RU

Ташкентте мектеп оқушысы мұғалімнің мұрнын бұзды

Ташкентте №160 мектептегі 10-сынып оқушысы физика пәнінің мұғаліміне қол көтеріп, оның мұрнын сындырған. Ал мектеп басшылығы болған іске ұстазды кінәлап, жасөспірімнің өзін қорғағысы келгенін айтуда. Бұл туралы ca-news.org сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

Көрнекі фото: ca-news.org
Көрнекі фото: ca-news.org: UGC

Куәгерлердің сөзіне сүйенсек, физика пәнінің мұғалімі Денис Рундаев сыныптағы қыздардың біріне "құлаққапты шеш" деп ескерту жасаған. Ал оқушы жігіт әлгі қызды қорғаштап, ұстазына жұдырық ала жүгіріпті.

Ташкенттегі білім басқармасының маманы айтуынша, оқушының соққысынан Денис Рундаевтың мұрны сынған. Бұдан бөлек мұғалімнің ішінен және бетінен ұрған дейді олар.

№160 мектеп директорының көмекшісі мұғалімнің оқушыны кешіргенін және олардың татуласқанын жеткізді.

"Оқушымен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ата-анасымен жиналыс ұйымдастырдық. Сабақ уақытындағы кикілжің мұғалімнің кінәсінен орын алған. Ал жасөспірім өзін қорғамақ болған", - дейді Ирина Казакова.

Ал оқушыдан таяқ жеген мұғалімнің әріптестері басшылық істі жылы жабу үшін Денис Рундаевты кінәлі етіп шығарды деп отыр. Себебі бұзық оқушы осыған дейін де тәртіпсіздік танытып, бірнеше рет көзге түскен көрінеді.

"Баланың әкесі мектепке қаржылай көмектесіп отырады. Сондықтан бұл оқушы көкірегін керіп жүреді. Біздің мектепте баланың біліміне қарамайды, оның материалдық жағдайы маңыздырақ. Осының кесірінен биыл үш мұғалім өз еркімен жұмыстан кетіп қалды", - дейді есімін жарияламауды сұраған мектеп мұғалімі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1760772-taskentte-mektep-okusysy-mgalimni-mrnyn-bzdy.html