RU
Астанада халықаралық ақындар айтысы өтпек
Жаңалықтар Қоғам

Астанада халықаралық ақындар айтысы өтпек

Рассказать Вконтакте

Айтыс – қазақ руханиятының алтын қазынасы, ұлттың мәдени мұрасы. Ғасырдан ғасырға, атадан балаға жалғасып келе жатқан асыл мұра – айтыс өнері – суырыпсалмалық қасиетімен дараланған, бірнеше өнер түрін тоғыстырған синкретті жанр, исі қазақты бүкіл әлемге танытатын ұлттық өнердің шыңы.

Астанада халықаралық ақындар айтысы өтпек

Осы киелі мұраны кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, талантты жастардың танылуына, шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Жыр арқауы – Астана» атты Халықаралық ақындар айтысын өткізеді.

Халықаралық жыр додасына Қытай Халық Республикасынан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан және Қырғыз елінен келетін жыр саңлақтары мен республикамыздың ең жүйрік ақындары ,еліміздің өнер қайраткерлері қатысады. Атап айтсақ, қазақтың дүлдүл айтыскер ақыны, республикалық және халықаралық айтыстардың жеңімпазы – Ринат Зайытов, екі мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, «Айтыстың ақтаңгері» атанған Айбек Қалиев, сонымен қатар, Дидар Қамиев, Еркебұлан Қайназаров, Мақсат Аханов, Біржан Байтуов, Әсем Ереже тағы басқа да халықтың ықыласына бөленіп жүрген айтыскерлер бақ сынасатын болады.

Әділ қазылар алқасы мүшелерінің бірі Венгрия Республикасының астанасы Будапешт қаласының Лакителек Халық институтының аға оқытушысы Айша Мандоки: «Айтыс - қазақ xалқының бірегей құндылықтарының бірі. Көне дәуірден бүгінге дейін жеткен оны дәріптеу - әрбіріміздің міндетіміз. Сондықтан, Еуропаның төріндегі Мажар елінен келіп қатысуға құлшынысым артпаса, кеміген емес. Себебі, қазақты жанындай сүйген менің жарым, түркітанушы мажар ғалымы Мандоки Иштан Қоңырдың өзі айтысты аса қатты құрметтеуші еді», - деп ағынан жарылды.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын, осы сайыстың әділ қазылар алқасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет:

"Айтыс – біздің халқымыздың болмысынан туындаған ерекше өнер. Мұнда айтыскердің ақындық бүкіл дарын-таланты, зерек зердесі, ұшқыр ойлау қабілеті, білім-білігі, тапқырлығы мен әзілқойлығы, пайым-парасаты түгел дүйім жұрттың алдында жарқырап ашылып, бүкпесіз көрінеді. Әрине, кемшілігі де перде артында бұғып, жасырын қала алмайды. Айтыста поэзия, әншілік, күйшілік, композиторлық, драматургтік, актерлік, шешендік сиқты көптеген өнер бір тұлғаның бойына тоғысып, көрерменнің көз алдында көрініс береді. Айтыскер сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек. Жұрттың айтыс өнерін айрықша жақсы көретін себебі осында", - деп түйіндеді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастырумен Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Жыр арқауы – Астана» атты Халықаралық ақындар айтысы 2018 жылғы 20-21 қазан күндері «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді.

Қазақтың ұлттық өнерін ұлықтап, мәртебесін көтеру, ұрпаққа дәріптеу, таза саф қалпында болашаққа жеткізу бізге зор міндет.Ендеше ана тіліміздің қадірін арттырып, елдігіміз бен Елордамызды жырына арқау ететін арқылы ақындардың жыр додасында кездесуге асығайық, ағайын!

Жыр додасының арқауы – Астана

Айша Максымқызы Мандоки (Әділ-қазылар мүшесі)

Жыр додасының арқауы – Астана

Ұлықбек Есдәулет (Әділ-қазылар алқасының төрағасы)

Билеттер қаланың барлық кассаларында BiletiAstana.kz

+7 778 347 88 01; + 7 702 928 59 97

*PR құқында

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
0
1
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel