RU
Жезқазғанда есірткімен күресетін басшы сатушылардан пара алып келген
Жаңалықтар Қоғам

Жезқазғанда есірткімен күресетін басшы сатушылардан пара алып келген

Рассказать Вконтакте

Жезқазғандағы есірткі саудасымен күрес бөлімінің бастығы жұмыс уақытында зиянды затты саудалаушылар қылмысын әшкерелеумен айналысқандай болып, кешке қарай олардан ақша жинап келген деп хабарлайды NUR.KZ.

Фото NUR.KZ

Фото NUR.KZ

40 жастағы Қалдыбек Шубаев басшылық қызметке 2015 жылы кіріскен. Сол уақыттан бері ол есірткі сатып, адам өмірін құрдымға жіберетіндермен күресудің орнына, өз қалтасын "томпайтумен" айналысқан.

"Жезқазған қаласында тұратын Ресей Федерациясының азаматы мен екінші бір жергілікті тұрғынның "ауыр" есірткі заттарын таратушы екенін анықтап, олардан жүйелі түрде пара алып тұруды ұйғарған", - дейді Қарағанды облыстық сотының судьясы Рашид Нұрмағамбетов.

Жемқор подполковник алған ақшасының есебіне есірткі сатушыларды қорғап отыруға уәделескен. Оларға есірткіні таратуға жол ашып берген.

Ал жемқорлыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы мен есірткі тасымалдаушылар кездесуін учаскелік инспектор Мұхатаев ұйымдастырып келген.

Подполковник өзінің "Mitsubishi Outlander" маркалы көлігінде отырып, оған ай сайын 200 мың теңге алып келіп беруді бұйырған. Тапсырманы орындамаса, 2015 жылы 11 жылға бас бостандығынан айырылған ағасының артынан түрмеге жабылатынын айтып қорқытқан.

Шошып қалған есірткі сатушы 200 мың теңгені беріп отыруға келісіп, әр айдың 20-сына Жезқазғандағы бұрынғы "Сары-арқа" кинотеатрының артында кездесуге уәделеседі.

Ал бөлім бастығы қылмысым әшкере болады деп қорықпастан, жеке өзі жұмыстан кейін жеті ай бойы келісілген орынға барып жүрген.

Есірткі саудасымен күрес бөлімінің қызметкерлері де есірткі сатушылармен тығыз қарым-қатынаста болғаны соншалық, олардың бірі сол саудагердің досы екен.

Сонымен, есірткі саудасымен күрес бөлімінің бастығы 2015 жылдың қазан айынан 2017 жылғы наурызға дейін есірткі сатушыдан 2 миллион 200 мың теңге алған. Оған қоса Шубаев екінші саудагерден де пара алып келген.

"Шубаев Жезқазған өңірінде заңсыз есірткі заттарын тасымалдайтын Галышевтен де пара алып отырады. Есесіне оның кәсібіне назар аудармай, қылмыстық әрекеттеріне көз жұма қараған", - дейді судья Рашид Нұрмағамбетов.

Галышевпен де Сары-Арқа кинотеатрының артында жолығып, алғашында 250 мың, кейінірек ай сайын 50 мың теңгеден алып келіп отыруын талап етеді. Есірткі сатушы түрмеге отырғысы келмей, аталған соманы түгелдей жеткізіп берген.

Жезқазған тұрғыны есірткі сатушының кім екенін және қайда сататынын біліп алып, полицияға хабарлаған. Сонда подполковник Галышевті кабинетіне шақырып алып, қоңырауда келіп түскен ақпаратты өшіру үшін 300 мың теңге сұрайды.

Галышев бұл ұсынысты қуана қабылдап, бастыққа ай сайын 100 мың теңге беріп отырады.

Көп ұзамай Шубаевтың барлық қылмысы әшкереленіп, сот оған 250 миллион теңге айыппұл салды.

Алайда прокуратура мұндай шешіммен келіспей қойды. Себебі айыпталушы осынша үлкен соманы бір жыл ішінде өтей алмай, екі ортада отбасы қиын жағдайға түседі деп санайды.

Осылайша, сот Шубаевты Қылмыстық кодекстің 366 бабымен кінәлі деп тауып, жеті жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.

Ал есірткі саудасымен айналысқан екі азаматтың ісімен ІІД айналысып жатыр.

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
0
0
2
0
0
3
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel