Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте көшеде қалған екі балалы жүкті әйел елден көмек сұрайды (фото)

Опубликовано:

Шымкенттегі «Абдул Хамид Қаттани» мешіті маңында екі баласын қасына алып, қайыр сұрап отырған жүкті келіншек ел назарын аударды. Ішкілікке салынға күйеуі өзін де, балаларын да ұрып-соғып, салдарынан ажырасуға мәжбүр болыпты. Қазіргі таңда ол елден қайыр сұрап, күнін көруде деп жазады "Замана" газетіне сілтеме жасаған NUR.KZ.

Шымкентте көшеде қалған екі балалы жүкті әйел елден көмек сұрайды (фото)
Фото: "Замана" газетінен алынды: UGC

«Алла разы болсын, маған көмек беріңіздерші! Екі балам бар, көшеде қалдым. Документім жоқ. Соны алуға көмек беріңіздерші, өтініш! Квартирада тұрамын. Қолдарыңыздан келгенше жәрдем берулеріңізді сұраймын, ағалар!», - деп жазып алған келіншекті аяп, оған тиын-тебен тастайтындар аз емес.

"Иә, маған көмек керек. Аяғым ауыр, ешбір құжатым жоқ. Балаларым кішкентай. Тіпті Қазақстанның азаматтығы да жоқ. Өзім далада қалдым", - деген ол өзі секілді қиын жағдайда қалған әйелмен бірге пәтер жалдап тұрады екен.

"Оның да бес баласы бар. Мені көшеде жылап отырған жерімнен үйіне әкеліп, паналатқан. Содан бері бір жарым жыл болды, бірге пәтер жалдап тұрамыз.

Күйеуім ішкіш, бізді керек етпейді. Ажырасқанбыз. Бірге тұрған кезімізде балаларды ұрып-соғып, денелеріне із қалдырған. Екеуін де болмашы нәрсе үшін қатты ұратын. Міне, айнаға итеріп жіберіп жасағаны мынау (автор - Әйелдің 5 жасар баласының жамбасындағы үлкен тыртықты көріп, жүрегім су ете қалды). Балалар қатты қорқып қалған. Біреулер: «Балаларыңды әкесіне бер, сол бақсын", – деп ақыл айтады. Мен бергім келмейді. Себебі ол бұларға қарамайды. Қайынжұр­тымнан да қайыр жоқ. Мені «алтынымды, ақшамды ұрлады» деп қайын әпкем үйден қуып жіберді. Өзі ішкілікке жақындау адам", - деп баяндады әйел.

Келіншектің айтуына қарағанда, ол Өзбекстанда туып-өскен екен.

"Сарыағаштың жігітіне тұрмысқа шығып, аяғы осындай болды. Құжаттарымды екінші баламды босанған кезімде полиция өкілдері алып қойған, содан қайта қолыма тиген жоқ. Кейін олардан сұраған кезімде жоғалтып алғандарын айтты. Әке-шешем Өзбекстанда. Барайын десем бара алмаймын. Өзімнің де, балаларымның да құжаттары жоқ болғасын шекарадан өту кедергі туғызады", -дейді ол.

Ол мешіт маңына қайыр сұрауға күнде келмейтінін айтты. Себебі құжаты жоқ әйелді полиция қызметкерлері алып кетіп, мойнына айыппұл салып тастайды екен. Одан бөлек оны имамдар да қуады екен.

"Кей күндері ғана келеміз. Себебі полиция қызметкерлері көрсе, бізді алып кетіп, қамап қояды. Содан соң айыппұлды мойныңа іліп, жібере салады. Имамдар да қуады. Сондықтан көбіне «Бекжан» базарында отырамын", - дейді ол.

Жүкті әйелмен бірге тұратын бес балалы әйелдің айтуынша, ол қазан айында босануы тиіс. Құжаты жоқ болғандықтан, оны тіркеуге тұрғызу кезінде де бірқатар қиындықтар туындаған екен.

"Осы жерде елге алақан жайып отырамыз, міне, өзің көріп тұрғандай. Бұл келіншекті «далада қалдым» деп жылаған соң қайыр сұрап отырған жерінен пәтеріме әкелдім. Екі баласына жаным ашыды. Күйеуінен кеткен соң бір жігітке тұрмысқа шықпақшы болып еді, екеуінің арасы жақсы болмай, ол жігіт те мұны жүкті етіп тастап кетті. Қазір үшіншісіне аяғы ауыр. Қазан айында босанады", - дейді ол.

Айтуынша, өзінің де бес баласы бар. Күйеуі болса түрмеде қамауда отыр екен.

"Өзімнің де бес балам бар, екеуміз айына 20 мың теңгеге пәтер жалдаймыз. Бір жылдай болды, күйеуім түрмеде. Әлі біраз отырады. Ай сайынғы 10 мың теңге жөргекпұлдан басқа кірісім жоқ.  Содан соң осы жерге шығуға мәжбүрміз. Адамдарға рахмет, осылай көмектесіп жатады, киім-кешек, азық-түлік әкеліп береді. Екеуміз жеті баламен үш бөлмелі пәтерде осылайша күнелтеміз", - деп айтып берді әйел.

Дереккөз: "Замана" газеті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1753478-symkentte-ksede-kalgan-eki-balaly-zkti-jel-elden-kmek-srajdy-foto/

pixel