RU
Түркістан облысында ауылдың қақ ортасынан жүк сөмкесіне салынған нәресте табылды
Жаңалықтар Қоғам

Түркістан облысында ауылдың қақ ортасынан жүк сөмкесіне салынған нәресте табылды

Рассказать Вконтакте

Түркістан облысында тастанды нәресте табылды. Дүниеге келгеніне үш күн болған шақалақты әлдекім ауылдың қақ ортасына орамалға орап, жүк сөмкесіне салып тастап кеткен, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Көрнекі фото: riafan.ru

Көрнекі фото: riafan.ru

Оқиға Қазығұрт ауданы, Қақпақ елдімекенінде орын алған. Жүк сөмкесіне салынған нәрестені әлдекімдер ауылдың қақ ортасында тастап кеткен. Сәби салынған сөмкені таңғы сағат бес жарымдар шамасында ауылдың таксистері байқаған. Бірақ, оның ішінде нәресте бар деген күдік ойларына да кіріп шықпапты.

Ауыл арасында қатынайтын ГАЗель жолаушыларының бірінің сөмкесі екен деп ойлағанға ұқсайды. Арада төрт сағат өткен соң жергілікті тұрғын Әсия Омаров қараусыз қалған сөмкені біреулер ұмытып қалдырып кеткен болу керек, ішінде бұзылатын ас-ауқат болса, ашып кетер деп сөмкені көлеңке тұсқа қоюды ойлайды. Осы сәтте сөмкені ашып қараған ол ішінде қып-қызыл шақалақ жатқанын байқадым деп отыр.

Кадр журналистер түсірген видеодан алынды

Кадр журналистер түсірген видеодан алынды

"Қып-қызыл боп кеткен. Шыны керек, алғашында өліп қалды екен деп қатты қорықтық. Кейін қатты жылады. Дереу жедел жәрдем қызметінде істейтін көршіміз бар, соны шақырдық. Кейін дәрігерлер мен полицияға хабар бердік... Кім де болса, нәрестесінің өмір сүруін қалаған адам тастап кеткен деп отырмыз. Себебі өлтіргісі келсе, олай жағдайын жасап тастап кетпес еді. Сөмкенің асты қатты тимесін деп көрпеше де салып қойған. Емізіп кеткен, баланың аузы жағал-жағал болып тұрды",-деді нәрестені тауып алған тұрғын Әсия Омарова.

Жаңа туған нәресте аудандық перзентханаға жеткізілген. Салмағы 3 келі 175 грамм болып дүние есігін ашқан сәбиге дәрігерлер уақытша есім де беріпті. Қазіргі таңда шақалақтың жағдайы бірқалыпты.

Кадр журналистер түсірген видеодан алынды

Кадр журналистер түсірген видеодан алынды

"Сәбиді әкеле сала оны тексеріп, шомылдырып, киіндірдік. Уақытылы тамағын беріп жатырмыз. Нәресте үй жағдайында туылғаны белгілі болды. Себебі кіндігі жіппен байланған. Кіндігі қарайып, түсу сатысында. Сол себептен оның туғанына үш күн болған деп отырмыз. Сәбиге "Айым" деген уақытша есім бердік. Бөбектер үйіне барған соң құжаттары реттеліп, есімі беріліп жатыр. Оған дейін анасы табылып қалар деп үміттеніп жатырмыз", - деді аудандық перзентхананың бөлім меңгерушісі Айболған Мүсірәлиева.

Бүкіл ауылды тік тұрғызған оқиғаға қатысты полицейлер сәбидің анасын іздестіру шараларына білек сыбана кірісіп кеткен.

"Аталған жайт Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің бірыңғай тергеп-тексеру тізіміне тіркелді. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің "Қауіпті жерде қалдыру" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция қызметкерлерімен кішкентай нәрестенің анасы іздестіріліп жатыр",-деді Түркістан облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
4
7
3
4
0
3
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel