RU

Ақтөбедегі автобус өрті: Прокурор кінәлілерді 5 жылға түрмеге қамауды сұрады

Ақтөбеде 52 адамның өмірін қиған автобус өртіне қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Қылмыстық іс жарыссөзге келді деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Прокурор 52 адам жанып кеткен автобус жүргізушілерін 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Фото: NUR.KZ: UGC
"Жәбірленушілер айыпталушыларға қатысты 52 адамды өлтіргенге ұқсамайтынын айтуда. Өйткені уақыт өтіп жатыр. Олардың алғашқы жағдайы басқаша болатын. Сотталушыларға қанша жыл берсек те қаза болған 52 адамды қайтып әкеле алмаймыз.

Қылмыстық кодекстің 345 бабының 4-бөлігі және 348 бабының 4-бөлігі негізінде айыпты деп танылған үш жүргізуші Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатовты 5 жылға бас бостандығынан айыруға және 7 жылға қоғамдық көлік басқаруға тыйым салуды сұраймын.

Ал автопарк механигі мен құрылтайшысы Нұрлыбек Тілепбаев пен Бахадүр Пердебаевты 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын", -  деді прокурор Оспан Орынбасарұлы.

Прокурор кінәлілерді сот залынан қамауға алуды сұрады.

Прокурор 52 адам жанып кеткен автобус жүргізушілерін 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Фото: NUR.KZ: UGC

Жәбірленушілердің туыстары Ақтөбе облысында қаралып жатқан сот процесіне Сарыағаш аудандық сотынан тікелей эфирмен қосылып отырды.

Осыған дейінгі сот отырысында қаза болған өзбек азаматтарының туыстары әр адам үшін  150 миллион теңге моральдық шығын өндіруді талап еткен болатын.

Айта кетейік, автобус өртіне қатысты іс Қылмыстық кодекстің 345 бабының 4-бөлігі және 348 бабының 4-бөлігі негізінде қаралып жатыр.

Өзбекстан азаматтары мінген «Икарус» автобусы 18 қаңтар күні өртке оранған болатын. Өртенген автобус ішінен шыға алмаған 52 адам тірілей жанып кетті.

Қайғылы оқиғаға кінәлі ретінде үш жүргізуші Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатов және автопарк механигі мен құрылтайшысы Нұрлыбек Тілепбаев пен Бахадүр Пердебаевтар күдікті деп танылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1760715-aktbedegi-avtobus-rti-prokuror-kinlilerdi-5-zylga-trmege-kamaudy-srady.html