RU

52 адам өртенген автобус ісі: Өзбекстан азаматы жалғыз қалғанын айтып, жылап жіберді

Ақтөбеде өтіп жатқан автобус ісінің көшпелі сот отырысына жәбірленушілердің туыстары Сарыағаш аудандық сотынан қатысты. Бүгін сотқа үш жәбірленушінің туысы келген деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Ақтөбеде өртенген автобус оқиғасынан кейін бауырынан айрылғанын айтқан азамат сот алдында тұрып, жылап жіберді.

Айтуынша, тірідей жанып кеткен бауырының қазасына қайғырған анасы мен қарындасы да құсадан көз жұмған.

"Мен сотталушыларды айыпты деп есептеймін. Осы қазаға қайғырып анам мен қарындасым қайтыс болды. Олар шыдай алған жоқ. Көп қайғырды. Әулетте бір ғана өзім қалдым. Автобуста өртеніп кеткен бауырымның да балалары жетім қалды. Мен моральдық шығындарды толықтай өтеп беруді сұраймын", - дейді жәбірленушінің туысқаны Мұхамедәли Тошматов.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстан азаматтары жәбірленушілерден қаза болған азаматтары үшін адам басына 150 млн теңге моральдық шығын өндіруді сұраған болатын.

"Мен соттан жүргізушілерге ең қатаң жаза беруді сұраймын. Оларға Қазақстандағы ең қатаң жаза тағайындалсын. Осы жағдайдың бәрі негізгі жүргізуші Пернебековтің жауапсыздығынан болды. Ол қасына дұрыс механик пен тексерілмеген автобусты шығарғандықтан осындай оқиға болды. Қырғызбаевтың да тірлігі дұрыс емес. Оның дәнекерлеуші шамды тар автобустың ішіне алып кіруі ақымақтық. Құрметті сот бізге, моральдық шығынды толық өтеп беруді қамтамасыз етіңіз", - дейді екінші жәбірленуші.

Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбеде өртенген автобус оқиғасына қатысты сот отырысында прокурор кінәлілерді бес жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1760751-52-adam-rtengen-avtobus-isi-zbekstan-azamaty-zalgyz-kalganyn-ajtyp-zylap-ziberdi.html