RU
Ақтөбеде инспектор қылқындырған оқушының анасы істің мән-жайын айтты
Жаңалықтар Қоғам

Ақтөбеде инспектор қылқындырған оқушының анасы істің мән-жайын айтты

Рассказать Вконтакте

Ақтөбеде инспектордан таяқ жеген мектеп оқушысының ата-анасы жағдайдың қалай болғанын баяндап берді. Полиция қызметкері есікті кілттеп қойып, оқушыларға күш көрсеткен деп хабарлайды NUR.KZ.

Көрнекі фото: VistaNews.ru

Көрнекі фото: VistaNews.ru
Source: UGC

Тәртіп сақшысынан зәбір көрген оқушының анасы мектеп басшылығының БАҚ өкілдеріне берген мәліметінен кейін болған жайды өзі айтып беруді ұйғарыпты.

"22 қыркүйек сенбі күні бірінші сабақ дене шынықтыру болатын. Балам мектепке спорттық киіммен кетті. Сөмкесіне ақ көйлегін салып, шалбарын алуды ұмытып кеткен. Директордың орынбасары сабаққа кіріп, менің балам мен тағы бір баланы инспекторға ертіп алып барған. Содан кейін оның сабаққа қайтып барған-бармағанына көңіл аудармаған",- дейді ол.

10 сынып оқушысы Диастың анасы баланың мектептегі жағдайына алаңдап отыр. Себебі білім ордасының қызметкерлері инспектордың сөзін сөйлеп кете ме деп қауіптенеді.

"Инспектор екі оқушыны кабинетке кіргізіп алып балағаттаған. Менің балам инспектордан не үшін балағаттағанын сұрайды. Сол кезде ол есікті кілттеп, менің балама қол көтерген. Басы жарға соғылған баламның басында ісік те бар. Одан кейін ішінен екі рет ұрған. Бұл аздай, инспектор баламды қылқындырған. Менің жағдайымды түсінесіздер ме? Екі-ақ минутта баламнан айырылып қалуым да мүмкін еді", - деп көзіне жас алды әйел.

Шырылдаған ананың ашуына тиген тағы бір нәрсе, мектеп директоры болған жағдайды біле тұра, оған бірден хабар бермеген.

Керісінше, "анаңа хабарласушы болма" деп ескерту жасапты. Ал өздері төрт сағат өткеннен кейін ғана әйелді туыстары арқылы шақыртқан.

"Директордың кабинетінде сөйлестік. Ол жерде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сынып жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі, инспектор және тағы бір полиция қызметкері болды.
Сол жерде балам инспектордың қылқындырғанын айтты. Инспектордың өзі де қылқындырғанын мойындады. Мен бұл істі соңына дейін жеткізетінімді айттым", - деген ана баласының жарақаты үшін полицейді жауапқа тартқызатынын жеткізді.

Осыдан кейін олар балалар ауруханасына барып, дәрігерге қаралған. Онда ақ халаттылар басының сыртқы терісі іскенін, тамағының қанталап тұрғанын және ішінен жарақат алғаны анықтап жазып берген.

"Баламның басы әлі күнге дейін ауырады. Мен ІІД-не арыз жаздым. Бәрінің заңды түрде шешілгенін қалаймын. Инспектордың балама қол көтеруге құқығы жоқ. Бұл жағдайға мектеп директоры да, орынбасары да жауап беруі тиіс. Балам сабақты үздік оқымайтын шығар, бірақ тәртіпсіз емес. Олар қазір баламның мінездемесіне қатысты кемшіліктер іздеп жатыр", - деп сөзін қорытындылады ол.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Ақтөбедегі №2 мектепте полиция қызметкері мектеп формасын кимеген оқушыға күш қолданғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Сіздің реакцияңыз
2
1
2
1
0
3
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel