RU
Қызылорда қаласының көлемі екі есеге ұлғайды
Жаңалықтар Қоғам

Қызылорда қаласының көлемі екі есеге ұлғайды

Рассказать Вконтакте

Тәуелсіздік жылдарында Қызылорда қаласының көлемі бірнеше есеге ұлғайып, халқының саны өсті, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, демалыс орындары, саябақтар, жаңа мөлтек аудандар мен көшелер пайда болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артты.

Бұның бір ғана дәлелі, қала аумағының көлемі бұған дейін 11 мың гектарды құраса, бүгінде бас жоспарға сәйкес бұл жер көлемі 20 мың 582 гектарға ұлғайтылған.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ
Source: UGC

Жалпы, бұған дейін 2007 жылы әзірленген Қызылорда қаласының бас жоспары Үкіметтің 2009 жылғы 17 шілдедегі № 1087 қаулысымен бекітіліп, қолданысқа енгізілген болатын. Бас жоспар арнайы қаулыға сәйкес, үш жобалық кезеңмен қабылданған.

Бастапқы кезең 2007 жылға бағытталса, бірінші кезең 2013 жыл, есепті кезең 2025 жылға жоспарланды.

Онымен қоса, Қызылорда облысы әкімдігінің 2015 жылғы 18 наурыздағы № 880 қаулысымен және облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 18 наурыздағы №265 шешімімен Қызылорда қаласының аумағына тиісті өзгерістер енгізіліп, қаланың аумағы 11 мың 084 гектардан 13 мың 599,5 гектарға ұлғайтылды.

Бұл ұлғайту жұмыстары да қаланың бас жоспарына тиісті өзгерістер енгізуді қажет етті.

Осы ретте, жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізу мақсатында алдын ала есептеулер жасалып, 2017 жылы Қызылорда қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізу мақсатында облыстық бюджеттен 55 млн.теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы болып алматылық «Урбостиль» ЖШС-гі танылды.

Үстіміздегі жылдың шілде-тамыз айларында бұл жоба қалалық және облыстық мәслихат сессияларында қаралып, ҚР Үкіметінің қаралуына ұсынылды.

Бас жоспарға сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы мәселесін шешу бағытында қажетті шаралар қабылданып, тиісті жұмыстар кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ
Source: UGC

2016 жылы Бәйтерек тұрғын ауданынындағы инженерлік желілерімен толықтай қамтамасыз етілген 980 гектар аумақтан, кезекте тұрған 6 мың 600 азаматқа жер учаскесі табысталған болатын.

Бүгінгі күні, осы аумақтан қосымша 150 гектар жер телімдері әзірленіп, инженерлік желілерінің жобасы дайындалды.

Жоба толық аяқталған уақытта 1 мың 267 азамат тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерімен қамтамасыз етіледі.

Қала бойынша жер кезегіне тіркелген азаматтардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында, Бәйтерек тұрғын ауданынан жалпы көлемі 670 гектар аумақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітіліп, келісілген жоба бойынша жер кезегіндегі 4 мың азаматты жер телімдерімен қамтамассыз ету жоспарлануда.

Мұнан бөлек, осы аумақтан қосымша 2 мың гектар жер телімін ашу жоспарланған.

Бұл өз кезегінде, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде тұрған 22 мың азаматқа жер учаскелерін табыстауға мүмкіндік береді.

Қаланың бас жоспарына түзетулер енгізу барысында, 1 мың 360 гектар жер телімдерін резервке алу қарастырылған.

Бас жоспардағы өзгерістердің ең маңыздысы, қала маңындағы «Сабалақ», «Эдельвейс», «Болашақ», «Орбита» саяжайлары қала аумағына енгізілді.

Бұған дейін, осы елді мекен тұрғындарының жол, ауыз су және жарық туралы көтерген мәселелерін шешу қолданыстағы заң талаптарына сәйкес мүмкін болмады.

Ендігі ретте, аталған жер телімдері облыс орталығы құрамына енгізу арқылы тиісті қаржы бөлініп, инженерлік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік туады.

Осы жұмыс аясында, Қызылорда қаласының Бас жоспарына өзгерістер енгізу арқылы, саяжай өңірінде салынатын күрделі құрылыс аумақтары нақтыланып, тиісті атқарушы және өкілді органдарға қосымша ұсыныс беріледі.

Қазірдің өзінде, «Сабалақ» өңірін ауыз сумен қамту үшін, жалпы құны 579 млн. 733 мың теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім тапсырылған болатын.

Нәтижесінде, су желісінің құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 107 млн. теңге бөлініп, ҚР «Мемлекеттік сатып алу» Заңына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, былтырғы жылы «Сырдария» жазғы тынығу лагері маңында орналасқан тұрғын үйлерге жаңадан 102 дана электр бағаналары орнатылып, электр желілері жаңартылды және жаңадан 2 подстанция қойылды.

Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында, биылғы жылы да қалалық электр торабы мекемесі тарапынан 2 подстанция орнату жоспарлануда.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ
Source: UGC

Бас жоспарға түзетулер енгізу жобасында қала аумағы - 14 тұрғын ауданға бөлінді.

Осылайша, қала халқының саны (елді мекендерді қоспағанда) осыдан 5 жыл бұрынғы (2013 жыл) көрсеткіш бойынша 240 мың адамды құраса, 2025 жылға дейін қала халқының саны 310 мың адамды құрайды деп болжануда.

Қызылорда қаласының Бас жоспарына енгізілген өзгерістер бүгін елеусіз оқиға болуы мүмкін. Бірақ бұл өңірдің ертеңі үшін ең ауқымды жобалардың бірі екені анық.

Шын мәнінде бұл өңірдің даму кезеңдеріндегі ең айтулы оқиғалардың бірі деуге негіз бола алады. Себебі, қала көлемінің ұлғаюы бұл әлеуметтік-экономикалық және демографиялық өсімнің көрсеткіші.

Осының арқасында жыл сайын жаңа тұрғын аудандар мен әлеуметтік нысандардың саны артып, қала халқының жайлы тұрмыс кешуіне барынша ыңғайлы жағдай жасалынып келеді.

Сыр бойының әлеуметтік-экономикалық дамуының бет-бейнесін қаланың өркендеуімен тамырластыруға болады.

Соңғы жылдары қаламызда жаңадан бірнеше шағын аудандар бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалықтар баспаналы болды. 2018 жылы да осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ
Source: UGC

Қазіргі таңда, қалада 133,2 мың шаршы метр болатын 1 мың 630 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы салынуда.

Оның ішінде жеке инвесторлардың өз қаржысы есебінен 960 пәтерлік 22 көпқабатты тұрғын үй, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 670 пәтерлі 14 көпқабатты тұрғын үйлер құрайды.

Қала тұрғындарының өз қаражаты есебінен жалпы ауданы 135,2 мың шаршы метрді құрайтын 1 мың 42 жеке тұрғын үй құрылысы салынды.

Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 40,5 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде.

Бұл бағыттағы жұмыстарымыздың ең ауқымдысы, Қызылорда қаласында Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысы қарқын алып, «Қос қанатты» қала пайда болды.

Биыл өзінің 200 жылдық мерейтойын атап өткелі жатқан қызылордалықтар үшін, мерейтойдың басты тартуы да осы – ЖАҢА ҚАЛА!

Жыл соңына дейін сол жағалауда құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынған 5 қабатты 16 тұрғын үй, 320 орындық балабақша, «Болашақ» университетінің бас ғимараты, жастар орталығы, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайы, «Рухани жаңғыру» орталығы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Одан бөлек мемлекеттік бағдарламалар арқылы 8 үй салынуда. Жақын күндері тағы да 7 үйдің іргетасы қаланады. Яғни, қазірдің өзінде сол жағалаудан 40-қа жақын үйлер салынуда.

Қала көлемі ұлғайған сайын, жаңа жолдар пайда болатыны белгілі. Бұл бағытта да соңғы жылдар ішінде Қызылорда қаласында жол құрылысын дамытуға 23 млрд. теңгеден астам қаржы тартылып, 500 шақырымнан астам жолдар орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті.

Биылғы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар тиісті жалғасын табуда.

Атап айтқанда, қала көлемінде 1 млрд. 805 млн. теңгеге жалпы ұзындығы 80,5 шақырымды құрайтын 103 көшеге орташа, ағымдағы, күрделі және қайта жаңғырту жұмыстары жасалуда.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ
Source: UGC

Қызылорда қаласын жасыл желекке айналдыру мақсатында көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді.

Қызылорда қаласында 52 аллеялар мен скверлер бар. Аталған аумақтарға жыл көлемінде мыңдаған көшеттер мен гүлзарлар отырғызылып, 200 жылдық мерейтой аясында қаланың әсем келбетін айшықтайтын түрлі тақырыптық архитектуралық формалар орналастырылып, жаңа демалыс орындары мен саябақтар салынуда.

Биыл, Тұңғыш Президент саябағы Рәміздер алаңына дейінгі аумақта қосымша 36 гектарға кеңеюде.

Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
1
4
3
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel