RU
Жарымжан сүйіктісін қиындықта тастамаған қазақ қызының оқиғасы елді тебірентті
Жаңалықтар Қоғам

Жарымжан сүйіктісін қиындықта тастамаған қазақ қызының оқиғасы елді тебірентті

Рассказать Вконтакте

Достарымен кешкі серуен Талғар тұрғыны үшін қайғылы жағдаймен аяқталды. Көлік апаты салдарынан Бақдәулет ауыр дертке шалдығып, төсек тартып жатып қалған. Жас жігіттің жазылуынан үмітін үзген шағында оның өмірінде махаббат пайда болып, оған ерекше серпіліс берді. Бүгінде Құралай есімді ару ғашығының аяққа тұрып кетуін тілеп, оған барынша қолдау көрсетіп жүр. Бойжеткен NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, өз махаббат хикаясымен бөлісті.

Талғарлық жұп Бақдәулет пен Құралай махаббат ақыр-соңы бәрін жеңіп шығады деген тұжырымның рас екеніне нық сенімді. Олардың қосылуына тіпті, жантүршігерлік апат кесірінен жігіттің төсек тартып жатып қалуы да кедергі болмаған.

Жастар бұрыннан бері бір-бірін сырттай танып білгенімен, олардың жақын араласуы Бақдәулеттің жол апатына ұшыраған кезінен кейін бастау алса керек.

2017 жылдың 16 наурызында үйінде ұйықтап жатқан жігітті достары қыдырып қайтуға шақырып алып кетеді. Өз ұялы телефоны сөніп жатқандықтан, оның қарындасына қоңырау шалып Бақдәулетті ақырында үйінен шығарып алған.

Түн уақытында тамақ ішуді ұйғарған жігіттер Талғардағы асханалардың барлығы жабық болғандықтан Алматыға кетіп қалады. Ас ішіп болған соң, үйлеріне қайтар жолда жігіттер өзге көлікпен соқтығысып жол апатына ұшырады. Сол жантүршігерлік оқиғадан соң, Бақдәулет төсек тартып жатып қалған.

Жігітке жұлынның аса ауыр әрі жабық жарақаты деген диагноз қойылған. Дерт кесірінен жас жігіт өздігінен жүрмек түгіл, қозғала алмай қалған. Оған қоса, Бақдәулет бастапқыда аппаратсыз тыныс ала алмады. Алайда, өздігінен тыныс алуға оған сүйіктісі Құралаймен ұялы телефон арқылы сөйлесу көмегін тигізген.

Анықталғандай, жастар бұрыннан бері бір-бірін сырттай танығанымен, олардың жақын араласуы жол апаты оқиғасынан кейін орын алған.

"Біз менің сіңілімнің арқасында таныстық. Үш жыл бұрын ол ҰБТ тапсырарда Бақдәулетті алғаш рет көрдім. Алайда, жөнді сөйлеспедік те. Келесі кездесуіміз сіңілімнің мектеп бітіру кешінде болды. Көрісіп қалып біз таңғы екіге дейін әңгімелестік. 2 шілде күні мен сіңілім мен оның достарын өз туған күніме шақырдым. Құттықтап келген арасында Бақдәулет те болды" , - деп бастады бойжеткен.

Алайда, туған күн кешінен кейін жастардың байланысы үзілген. Біраз уақыт бойы хабарсыз қалған олардың кездесуі 2017 жылдың сәуірінде орын алды.

"Сәуір айында оның жол апатына түсіп ауыр халде жатқанын алғаш естідім. Бірден барып оның жағдайын біліп қайтуға бекіндік. Содан бастап біз жиі сөйлесе бастадық. Тіпті жаңа жылды қарсы алып болған соң, достармен Бақдәулетке бардық.
Күнде түрлі тақырыптарда сөйлесе бастаған соң, мен оған бауыр басып қалғанымды өзім де түсінбей қалдым. Ол өздігінен хабарлама жаза алмағандықтан, оның орнына маған хатты қарындасы теріп отырды. Біз тек хабарлама жазысып жүрдік, өйткені ол өздігінен тыныс ала алмады. Бірақ уақыт өте біз қоңырау шалып ұялы телефон арқылы қысқа да болса әңгімелесіп, тыныс алуға жаттығып алдық" , - деді Құралай.

Құралай мен Бақдәулет осы жылдың 17 қаңтарынан бастап жұп болып кездесе бастаған. Жас жігіт сезімін білдірерде, бойжеткенге бір көргенннен ғашық болып, оған айтуға бата алмағанын жеткізген.

Ару сүйіктісінің қозғала алмайтыны олардың қарым-қатынасына мүлде кедергі келтірмейтінін айтты. Ол үшін адамның ішкі жан-дүниесі маңыздырақ болып шыққан.

"Мен онымен өзімді еркін әрі жайлы сезінемін. Қалаған тақырыптарда сыр шерте аламын. Ол болса, мені сөкпей, барынша қолдауға тырысады. Ол үшін қиын шақта менде оған елеулі түрде қолдау көрсетіп, оның еміне өз септігімді тигізгім келеді. Сүйіктімнің аяққа тұрып кететініне мен сенімдімін" , -деп айтты ару.

Көлік апатынан кейін ауыр дертке шалдыққан жігіт төсек тартып жатып қалғанымен, Құралай сүйіктісінің аяққа тұрып кетеріне үмітті.

Бармаған ауруханалары мен емшілері қалмаған Бақдәулетке қайғылы жағдайдан кейін екі ауыр ота жасалған. Алайда, жұлынның жабық жарақаты толық жазылмаған. Ол үшін көп уақыт, үздіксіз күтім мен қыруар қаражат қажет болуда.

Жас жігіттің ата-анасы болса жұмыссыз қалып қойған, олар бар уақыты мен назарын ұлына арнап отыр. Соған орай, олар көпшіліктен көмек сұрап, Бақдәулеттің еміне арнайы есеп-шот ашқан.

Жанашыр жұртшылықтың осы күнге дейін аударған қаржысына жігітке арнайы медициналық аспиратор сатып алынған. Бақдәулет бұл құрылғыға 24 сағат бойы мұқтаж. Сол себепті, далаға шықса да аспираторсыз мүлде шықпайды.

Бүгінгі күні Бақдәулетті емдету үшін оның жақындары түрлі шетелдік ауруханаларға тиісті құжаттарды жіберіп қойған. Олардың қатарында Германия, Корея, Израиль және Түркия емханалары қарастырылып жатыр. Ата-анасы қазіргі уақытта өзге елдік мамандардан жауап күтуде.

Шетелдік емханалардан жауап келген шақта, оған қыруар қаржы керек екені де анық. Соған орай, бастарына түскен ауыр жағдайға қатысты Бақдәулеттің жақындары жанашыр қазақстандықтардан оның аяққа тұрып кетуі үшін қаржылай көмек сұрауда.

Оның еміне өз септігін тигізем деушілер астыда келтірілген арнайы есеп-шоттарға ақша аударуына болады:

Kaspi Gold: 5169493163272159 Әмірханов Ердаулет (Бақдәулеттің інісі) ЖСН: 991230300662

Eurasian Bank: 5269940004768323 Бекетаева Шынар (анасы) ЖСН: 740907401554

QIWI әмиян: 87081088515

Ескерту! Материалды көшіріп басуға ҚР заңнамасымен қатаң тыйым салынған!

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
2
0
0
24
0
8
6
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel