RU

Алматы полициясы екі бірдей пәтерді тонаған қарақшыларды көшенің қақ ортасында ұстады (видео)

Жақында ғана әлеуметтік желіде Алматыдағы Төле би-Мұқанов көшелерінің қиылысында ұсталған азаматтардың видеосы тарап кеткен еді. Бұл арнайы операцияға қатысты қалалық полиция департаменті пікір білдірді деп хабарлайды Zakon.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Фото: instagram.com/kris_p_brothers
Фото: instagram.com/kris_p_brothers: UGC

Бейнежазба кадрларында қолдарында қаруы бар бетперде киген азаматтардың күдіктілерді ұстау операциясы көрсетілген. Олардың ішінде кейбіреуіне кісен салынып, жерге жатқызылған екен.

Желі қолданушыларын бұл орында не болғаны қатты қызықтырған.

Аталған видеоға қатысты Алматы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек түсініктеме берді.

Оның сөзінше, 30 қазан күні ұрылар тобының төрт мүшесі ұсталған. Олардың барлығы 26-28 жастағы Алматы қаласының тұрғындары болып шығыпты.

Сейсенбі күні қарақшылар Наурызбай және Бостандық аудандарындағы екі пәтерді бірден тонап, Алматыдан қашып кетпек болған. Алайда ұрылардың ойы жүзеге аспай қалған. Тәртіп сақшылары Daewoo Nexia автокөлігін тоқтатып, ішінен ұрланған ақшалар мен бағалы заттарды, техникалық құралдарды тапқан.

Ұсталғандар Алматыдағы бес түрлі ұқсас қылмыстарды жасады деп күдіктелуде.

Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1760873-almaty-policiasy-eki-birdej-pterdi-tonagan-karaksylardy-kseni-kak-ortasynda-stady-video.html