RU
105 жастағы алматылық әжей ұзақ жасаудың құпиясымен бөлісті (фото)
Жаңалықтар Қоғам

105 жастағы алматылық әжей ұзақ жасаудың құпиясымен бөлісті (фото)

Рассказать Вконтакте

Еліміздегі ең егде қариялардың бірі 106 жасқа аяқ басты. Көргені көп парасатты ана 12 құрсақ көтерген. Қасиетті Құранды жетік білетін әжей өзін Едіге батырдың ұрпағы санайды. Кейуана ұзақ өмір сүрудің сырымен бөлісті деп хабарлайды "Алматы" телеарнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.

105 жастағы алматылық кейуана ұзақ жасаудың құпиясымен бөлісті (фото)

Кадр "Алматы" телеарнасынан алынды

Әсембала әженің жасы 105-ке келсе де, әлі де бақуатты. 12 құрсақ көтеріп, алтауын жарық дүниеге әкелген. Көргені көп кісі жоқшылықтан бөлек, 50 жасында жолдасынан айырылып, жалғыз өзі перзенттерін аяққа тұрғызған.

Ауыл молдасынан ұзақ жылдар бойы дәріс алып, Құран кәрімді жетік білетіні тағы бар. Ұзақ өмір сүрудің сыры жүректің тазалығында дейді. Көңілге кірбің түспесе, қарттық есігіңді қағып келмейтіндігін тілге тиек етті.

«Ешкімнің ала жібін аттамағанның арқасында, Құдай маған қуат беруде», - деп қысқа қайырды кейуана.

«Біз не көрмедік? Су да табылмайды жұтайық десек. Бірақ Алла алып қалды. Әке-шешем бар сонда. Едіге деген батырдың қызымын. 12 жыл ескі оқу оқыдым. Құранды оқыдым, бәрін оқыдым. Сөйтіп жеттік қой алтыным, Аллаху акбар деп алтыным», – деді 105 жастағы кейуана Әсембала Молдабеқызы.

Қазыналы қария бүгінде 6 баласынан 40-тан аса немере, 30 шақты шөбере, тіпті шөбшегі мен неменесін де сүйіп отыр. Үлкені бүгінде 85 жасқа аяқ басса, кенжесі алпыстың алқымына шыққан. Кейуананың жасы ғасырдан асқанымен, әлі де дастан-жырларды жатқа айтып, арасында өзі де өлең шығарады екен.

Кейуана ұзақ өмір сүрудің тағы бір сырын алдына қойылған кез келген ас-ауқатты жемеуде деп түсіндірді. Тағам мен шәйін тек ыстық күйінде ғана ішеді екен. Сәл суып қалса, тәбетінің болмай қалатындығы тағы бар.

«Тамақ жағын бұл кісі жақсылап таңдап ішеді. Анау-мынау бір нәрсені іше салмайды. Шайды да солай. Мен шай құйғанда газдың қасында тұрамын. Сүт те ыстық, шай да ыстық. Сонда соны құйып беріп, аузына апарғанша маған мына шайың суық деп ескерту жасайды. Содан кейін бұл кісі етті жақсы көреді, қазы-қартаны жақсы көреді. Бойындағы ерекше қасиеті – кісі жатырқамайды. Бар жақсылықты жасағысы келіп тұрады», – дейді кейуананың қызы Өнеркүл Молдабекова.

1913 жылы дүниеге келген Әсембала әже қазақ даласында болған барлық нәубетке куә. Сұрапыл соғыста да, қиын-қыстау кезеңнен жан бағып, аман қалған қария ақ патшаның дәуірі әлі де көз алдымда дейді.

Жұт жылында да қынадай қырылған қазақтың ішінен аман қалудың өзі Тәңірдің берген сыйы дейді. Кейуананың ендігі арманы – бейбіт елдің бақытты ұрпағы көз жасын төкпесе екен.

Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
0
9
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel