RU
Зейнетақыға жауапкершілікпен қарау керек
Жаңалықтар Қоғам

Зейнетақыға жауапкершілікпен қарау керек

Рассказать Вконтакте

Тәуелсіз журналист, блогер Ажар Сабралиева NUR.KZ порталына сұхбат беріп, қазақстандықтардың зейнетақы мәселесіне атүсті қарайтынын атап өтті. Ол Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысты өз пікірін ортаға салды. Оның айтуынша зейнетақы жүйесі туралы ақпарат жинап, қызығушылық танытатын азаматтар саны аз. «Өкінішке қарай, қазақстандықтардың көбі бұл мәселеге жеткілікті назар аудармайды», - дейді ол.

Зейнетақыға жауапкершілікпен қарау керек

- Фэйсбук желісінің арқасында мен жинақтаушы зейнетақы жүйесі мәселесіне көп көңіл бөлетін болдым. Жастар қазірден бастап қартайған шағында қалай күн көретінін ойлауы керек екенін түсіндім.

Бірақ мәселенің түйіні «Отандық зейнетақы жүйесіне сенуге бола ма?» деген сұраққа келіп тіреледі», - дейді Ажар, - Біріншіден, кезінде жеке қорларға қатысты түрлі келеңсіздіктер орын алды. Екіншіден, зейнетақы нарығының тұрақсыздығымен бетпе-бет кездескенмін (әлбетте, ол жүйе де үнемі эволюцияланып отырады). Бір кездері елден кетіп, қайтып оралғанымда жеке меншік жинақтаушы зейнетақы қорларының жабылып, олардың орнына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының пайда болғанын көріп, таң қалғаным бар. Менің ойымша, жеке меншік қорлар әркез болуы керек. Жалпы халықтың қаржылық сауаттылығы – бірінші кезекте әр адамның жеке мәселесі. Мен экономист немесе қаржыгер емеспін, сондықтан кей дүниелерді сараптай алмаймын. Бірақ бұл менің болашағыма жауапсыз қарауым керек деген сөз емес. Егер мен қазір ол туралы ойламасам, болашақта оған ешкім де кінәлі болмайды.

Зейнеткер Раушан Айтмағамбетова болса, зейнетақы қорындағы қаражатты тұтастай шешіп алу мүмкіндігін пайдаланғанын айтады.

-Зейнетақы қорымдағы қаражатты екі бөліп берді. Ал жаңа қаулы бойынша төлемдер ортақ және базалық зейнетақыға қосымша ретінде ай сайын төленіп отырады деп естідім.

– Қалай ойлайсыз, бұл зейнеткерлерге қолайлы ма?

– Қор зейнетақы алушыға таңдау құқығын берсе, ыңғайлы әрі тиімді болар еді. Кей адамдар егде жасқа дейін өмір сүрмеуі мүмкін. Саяхаттағысы келетіндер, құнды зат сатып алғысы келетіндер бар. Екінші жағынан, қордағы қаражатыңды тиынына дейін алып, одан кейін базалық зейнетақыға ғана сеніп отырған да дұрыс емес.

-Зейнетақы алатын күніме дейін әлі көп уақыт бар. Сондықтан шынымды айтсам, өзімнің зейнетақы қорымдағы қаражатым туралы ойланбаймын. Бірақ жұмыс берушінің өкілі болғандықтан, қызметкерлердің зейнетақы шотына төлемдердің уақытылы әрі толыққанды түскенін үнемі бақылап отырамын. Компаниямыздың әрбір қызметкері қартайған шағында жақсы өмір сүруге лайықты», - дейді өз кезегінде «ҚТЖ» «ҰК» АҚ өкілі Қанат Әлмағамбетов.

Мамандардың айтуынша ай сайынғы төлемге қатысты жаңа ережелер ұзақ уақыт бойы талқыланып барып қабылданған шешім. Бұл шешімді қабылдаудағы басты мақсат – азаматтардың қаржылық тұрақтылығын жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы арқылы қамтамасыз ету.

Қазір де зейнетақы жинақтарын бір жолғы төлем ретінде алуға болады. Бірақ бұл зейнетақы жинақтарының көлеміне байланысты жүзеге асырылады. Егер зейнетақы төлемдерін алушы өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді.

Зейнетақы шотының жай-күйі мен жалпы өсім туралы ақпаратты электрондық пошта арқылы ай сайын, үш ай сайын немесе жарты жылда бір рет біліп отыруға болады. Егер бұған дейін зейнетақы шотыңыздың жай-күйі туралы ақпаратты конвертпен алып келген болсаңыз, интернет арқылы алуды таңдаған жағдайда Қорға келіп, хабарлау тәсілін өзгерту туралы қосымша келісімге қол қоясыз. Содан кейін Қор сайтының Жеке кабинетінде тіркеліп, жеке сәйкестендіру нөмірі мен парольды тере отырып, жеке зейнетақы шотының жай-күйін біле аласыз.

Бұл қызметке сонымен бірге, электронды цифрлық қолтаңба арқылы үйден шықпай-ақ қол жеткізуге болады. Бұдан бөлек, салымшылар телефонға ұялы қосымшаны жүктеп алып, сол арқылы ақпаратқа қанық бола алады. Сонымен бірге бұрынғыдай Қор кеңселеріне барып, үзінді-көшірмені ала аласыз. Ал тіпті уақытыңыз болмай жатса, жылына бір рет тұрғылықты мекен-жайыңызға хат жолданады.

Салымшылар мен алушылар Қорға өздері келіп, не болмаса 1418 тегін нөміріне қоңырау шала отырып телефон арқылы, әлеуметтік желілер, сондай-ақ, қашықтықтан: Қордың корпоративтік сайтындағы «Кері байланыс» және «Онлайн-чат» нысаны арқылы өздерін қызықтырған сұрақтар бойынша жан-жақты жауап ала алады.

Тағы бір айта кететін жәйт, 2017 жылдың ақпанында БЖЗҚ жанында Қоғамдық кеңес құрылды. Оны құрудағы мақсат - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен тұрғындар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, тұрғындардың сұрақтарын барынша қамту, Қордың қызметі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту және жетілдіру. Бұл тәуелсіз кеңесші орган.

Кеңестің құрамына қаржы нарығының сарапшылары, экономистер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, саясаттанушылар, журналистер, блогерлер және Қордың салымшылары мен алушылары енген. Кеңестің отырыстарында халықты зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты өзекті мәселелер көтеріледі.

Бұдан бөлек, 2017 жылдан бастап Қорда журналистер үшін ай сайын брифинг, үш ай сайын баспасөз мәслихаты және салымшылар үшін Ашық есік күні шарасы өткізіліп келеді.

Отандық жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысты көптеген сын айтылып жатқанымен, зейнетақы реформасының уақытылы қолға алынғандығын мойындау керек. Мемлекет инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепілдік береді.

Егер зейнетақы жинақтарының табыстылығы инфляциядан төмен болса, мемлекет айырма сомасын өтейді. Айырма сомасы бір жолғы өтемақы ретінде төленеді. Оны «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады.

Жалпы алғанда ертеңгі күніңді бүгіннен ойлап, мүмкіндігінше зейнетақы қорындағы қаражаттың көбейіп, күнделікті табыс алып келуіне қазірден бастап көңіл бөлген жөн.

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
0
0
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel