Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбыл облысында 75 жастағы әжей сыңсу айтып, қайта ұзатылды (видео)

Опубликовано:

Осыдан біраз уақыт бұрын желіде 75 жастағы әжейдің сыңсу айтып, ұзатылған сәті таралып кеткен еді. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының 80 жастағы тұрғыны Оңлабай Мүлкібаев пен 75 жастағы Қожашқызы Тиышкүл өздерінің "гауһар" тойларын атап өткен болып шықты. Бұл туралы "Ана мен бала" бағдарламасына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

Фото: sn.kz
Фото: sn.kz: UGC

Шаңырақ көтергендеріне 60 жыл толған қариялардың айтуынша, бұл тойды оларға балалары мен жақындары жасап берген. Ал өздері ештеңеден хабарсыз болыпты.

"Бұл идея әке-шешемнің көзін көрген екі жеңгем бар болатын. Балаларымның гауһар тойымызды өткізетінін естіп, маған "сені қолдан ұзатамыз" дейді.

Мен мән бермей жүрген едім, сөйтсем қояр емес. Содан мұны үлкен ұлыма айттым. Үлкенім менің бауырларыммен сөйлесіп келіскен ғой.

Балам маған "Ертең сізді 4-те алып кетеміз" деді. Содан қыз жолдасқа өзімнің екі құдағиымды алдым. Сәукелелерді менің жақындарым дайындап қойған.

Біз үйленген уақытта, мені алып қашты. 1959 жылдары ел жаңадан көтерілген уақыт. Құмның үстінде беташарым өтті", - деп ағынан жарылды 75 жастағы әжей.
Фото: "Ана мен бала" бағдарламасынан скрин
Фото: "Ана мен бала" бағдарламасынан скрин: UGC

75 жасында сәукеле киіп, қайта "ұзатылған" Тиышкүл әжейді осыдан алпыс жыл бұрын алып қашқан екен.

"Бізді құдалар сияқты қайтадан күтіп алды. Қалыңмалын төледік. Қалтамызды тексеріп, маған "қызды" көрсетті. Қызды алып келеміз дегенге қарасам, сәукеле киіп, шығып келе жатыр. Сонымен не керек, барлық кәдені орындап, шығарып салды ғой", - деді Оңлабай ақсақал.

Айта кетейік, гауһар тойын өткізген әжей мен атай тоғыз ұл мен бір қызды тәрбиелеп өсірген. Ең үлкен ұлы бүгінде 60-қа жақындаған екен.

tengrinews.kz агенттігінің мәліметінше, қос қария бүгінге дейін 23 немеренің қызығын көріп, 11 шөберенің қолынан су ішіп үлгерген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1754299-zambyl-oblysynda-75-zastagy-zej-sysu-ajtyp-kajta-zatyldy-video/

pixel