінде "кіндік шеше" демеп тұрады. Сәби өмірге келген кезде оның кіндігін кеседі", – дейді Злила Шопанова.

Кіндік шеше кейін сәбидің тәрбиесіне, оның өмірінде болатын барлық маңызды оқиғаларға қатысады.

Атырау облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Альмира Талапқызы нәрестенің шынайы кіндік анасы атануға кім-кімнің де мүмкіндігі барын айтып отыр.

"Қазіргі медицина жүкті әйелге босану залына серіктес алып кіруге жол ашты. Әрине, сәбидің өмірге келуі табиғи, биологиялық, физиологиялық тұрғыдан алғанда да оңай процесс емес. Десе де, нәресте жарық дүние есігін ашқан уақытта жүкті әйелге серіктес болған адам кіндік кесуге ниет білдірсе, оған рұқсат етіледі. Бірақ, босанған әйелдің туыстары тарапынан мұндай сұраныс бүгінге дейін болған жоқ. Медицина жағдайында сәбидің кіндігін акушер немесе дәрігер кеседі. Ал, перзентхана қабырғасында түскен кіндікті және баланың жолдасын арнайы орынға тапсырамыз. Себебі, бұл – биологиялық материал", – дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1744745-kindik-sese-degenimiz-kim/

pixel