RU
Алматыда талай бизнесменді тақырға отырғызған танымал азамат сот алдына келді
Жаңалықтар Қоғам

Алматыда талай бизнесменді тақырға отырғызған танымал азамат сот алдына келді

Рассказать Вконтакте

Алматыда талай кәсіпкердің миллиондарын алаяқтық жолмен жымқырды деп айыпталған Талғат Ақуовқа қатысты сот басталды деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Кадры КТК арнасынан алынды

Кадры КТК арнасынан алынды
Source: UGC

31 шілдедегі сот отырысына "Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығы" президенті болған тұста одан зардап шектік деген бизнесмендер түгел келді. Олар өз қаржыларын қайтарып алуға үмітті.

"2013 жылдан бері ақшамды ала алмай жүрмін. Осы тұрған кісілердің арасында он жыл ақшаларын талап етіп жүргендер бар. Ол бізге екі миллиардтай қарыз. Одан да көп не аз болуы мүмкін. Сол ақшамызды қайтарып берсін деп үміттенеміз әлі де. Міне қараңыздаршы мынандай кісі бізді алдап, миллиондаған ақшамызды бермей кетеді деп кім ойлайды", - дейді жәбірленуші Айжан Сатылғанова.

Телеарнаның мәліметінше, Талғат Ақуовқа алданған Айжан сынды 48 кәсіпкер бар.

Арбауға түскен кәсіпкерлер сот залына лық толды. Барлығының тілек-талабы миллиондарды қалтасына басқан Ақуовтан ақшаларын өндіріп алу.

Айта кетейік, олардың көбісі күдікті жетекшілік еткен тәуелсіз кәсіпкерлер одағына мүше болған.

Сотта күдіктінің қыздары Алима мен Жазира қорғаушы ретінде сотқа қатысу үшін судьяға өтініш білдіріпті. Сондай-ақ, Ақуовтың адвокаты айыпталушы кінәсін мойындамайтынын ашық айтты. Осылайша, екі сағатқа созылған сот отырысы қос тараптың өтініштерін қараумен өтті.

Еске салсақ, Ақуов кәсіпкерлерден "супер бизнесіне" миллиондаған ақша алып, оны еселеп қайтармаққа уәде еткен. Нәтижесінде оған имандай сенгендер жер сипап қалады. Былтыр күзде солардың арызынан кейін, алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, оған іздеу жарияланған еді.

Содан осы жылдың наурызында қашып жүрген Ақуов Қарағандыда ұсталды. Қазір ол Алматының тергеу абақтысында қамауда отыр.

Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
2
2
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel