Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда пайызсыз несиені қалай алуға болады?

Опубликовано:

Бүгінде әлемнің бірқатар елдерінде «исламдық қаржыландыру» түсінігі кеңінен танылып келеді. Әсіресе, жаһандық экономикалық дағдарыс Еуропаның көптеген елдерін шарпып, экономиканың батыстық еуропалық үлгісі әлсірей бастаған тұста «исламдық қаржыландыру» жүйесі бұрынғыдан бетер күшейе түсетіні айдан анық. Осыған орай, мақаланың бүгінгі санын – Қазақстандағы исламдық қаржыландыру жүйесі мен оның даму болашағы тақырыбына арнамақпыз.

Фото ашық дереккөзден алынды
Фото ашық дереккөзден алынды: UGC

Исламдық қаржыландыру жүйесінің Қазақстандағы орны жайлы мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың өзі де талай мәрте мәлімдеген еді. Бұл ретте, Елбасы 10-дүниежүзілік ислам экономикалық форумы аясында, былай деген болатын: «Қазақстан 2009 жылдан бері исламдық қаржыландыру қағидаттарын заңнамалық тұрғыдан енгізу жөнінен ТМД мен Орталық Азияда көшбасшы саналады. Қазіргі уақытта Қазақстанда ислам банкингі, сақтандыру және лизинг саласында өз қызметтерін ұсынатын исламдық қаржы институттарының тұтас бір шоғыры жұмыс істейді».

Жалпы алғанда исламдық қаржы жүйесінің өзгелерден айырмашылығына тоқталып өтсек. Біріншіден, бұл жүйеде пайыздық мөлшерлемелерге шектеу қойылған. Екіншіден, исламдық банктердің барлығы дерлік тәуекелді бөлу қағидатын ұстанады. Үшіншіден, ойын-сауық бизнесі, шошқа етін, алкоголь өнімдерін шығару және т.б. қаржыландыруға тыйым салынады. Сонымен бірге ол, анықтылық қағидатына баса мән береді. Басқаша айтқанда, ортақ бір мәмілеге келместен бұрын, қос тараптың шарттарының нақты әрі айқын болуын көздейді.

Сол сияқты исламдық банктер де өзге банктер сынды тұтынушыларға қарыз ақша беру қағидатымен жұмыс жасайды. Мәселен қарапайым банктер қаражатты пайыздық үстемемен берсе, ислам банктері қарызды сату-сатып алу транзакциялары арқылы жүзеге асырады.

Жалпы аталмыш жүйе өткен ғасырдың 70-жылдары Парсы шығанағы елдерінде пайда болған екен. Ал 1975 жылы Дубайда тұңғыш коммерциялық ислам банкі ашылса, қазіргі таңда әлемнің 50 елінде 400-ден астам ислам банкі жұмыс жасайтын көрінеді.

Айта кетерлігі, Қазақстан ТМД бойынша исламдық қаржыландыру үлгісін алғаш құрушылардың қатарына еніп отыр. Тек 2007 жылдан бастап қана исламдық банктер Қазақстан нарығына белсенді түрде ене бастағанын ескерсек, небары бір жылдан соң елде исламдық банкинг қызметі туралы заң күшіне енген. Ал, 2010 жылдан бастап Қазақстанда Абу-дабилік «Al Hilal» ислам банкингінің бөлімшесі ашылған. Бүгінде банк Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс жасап тұр. Қазіргі таңда «Al Hilal» Банкінің активтері 70 млн долларды құрап отыр. Сол сияқты елімізде «Заман-Банк» ислам банкі қызмет атқаруда. Оның активтері бүгінде 50 млн доллардан асуда.

Елімізде исламдық қаржыландыру жүйесінің қалыптасуы мен дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Дәл осы жүйені енгізу арқылы Қазақстан индустриалдық аймақтарды дамыту мақсатында, сырттан көп көлемдегі инвестицияларды тарта алады. Сондай-ақ, дәстүрлі қаржыландыру көзіне тәуелділікті азайта алады. Бұған қоса, экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізе алады.

Бұл ретте, күні кеше ғана елордада өз жұмысын бастаған «Астана» халықаралық қаржы орталығын ерекше атап өткен жөн. Себебі, орталық жұмысындағы бес бағыттың бірі дәл осы – исламдық қаржы жүйесіне арналып отыр. Осы орайда орталық басшысы Қ. Келімбетов былай дейді:

"Астанадағы халықаралық қаржы орталығын дамытудағы маңызды бағыт исламдық қаржыландыру болмақ. Астана біздің өңірде исламдық қаржыландыру дамытудан көш басында болады деп санаймыз. Біз банк жүйесінің 10%-ы активі исламдық қаржыландыруға тиесілі болуы керек деп жоспарлап отырмыз және осыны өз алдымызға міндет етіп қойдық".

«Астана» халықаралық қаржы орталығының исламдық қаржы жүйесін енгізу жұмысына шетелдік сарапшылар да оң баға беріп отыр. Биылғы жылы «Astana Finance Days» халықаралық конференциясы шеңберінде өткен Астана ислам экономикасы форумында олардың бірқатары өз ойларын ортаға салған еді. Мәселен, Малайзияның орталық банкінде Шариғат консультативті кеңесі төрайымының қызметін атқарып жүрген Датук Мохд Дауд Бакар Астанада бұл сала бойынша бәсекелестер болмайтынын алға тартты.

«Бәсекенің болуы – қалыпты жағдай. Ол барлық жерде, қала берді, тіпті бүкіл әлемде де бар. Алайда біз өз күшімізді біріктіруіміз керек, себебі нарық орасан зор. Десе де, сіздердің аймақтарыңызда мұндай бәсеке болмайды деп ойлаймын. Себебі Қазақстан қаржы орталығын бәрінен бұрын ашып отыр. Мысалы, Малайзия мен Дубай кәсіпкерлері осында келіп, инвестиция құймақшы болды делік. Алайда олар істі неден және қалай бастайтынын білмейтін болып шықты. Мұндай инвесторларды енді әлгіндей сауалдар мазаламайтын болады. Себебі бұл мақсатта «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс жасап тұр. Болашақта біз осы елде исламдық қаржы тақырыбына арналған семинар немесе форум өткізуді көздеп отырмыз. Сонда сіздер Малайзия, Қытай, Австралия, Канада, Сингапур сияқты елдерден адамдарды тарта аласыздар»,-дейді сарапшы.

Ал, Ислам экономикасы және қаржы орталығының директоры Дарема Мехмет Асутай болса, исламдық қаржы – елге қосымша қаржы әкелетін, инновациялық дамудың бір бөлшегі дейді.

«Қазіргі таңда исламдық қаржы жүйесін Ұлыбритания, Люксембург сынды үлкен қаражат қоры бар елдерден қаржы тарту үшін қолданып келеді. Астана өңірдегі негізгі орталық болып табылады. Сондықтан сіздердің елдеріңіздің өңірлік исламдық қаржыландыру хабына айналу әрекеті – маңызды саяси шешім»,-дейді Дарема Мехмет Асутай.

Сол сияқты «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Исламдық қаржыландыру департаментінің директоры Әлібек Нұрбековтың аталмыш жүйеге қатысты өз айтары бар. «Елімізде қазір 2 исламдық лизингтік компания бар. Олар 2013 жылдан бастап Қазақстанда жұмыс жасап келе жатқан Kazakhstan Ijara Company және 2017 жылы дәстүрлі лизингтік компаниядан исламдыққа қайта құрылған Al Saqr Finance. Kazakhstan Ijara Company-дің негізгі акционерлері - Жеке секторды дамыту жөніндегі Ислам корпорациясы (ICD), «Al Hilal» Банк және «Заман-Банк». Жалпы исламдық қаржы құралдарын діни наным-сенімдеріне қарамастан кез-келген тұлға пайдалана алады. Қазіргі таңда, исламдық қаржы жүйесі мұсылман елдерінен бөлек, бірқатар Еуропа елдерінде дамып келеді. Мысалы, Ұлыбритания, Люксембург, Германия, Оңтүстік Африка және Гонконг сынды елдер мемлекеттік исламдық құнды қағаздар шығарып үлгерді».

Бұдан әлем нарығында исламдық қаржыландыру жүйесіне деген сұраныс күн санап артып келе жатқандығын көруге болады. Мәселен, тек Ұлыбританияның өзінде соңғы 7-8 жылда бес исламдық банкке лицензия берілген. Ал, жалпы, исламдық банктерінің басым көпшілігі Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия аймақтарында қызмет көрсетеді.

Айта кетерлігі, аталған жүйе арқылы қарапайым ел тұрғындары өз бизнесін пайызсыз несие көмегімен ашып, шариғат заңдарына сәйкес оны үстемесіз қайтару мүмкіндігіне ие болады. Айта кетейік, сарапшылар қазірдің өзінде исламдық қаржы нарығының әлемдегі үлесі 2,5 трлн доллардан асқанын атап өтуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1748513-kazakstanda-pajyzsyz-nesieni-kalaj-aluga-bolady/

pixel