RU
"Оқушыны ұрған": Ақтөбеде мектеп инспекторына қатысты шу шықты
Жаңалықтар Оқыс оқиғалар

"Оқушыны ұрған": Ақтөбеде мектеп инспекторына қатысты шу шықты

Рассказать Вконтакте

Ақтөбеде №2 мектептен шу шықты. Білім ордасында болған жағдайды ата-аналар әлеуметтік желіде бөлісіп, көмек сұрап жатыр. Онда оқушының мектеп формасымен келмегені үшін полиция қызметкерінің күш қолданғаны жазылған деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ
Source: UGC

"Мектепте заң бұзушылықтар жеткілікті. Мектеп әкімшілігі шара қабылдамай отыр. Асхана бағасы қымбат. Тамақтың арасында шаш, асханада тышқан жүр. Медициналық бөлімшеде алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрілер жоқ. Мұның бәрі ұсақ-түйек. 22 қыркүйек күні директордың орынбасары мектеп формасын кимей келген оқушыны инспекторға апарған.
Инспектор әжетханада балаға электрошокер қолданып, қол көтерген. Ата-аналар мектеп директорына барды. Мектеп тарапынан ешқандай шара қолданылып жатқан жоқ. Суретті оқушылардың өздері түсірді. Ата-аналар прокуратураға хат жолдады", -делінген желідегі хабарламада.

Instagram-ға жарияланған бұл жағдайдың астына мектеп директоры да пікір білдірген.

"Мен осы мектептің директорымын, барлық жағдай үшін жауап беремін. Инспектордың оқушыны ұрып-соғу жағдайы тіркелді. Жағдайды полиция анықтайтын болады. Мектеп инспекторы Елек полиция бөлімшесінің қызметкері", -деген №2 мектеп директоры.

Қазір таяқ жеген оқушыға қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал білім ордасының директоры оқиғаның мән-жайын айтып берген.

"22 қыркүйек күні мектеп инспекторы мен оқушы арасында түсініспеушілік болды. Соңы инспектордың баланы ұруымен аяқталған. Елек полиция бөлімінің қызметкері биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектеп инспекторы болып тағайындалды. Ол 22 жастағы жас маман.
Оқиға мектептегі балалардың сабаққа қатысуы мен ішкі тәртіптің сақталуына қатысты инспектор мен мектеп әкімшілігінің тексеруі кезінде болған. Келіспеушілік сынып ішінде басталған. Кейін инспектор өз қызметін пайдаланып, баланы сыртқа шығарып алған. Біз сол күні полицияға хабар бердік. Ата-аналар шақырылды. Әлі де тергеу жұмыстары жүріп жатыр", - дейді №2 мектеп директоры Сания Шагиева.

Полиция қызметкерінен таяқ жеген 10-сынып оқушысы сабаққа қатысып жүр.

"Қазіргі уақытта тексеріс жүріп жатыр. Электрошокер пайдаланды деген ақпарат расталмады", - деп хабарлады ІІД-нің баспасөз қызметі.
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel