RU
Төрт жасар ұлын өлтіріп, өзіне қол салған азаматты полиция ұстауға тырыспаған
Жаңалықтар Қоғам

Төрт жасар ұлын өлтіріп, өзіне қол салған азаматты полиция ұстауға тырыспаған

Рассказать Вконтакте

Өз әкесінің қолынан қаза тапқан төрт жасар баланың анасы Валерия Зарипова қылмыскермен бірге тұрған кездерін және оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Азаматтық некедегі жары 2017 жылы әйелді баласымен қоса өлтіруге екі рет талпынған екен. Бұл туралы "Время" басылымына сілтеме жасаған NUR.KZ порталы хабарлайды.

Валерияның "Время" басылымына берген суреті: ВКонтакте / time.kz

Валерияның "Время" басылымына берген суреті: ВКонтакте / time.kz

Валерия Зарипованың сөзінше, ол баласынан мәңгілікке айырылып қалмас бұрын полицияға бірнеше рет шағымданыпты. Алайда тәртіп сақшылары оның ісін ұзақ уақыт бойы елемей, кейінірек жұмыс істей бастағанда кеш болған.

2017 жылдың 16 шілдесінде Валерия ұлы Данькамен бірге Глебовкадан Жетіқарадағы үйіне бара жатқан. Жолда оларды баланың әкесі Амангелді Ищанов күтіп алып, Забеловка ауылына күштеп алып кетеді.

Азамат сол жерде балалы әйелді өлтірмек болыпты. Бірақ ол "сенімен бірге тұрамын, үйімнен киімдерімді алып келейін" деп, ант су ішіп құтылған.

Осылайша бір ажалдан құтылған әйел ата-анасының үйінен қайтып шықпай қояды. Үш апта өткен соң оларды Амангелді тағы торуылдап, вокзалда көлігіне салып, өзімен бірге алып кетпек болған. Онда да жолаушылар көмекке келіп, Валерия баласымен босап шығады.

Көшеде жүруге қорқып қалған Валерия полицияға барып арызданған. Дегенмен ондағылар қылмыстық іс қозғауға асықпайды. Тергеушілер "Ищановты таба алмай жатырмыз" деп ақталған. Бірақ ол ешқашан жасырынып, қашқан емес дейді әйел.

Валерия Амангелдімен бірге отбасы болып ұзақ тұрмағанын айтады. Себебі азаматтың одан жасырған тағы бір отбасы бар екен. Ол өзінің алғашқы жұбайымен бірге өмір сүрсе де, Валерияға тыныш өмір сүруге мұрша бермеген.

Қылмыскер баланы ұрлағаннан екі күн бұрын Данька қызуы көтеріліп ауырып қалыпты. Осыған қарамастан Амангелді үйге баса көктеп кіріп, баланы жеңіл киімімен алып кетеді.

Валерия тағы да полицияға жүгірген. Ондағылар құжат толтырумен бас қатырып отырғанда, Амангелді Қамысты ауданына дейін жетіп үлгеріпті. Әрмен қарай бір полицейдің қолына түспестен Жітіқарадағы досының үйіне барған.

Азамат Валерияның баласына іздеу салғанына қатты ашуланып, оған хабарлама жібереді. Ол полициядан арызыңды қайтып алсаң, балаңды қайта апарып беремін деген көрінеді.

Алайда әлеуметтік желіде де тарап кеткен іздеу туралы жазбаларды көріп, енді баласын да, өзін де ешқашан көре алмайтынын айтады. Осыдан кейін Амангелді ұлын өлтіріп, артынша өзіне қол жұмсаған.

Валерияның сөзінше, бүлдіршінді өлтірмес бұрын оны әбден сабаған, тұншықтарып, содан кейін дарға асқан. Ал өзінің тамырларын кесіп, өмірімен қош айтысқан.

"Бар халық оның түрін көрсе екен деймін. Қанша қатыгез қылмыс жасап, өзін өзі өлтірсе де, оны туыстары барлық дін жоралғыларына сай жерледі", - деп ашуланады әйел.

Сондай-ақ, ол полиция қызметкерлері ертерек әрекет еткенде, осындай жағдайға душар болмас едім деп өкінеді.

Мақаланы көшіріп басу немесе пайдалану үшін "Время басылымы" ЖШС рұқсатын алу міндетті

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel