RU
Астанада алғашқы көмек көрсетуге арналған жаһандық конференция өтпек
Жаңалықтар Қоғам

Астанада алғашқы көмек көрсетуге арналған жаһандық конференция өтпек

Рассказать Вконтакте

25-26 қазанда Астанада Алматы декларациясының 40 жылдығына орай медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуге арналған жаһандық конференция өтеді. Алқалы жиынның өтуіне еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйытқы болып отыр. Аталған конференция қарсаңында «Аман-саулық» ҮЕҰ-ның жетекшісі Бақыт Түменованы әңгімеге тартқан едік.

Уақыт сынынан өткен баға жетпес құжат

Бақыт Ниязбекқызы, 1978 жылы қабылданған Алматы декларациясының әлемдік медицинада алар орны қандай? Оның тарихи маңыздылығы туралы айтып берсеңіз.

1978 жылы ДДҰ және ЮНИСЕФ-тiң қолдауымен Алматы қаласында алғашқы дәрiгерлiк көмектi жетiлдiруге арналған халықаралық конференция өткен болатын. Бұл медицина саласының әлем бойынша жеткен жетістігі еді. Бұл құжат уа­қыт сынынан өтіп, баға жетпес дүниеге айналды. Оның негізгі идеясы – халықтың барлық деңгейлеріне медициналық көмектің қолжетімділігі, өлім-жітімді азайту және адам өмі­рінің ұзақтығын арттыру жатады. Әрбiр ауырған адам медициналық көмек алуға құқылы. Бұл мемлекеттiң мойнындағы шаруа, сондықтан да мемлекет жасап беруi тиiс. Егер болашақта дүниежүзi халқының денсаулығы жақсы болсын десек, алғашқы медициналық көмекке қол жетiмдiлiктi күшейту қажет.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек – денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігі. Тиімді алғашқы көмек халық денсаулығын жақ­сартуды, сырқаттардың қанағаттанушылығын және денсаулық сақтау саласына жұмсалатын жалпы шығындарды азайтуды қамтамасыз етеді.

Бүгінде оба, тырысқақ секілді аурулар жойылды. Кезінде инфекционист болып жұмыс істедім. Бір кездері елімізде дифтерия мен іш сүзегі аурулары тарай бастады. Қызылша, сондай-ақ перзентханаларда стафилоккок және синегной індеті тараған еді. Ана мен бала өлімі көп болатын. Адамдар түрлi аурулардан көп қайтыс болатын. Ал қазiр қарап отырсаңыз, ана мен бала өлiмi азайып, қауiптi дерттердiң ал­дын-алудың арқасында қатерлi ауру­ларды ерте кезеңнен анықтап, сауық­тыру iс-шаралары жақсарды. Жыл өткен сайын ана мен бала өлiмi, қауiптi дерттерден болатын өлiм-жiтiм көрсеткiштерi азайып келеді.

Арада 40 жыл өтсе де, бұл құжат әлі маңызын жойған емес демекшісіз ғой?!

Иә, бұл құжат өзiнiң маңыздылығын әлi жойған емес. Тіпті, бұл декларацияның маңыздылығы қазiр бұрынғыдан да арта түстi. Бүгінде елімізде адамдардың өмір сүру жасы ұзарды. Яғни, медицина саласының маңызы күн өткен сайын арта түспек. Осы күнге дейін, шынын айтқанда, адам өлімінің көбеюіне, сәбилердің шетінеуіне, халық денсаулығының төмендеуіне тек медицина қызметкерлерін ғана жауапты санап келдік. Денсаулықтың мықты болуы адамның өзіне де байланысты екенін ұмытпаған жөн. Қазақта «тілеп алған аурудың емі жоқ» деген сөз бар. Бұрын өлім-жітімге түрлі аурулар себеп болған еді. Қазір қимыл-қозғалыстың аз болуы, дұрыс тамақтанбау, зиянды әдеттерге үйір болу (темекі тарту, ішімдік пайдалану, есірткіге құмарлық) кең етек алған. Елімізде инъекциялы опиоидты нашақорлардың саны 120 мыңнан асса, мектеп жасындағы балалардың 25 пайызы артық салмақтан зардап шегуде. Ал, солардың 12 пайызына «семіздік» диагнозы қойылып отыр. Мұның барлығы қант диабеті, жүрек-қан тамырларының ауруына, онкологиялық ауруларға әкеп соқтырады. Әр адам өз денсаулығына өзі жауапты болу керек.

Алдын алған аурудың қаупі де аз болады. Мұны әлемдік медицина қауымдастықтары да растап отыр. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидаға құлақ қойсақ, аурудың саны да, аурушаңдық та азаяр еді. Бірақ көбіміз сол аурудың алдын алуды ескере бермейтініміз жаман. Заманауи дәрі-дәрмектердің арқасында АИТВ жұқпасымен ауырғандардың ұзақ өмір сүруіне мүмкіндік беріліп отыр. Бірақ бір науқастың емделуіне жылына 3 мыңнан 6 мың доллар керек екен. АИТВ жұқпасымен ауыратындардың 70 пайызы нашақорлар. Сондықтан оларды шприцпен қамтамасыз еткен әлдеқайда жеңілірек. Не болмаса толықтырушы ем түріне ауыстырған жөн.

Алдағы жаһандық конференция кезінде жаңадан Астана декларациясы қабылданады екен. Еліміздің денсаулық сақтау саласында БМСК-ті жетілдірудің қандай басым бағыттарын айтар едіңіз?

Ұлт денсаулығы – ел болашағының кепілі. Бұл ретте мемлекет тарапынан халыққа сапалы дәрігерлік көмек көрсету мен отандық медицина ғылымын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Енді бізге көптеген дамыған елдердегідей отбасылық медицинаны дамыту керек. Бұл сала Ұлыбритания, Канада, АҚШ және тағы басқа елдерде бар. Жалпы отбасылық дәрігер дегеніміз – әмбебап дәрігер. Дәрігер сол отбасының барлық мүшелерінің денсаулығын қадағалап, 95 пайызға жуық қажет кезінде медициналық көмек көрсетіп, емдейді. Ауру түрлерін зерттеп, медициналық көмек көрсетеді. Соның 5 пайызында күрделі жағдай болса, тиісті медициналық орталықтарға, тиісті мамандарға тексертеді. Мұндай медициналық қызмет түрі дамыған елдерде жүйелі жолға қойылған. Отбасылық дәрігерге жүктелетін міндет өте жоғары. Бір сөзбен айтқанда, отбасылық дәрігер бір әулеттің денсаулығына жауап береді.

Негізі, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді әлі де түсі­не алмай, түсіндіре алмай жүрген секілдіміз... Сіз са­лауатты өмір салтын қалай насихаттар едіңіз?

Әр нәрсені ойланып, ақылмен шешуге тәрбиелеу керек. Ақылға салып, байыппен шешу қажет. Адамның өз тағдыры – өз қолында. Тыйым салумен үлкен нәтижеге жету екіталай деп ойлаймын. Мысалы, соғыстан кейінгі кезеңде түсік жасатуға рұқсат берілмеді. Сол кезде жасырын түрде түсік жасап, көз жұмған әйелдер қаншама еді. Ішімдікке тыйым салынған кезде де, қолдан жасалған ішімдік ішіп, мерт болған адамдардың саны көбейген еді.

Қазір Алматы, Астанада велосипедке көңіл бөліне бастады. Арнайы веложолдар салынып жатыр. Бұл – жақсы бастама. Осы ретте бір мысал келтіре кетейін. 90-шы жылдардың ортасы. Сол жылдары 350 мың халқы бар Исландияның жастырының 23 пайызы темекіге тәуелді болыпты. Сөйтіп мемлекет арнайы бағдарлама қабылдайды. Ол бағдарламаға сәйкес елдің жастары спорттың кез-келген түрінен тегін шеберлік сыныптарына қатыстырыла бастайды. Бәрі тегін. Бұл бағдарлама үш айға созылады. Бірақ жастардың көбі жаттығуларын тастамайды. Сөйтіп 20 жылдан кейін зерттесе, Исландияның темекіге тәуелді азаматтарының саны 3 пайызды ғана құрайтыны анықталады. Ол-ол ма, жастардың спорттағы нәтижесі де үлкен деңгейге көтеріліпті. Бүгінде осы елдің құрамасы Әлем чемпионатының ақтық мәресіне дейін жетті. Айтпағым, елімізде спорттық алаңдарды, спорт кешендерін көбірек салу керек. Жаттықтырушылар мен ұстаздардың жалақысын көбейткен абзал. Сонымен қатар, мектеп жасындағы балаларға уақытша болса да, тегін үйірмелерді көптеп ашу керек.

Еліміздегі алғашқы меди­циналық-санитарлық жәрдем саласына қандай баға берер едіңіз?

Алғашқы медициналық-санитарлық көмектiң негiзгi тiрегi – аурудың алдын алудың тиiмдi­лiгi, ауруды ерте анықтау, емдеу тәсiл­дерi, тұрғындардың денсаулығын жақсар­тып, өмiр сүру жасын ұзарту көзделген болса, қазiргi таңда осы мiндеттер то­лығымен жүзеге асырылуда. Бүгінде 50 сырқатқа тегін дәрі-дәрмек беріледі. Бұл дегеніміз 400-ден аса дәрі-дәрмекті қамтиды. Азаматтарымызға жоғары сапалы медициналық көмектің қолжетімді болуына бағытталған көптеген шаралар қолға алынып жатыр. Отбасылық дәрігерлік амбулаториялар көбейді. Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілуде. Дегенмен, денсаулық сақтау саласындағы кадр мәселесі әлі де өзекті. Мәселен, бүгінде жалпы тәжірибелік бір дәрігерге 2 мың емделуші тиесілі екен. Ал ОЭСР елдерінде бір дәрігерге 1,5 мың адамнан келеді. Ақ халатты абзал жандардың мәртебесін көтеру де өзекті мәселе.

https://www.facebook.com/aa40GlobalConference/

https://www.instagram.com/aa40_global_conference/

Автор Гүлнар Хасан

*PR құқында.

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
0
1
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel