RU

Қызылордалық балуан әлем чемпионатындағы жеңісін «Қызылорда қаласының 200 жылдығына» арнады

Венгрияның Будапешт қаласында күрес түрлерінен өткен Әлем чемпионатында қызылордалық балуан, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірті Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен сынға түсті.

Қызылордалық балуан әлем чемпионатындағы жеңісін «Қызылорда қаласының 200 жылдығына» арнады

Мықтылар бас қосқан бәсекеде Айдос Сұлтанғали қола медальді иеленіп, жерлестеріне жеңіс сыйлады.

Бұл әлемдік додада Қазақстан құрамасынан екі спортшы ғана қола жүлдені еншіленсе, оның біреуі Қызылорда қаласынан - Айдос Сұлтанғали, екіншісі - шымкенттік Мейіржан Шермаханбет.

60 келі салмақта боз кілемге шыққан Айдос бірінші белдесуде Украина спортшысын 6:1 есебімен ұтса, одан кейінгі кездесулерде Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, жапониялық балуанды 7:5, Әлем чемпионы, 5-ші жабық Азия ойындарының жеңімпазы қырғыз спортшысын 9:0 есептерімен айқын басымдықпен ұтты.

Қызылордалық балуан әлем чемпионатындағы жеңісін «Қызылорда қаласының 200 жылдығына» арнады

Тек жартылай финалда ресейлік балуанға есе жіберіп алды. Қола медаль үшін болған кездесуде Солтүстіккореялық қарсыласынан айласын асырып, үшінші орынға ие болды.

Облыс тарихында 2005 жылы грек-рим күресінен ересектер арасында Ермек Көкетов Әлем чемпионатында қола жүлдегер болса, оның жетістігін ізбасары Айдос қайталады. Қазіргі таңда, аталған спорт түрімен өңірде 3000-нан аса спортшы айналысады.

"Мықтылар бас қосқан жарыста жеңіс тұғырынан көріну үшін барымды салдым. Жалпы Әлем чемпионатына екінші рет қатысып отырмын. Өткен жылы Польшаның Быдгощ қаласында жастар арасында өткен Әлем чемпионатында үшінші орынды алған болатынмын. Биыл ересектер арасында алғаш рет бағымды сынадым. Бұл жолы еншіме қола медаль бұйырды. Бұл жеңісімді туған жерім – Қызылорда қаласының 200 жылдығына арнаймын", - дейді Айдос Сұлтанғали.

Енді қызылордалық балуан келесі жылы Астана қаласында грек-рим күресінен өтетін Әлем чемпионатына дайындалады.

Айта кетейік, бұған дейін А.Сұлтанғали 2015 жылы жасөспірімдер, 2016 жылы жастар арасында Азия чемпионы, 2017 жылы жабық кешендегі Азия ойындарының және Әлем чемпионатының қола жүлдегері атағын иеленген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1760716-kyzylordalyk-baluan-lem-cempionatyndagy-zeisin-kyzylorda-kalasyny-200-zyldygyna-arnady.html