RU
Өмірінде кредит алып көрмеген шымкенттік әжей өз құпиясымен бөлісті
Жаңалықтар Қоғам

Өмірінде кредит алып көрмеген шымкенттік әжей өз құпиясымен бөлісті

Рассказать Вконтакте

Бүгінде ел ішінен банкке қарызы жоқ адам табу қиын. Дегенмен ондайлар да жоқ емес екен. Бәйдібек ауданындағы Қазата ауылында тұратын Фариза Мақұлбекқызы өмірінде банк түгілі адам баласынан бір тиын да қарыз алып көрмегенін айтады деп жазады "Замана" басылымы.

Фариза Мақұлбекқызы. Фото: Замана

Фариза Мақұлбекқызы. Фото: Замана

Үш ұл, үш қызды дүниеге әкелген көпбалалы ана 64-ке келген.

"Мамандығым – мұғалім... Ата-енеміздің тірлігін жалғап, мал ұстадық, бақша ектік. Еңбек етуден жалықпадық.

Жұбайым да шаруаға әбден бейімделген жан. Екеуміз аз ұйықтап, көп жұмыс істедік. Тұрақты жұмысымыз да бар. Үйімізге айлық кіріп тұрды. Қажетімізді сатып алып, артылған ақшаны жинайтынбыз. Сөйтіп біраз қаржының басы құралған соң ірілі-ұсақты мал алып қоятынбыз.

Жастайымнан отбасымыздың кіріс-шығысын есептеуді ұнататынмын. Анамнан үйренгенім ғой. Ол кісі кіріс және шығыс есебін жүргізетін дәптер арнайтын...

Бірінен кейін бірі өсіп келе жатқан ұл-қыздарымның ертеңі жолдасым екеумізді қатты алаңдатты. Отағасы: «Қандай жағдай болса да ешкімнен қарыз алма. Қорадағы жылқыларды да сатушы болма», – дейтін. Кейін өзі төсек тартып, ауырып қалды. Сонда да мал жинауды, оларды күтіп, баптауды қадағалап отырды.

Міне, осылай есеп жүргізудің арқасында ұл-қыздарымыз жоғары білім алды, қызметке орналасты. Алты баланы оқытып, үйлі-жайлы еттік. Той бергенде несиеге жолаған жоқпыз.

Жылдар бойғы жиған төрт түлігіміз өз қызықшылығымызға жұмсалды. Ұлдарымды үйлендіріп, екі қызды ұзаттым. Келіндерімді де қолдан алдым. Мұның барлығына бірде-бір банкті ортақтастырып, кредитті араластырмадық. Олар бақытымызды еселемейді, қайта есті алады. Еселеп шығындандырады.

Бір басында бес-алты кредиті бар көрші-қолаң, туыстарды көріп жүрміз. Бір айлығын қайда жеткізерін білмей, қу басын тауға да, тасқа да соғып амалдары таусылуда. Тіпті кейбіреулері несие алмаса тұра алмайды. Бұл деген нағыз дерт қой.

Бүгінде жастар да жасы 24-ке толысымен кредитке «бірдеңе» алғысы келіп тұратыны бар. «Каспий голд» дей ме, несиелік карта дей ме, әйтеуір «Айфонды», «норка тонды», әдемі киімді және басқа да қажеттіліктерді қарызға алып, борышкер болып жүргені.

Дегенмен тапқан қаржысын қалай жұмсарын әркім өзі біледі ғой. Бірақ өмірдегі тәжірибеме сүйеніп, ешбір қазақ несиеге жоламаса екен деймін.

Тапқаныңды ұқсатып жаратқанға ештеңе жетпейді. Мал алып қойсаң, ет, ағарған болады, бақша ексең – көкөніс, жеміс-жидегің болады. Азығың үйден шығып тұрса береке емес пе?», - деп ойын түйді кейуана.

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
2
0
0
0
0
4
2
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel