RU
Қазақстан "Fintech" нарығын қалай игермек?
Жаңалықтар Пресс-релизы

Қазақстан "Fintech" нарығын қалай игермек?

Рассказать Вконтакте

Қазіргі таңда «қаржы технологиялары» түсінігімен күн сайын ұшырасатынымыз жалған емес. Әлем тілімен айтқанда «fintech» деп аталатын бұл жаңа жүйе – дәстүрлі қаржылық ұйымдарды біртіндеп нарықтан шығаруды көздейтін, осы салаға жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізуді мақсат ететін компаниялардан тұратын жүйе болып табылады. Мұндай озық технологияларға – қаржы қызметтерін жеңілдетуші ұйымдар мен технологиялық стартаптар жатқызылады. Сондықтан, мақаланың бүгінгі тақырыбын – Қазақстандағы «Fintech» нарығына арнауды жөн көрдік.

Көрнекі фото: Информатика

Көрнекі фото: Информатика

Қаржылық ақпараттық технологиялар бүгінгі күні қарқынды дамып келеді. Оған дәлел, қарапайым банк операцияларының өзін онлайн-режимде, яғни, банк бөлімшесіне бармай-ақ, үйде отырып жасау сияқты операциялардың күн санап көбеюінде болып отыр. Бұл ретте, басым бағыттарының бірін дәл осы «Fintech» нарығына арнаған – «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызы зор болып отыр. Себебі, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Цирфлы Қазақстан» бағдарламасы аясында

«Астана» халықаралық қаржы орталығына жаңа қаржы технологияларын дамыту жөніндегі жетекші орталыққа айналу туралы тапсырма берген еді. Бұл турасында Елбасы Н.Назарбаев былай дейді: «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушыларына Қазақстан ғана емес, сондай-ақ әлемнің қаржы капиталы қолжетімді болады. Мұнда посткеңестік елдердің ешқайсысында жоқ теңдессіз жағдайлар жасалған. Күні кеше ғана орталықтың заманауи жоғары технологиялы инфрақұрылымы бар Биржа өз жұмысын бастады. Оның қызметіне қазірдің өзінде Шанхай қор биржасы мен Nasdaq қатысып отыр».

Ал, Үкімет басшысы бақытжан Сағынтаев болса, «Astana Finance Days» халықаралық конференциясында орталықтың қаржы нарығын дамыту жөніндегі негізгі қызметтерді ұсынатын қаржылық хабқа айналатынын атап өткен еді. «Біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын қаржы технологиялары саласындағы келелі мәселелерді шешетін орталыққа айналдырмақпыз. Қазірдің өзінде біз Masterсard және Visa, Microsoft пен Tai Cloud Corp сынды компаниялармен ынтымақтастық орнаттық. «Астана» халықаралық қаржы орталығы 60-тан астам қаржылық институттардың басын қосатын R3 халықаралық консорциумының қатысушысы атанып отыр»,-деді үкімет басшысы.

Бүгінгі күні «Астана» халықаралық қаржы орталығы қаржы технологияларын дамыту аясында негізгі 3 міндетті анықтаған. Олар: криптовалюталар нарығын реттеу бойынша, қаржы технологиялары саласында жаңа технологияларды дамыту; тестілеу және қолдау үшін «реттеуші құм алаңын» құру және Қазақстанда қаржы технологиялары стартаптарын қолдауға жағдай жасау. Осыған сәйкес, «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржылық хабы – жаңа дәуірдің төлем жүйесі, онлайн несие беру, блокчейн және криптовалюта, қауіпсіздік пен биометрлік сәйкестендіру, робо-эдвайзинг, қаржылық қолжетімділікті арттыру және жасанды зерде секілді жеті технологиялық бағытты дамытуды көздеп отыр. Ал, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, «Астана» халықаралық қаржы ұйымының қатысушылары «реттеуші құм алаңының» — арнайы реттеу режимінің (Fintech Regulatory Sandbox) қатысушылары бола алады. Бұл – аталған сала компанияларына өз инновациялық өнімдері мен шешімдерін бақылаудан өткізуге мүмкіндік бермек. Ескеретін жайт, қазіргі таңда, аталған «алаңға» Тайланд, Гонконг, Қытай, Ұлыбритания, АҚШ, Бельгия, Ресей сынды елдердің түрлі компаниялары қызығушылық танытып отырған көрінеді.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Цифрлық технологиялар жөніндегі бөлім жетекшісі Әсел Жанасованың айтуынша, қаржылық технологиялар, ең алдымен, банк қызметтерін пайдалана алмайтын әрі ғаламторы жоқ ауылдар мен елдімекендер тұрғындарына мол мүмкіндік ашады екен. «Қазақстанда қаржылық технологиялар енді дамып келе жатыр. Біздің еліміз үлкен, сондықтан халықтың 45%-ы ғана елдің банк жүйесіне еніп отыр. Бұл ретте, банктерге әсіресе, ауыл тұрғындарымен жұмыс жасау өте қиын болып отыр. Бұдан нені көреміз? Демек, елдің 55% халқы әлі күнге дейін қаржылық технологияларға, қаржы операцияларына қол жеткізе алмай отыр. Яғни, егер біз осы олқылықтың орнын толтыратын болсақ, еліміздің кез келген тұрғынына қаржылық технологияларды пайдалана алуына мүмкіндік бере аламыз»,-дейді маман.

Сонымен бірге ол, «Астана» халықаралық қаржы орталығы Орталық Азия елдерінде зерттеу жүргізіп, аталған саладағы стартап жобалардың көпшілігі төлем жасаудың жаңа әдістері мен b2b стартаптары жобалары екенін анықтаған. «Былтырғы жылы біз «реттеуші құм алаңы» ұғымын енгізген едік. Ол бойынша, біз түрлі стартап жобаларды бір алаңға шоғырландырып, олардың әлеуетін жеке-жекеден тексермекпіз»,-деді маман.

Айта кетерлігі, соңғы жылдары қаржылық технологиялар саласында қызмет ететін компаниялар саны күрт өскен. Бүгінде олардың саны – 8000-нан асып жығылса, криптовалюталар саны 800 түрге дейін ұлғайған. Сондай-ақ, іске қосылған криптобиржалардың саны 110-ға жеткен. Сондай-ақ көптеген елдерде қаржылық технологиялардың дамуы - электронды коммерцияны дамытуға жол ашып отыр. Мысалы, АҚШ соңғы жылдары электоронды саудадан 370 млрд пайда тапса, қытайлықтар 170 млн-нан аса транзакция жасаған. Сондай-ақ, аспан асты елі тек былтырдың өзінде осы салаға 10 млрд долларға жуық инвестиция тартқан.

Ал, біздің елдегі жағдайға келер болсақ, Қазақстанда өткен жылы онлайн сауда көлемі 45 пайызға өскен. Тауарлар мен қызмет ақысы үшін төленген электронды төлем – 93,6 миллиард теңгені құраған екен. Ел тұрғындарының дені, сауданың ақшасын тек қолға алғаннан кейін ғана төлеуді жөн көреді, яғни «қолма-қол» саудаға сенеді.

Еліміздегі қаржылық технологияларды дамытудың тағы бір жолы – қазақстандықтардың виртуалды қызметтерге деген сенімнің артуы болып отыр. Бұл үшін, ел тұрғындары түгелімен мобильді құрылғыларды белсенді түрде пайланалана алып, ел өңірінің барлық аумақтарында ғаламтор қолжетімді болуы тиіс. Бұған қоса халықтың техникалық және қаржылық сауатын арттырған жөн.

Қысқаша айтқанда, «Fintech» - адамзат өміріндегі күнделікті тіршілікті жеңілдету мақсатын көздейді. Соған қарамастан, елімізде электронды төлем жүйесін пайдалану, есепшотпен депозит ашу, несиені онлайн түрде рәсімдеу, басқа есепшоттан жылдам ақша аудару сынды – түрлі қаржы қызметтерін электронды түрде жасайтын азаматтардың саны әлі де болса аз екен. Десе де, болашақта дәстүрлі қаржы нарығын – жаңа, озық, қаржылық технологиялар басып жатса, таң қалмаңыз. Себебі, кез келген мемлекетке қағаз ақшамен есеп айырысып, қаржы қызметтерін адами ресурстар арқылы жүзеге асыру тиімсіз болмақ. Бұдан қолма-қол есеп айырысу арқылы көптеген шығынды азайтуға болады деген қорытындыға келеміз. Сонымен бірге, аталған жаңа жүйе арқылы заңсыз ақша айналымының алдын алуға болады. Ал, бұл Қазақстандағы - «Fintech» нарығының болашағы жарқын деген сөзіміздің тағы бір дәлелі бола алады.

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
0
0
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel