Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астанада жолақыны 180 теңгеге көтеріп жіберген билікке халық ашынды

Опубликовано:

Астанада жолақысы 180 теңгеге қымбаттағалы бері, қала тұрғындары да әбден әбігерге түсті. Олардың дені "қоғамдық көлікте жол жүру ақысы шарықтап, қалтамыз жұқаратын болды" десе, енді бірі "карточкамен жолақы төлеудің ыңғайсыз" екенін айтты. Елордадағы жолақы "жырын" NUR.KZ тілшісі тыңдап қайтты.

Астанада өткен аптадан бері, жолақысы 180 теңгеге қымбаттап, елордалықтарды "таң қалдырды". Айта кетерлігі, қала билігі жолақыны қолма-қол ақшамен төлейтіндерге бағаны дәл осылай шарықтатып жіберген еді. Аталмыш "жаңа жүйе" елордалықтарды да біраз "әуреге" түсіріп үлгеріпті.

"Жолақы қымбаттайды дегенді алдында естіген едік. Бірақ, қаланың бірде-бір жерінде немесе автобустардың өзінде жолақы қаншаға қымбаттайды, карточкамен төлейтін болсақ, оны қай жерден сатып аламыз деген мәліметтерді, шыны керек, көрмедік. Әкімдіктегілер жолақыны ақшамен төлейтін болса – 180 теңге, ал карточкамен төлесе сол бұрынғы 90 теңге қалады деген құжат бекітіпті. Хош, солай-ақ болсын делік, бірақ әлгі картчоканы толықтыру мен онымен жүру ережелерін жөндеп алса болатын еді. Алдында мынадай жағдайға тап болдым. Карточканы сатып алып, сауда орындарындағы терминалдардың бірінен оған ақша салып, толықтырдым. Бірақ салғаным не керек, күнімен алған карточкама ақшам түспей, есім шықты. Кондуктордан сұрасам, "қазір бәрі толтырып жатыр, жүйе жөнді істемей жатыр" дейді. Сондай жауап бола ма? Әйтеуір, абырой болғанда, карточкамды толтырдым деген чекті лақтырмаппын. Соны кондукторға көрсетіп, ол контролерге көрсетіп, үйіме әрең дегенде жеттім. Содан мына ыстықта, бұлай шулап-шырқырап автобуспен үйге жеткенше, таксимен жеткеннің өзі артық па деген ойда қалдым", - дейді ашынған қала тұрғыны.

Сонымен бірге елордалықтардың дені, "карточкамен жолақы төлеудің ыңғайсыз" екенін алға тартты.

"Шетелге еліктеп, аталмыш жүйені енгізген шығар. Біраз біздің қоғам оған әлі дайын емес. Өткенде жұмыстан қайтқан уақытта жолақы төлейміз деп автобустың есігінің тұсында кептелдік де қалдық. Адамдар бір-біріне жол беруді, не біреудің картчокасын өткізіп жіберуді дегенді де білмейді. Содан әйелдер бір-бірімен сөзге келіп, әрең дегенде сабырға шақырдық. Ал, олай төлемеске амал жоқ? Қарапайым халықтың қалтасы қалың дейсіз бе? Ақшамен 180 теңгелік жолақыны кім бере алады деп ойлайсыз? Сол бұрынғыдай, амалсыздан көнесің", - дейді қала тұрғындарының бірі.

Айта кетерлігі, Астанада жол жүру ақысы электронды картамен төлем жасағанда бұрынғыша өзгеріссіз қалады, ал қолма-қол төлем 180 теңге болады

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1744785-astanada-zolakyny-180-tegege-kterip-zibergen-bilikke-halyk-asyndy/

pixel