RU
Ақтөбеде ақылы жағалауға барып, жар астында қалғандар сот алдында оқиғаны өздері баяндады
Жаңалықтар Қоғам

Ақтөбеде ақылы жағалауға барып, жар астында қалғандар сот алдында оқиғаны өздері баяндады

Рассказать Вконтакте

Ақтөбеде теңіз аумағындағы ақылы жағалауға демаламыз деп барып, жар астында қалғандарға қатысты сот отырысы болды. Онда жәбірленушілер құмға көмілген жақындарын қалай құтқарғандарын баяндап берді деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Фото сот залынан

Фото сот залынан

Оқиға 22 шілде күні "Інжу" жағалауында орын алған. Демалуға барып, қайғыға душар болғандар тастың астында езіліп, құммен көмілген 10 айлық сәбиді бірнеше адам қазып алғанын айтуда.

"Туыстарымызбен сәкідегі орынға алдын ала тапсырыс бердік. Төрт жастағы және 10 айлық екі қызым алдымда отырған, барлығы қас-қағым сәтте болды. Екі минутқа тұрып, үлкен қызымның ойыншығын жинап жатқанмын. Сол сәтте құм құлады. Қызымның қылғылт кепкасы ғана көрініп жатты. Жүгіріп барып қаза бастадым. Бәрі айқайлап жатты. Біз алымен басын құмнан тазарттық. Денесі тастың астында қалып қойған екен. Бірнеше адам тасты көтеріп киімінен тартып баланы әрең шығардық.
Қызымның денесі көгеріп кеткен. Дәрігерлер оны таңға дейін тірі болса, аман қалады деді. Қызым 14 күн жансақтау бөлімінде жатты", - дейді Анастасия Ермейчук.

Қазіргі уақытта жағалаудағы жазатайым жағдайға қатысты үш жәбірленуші бар. Олардың кішкентай балалары да, өздері түрлі жарақаттар алған.

"Қызым сәкіде ойнап отырды. Сосын оны емізу үшін алдыма алдым. Ер адамдар кәуап пісіреміз деп сәкіден алыс жерде жүрген. Бірден үстімізді топырақ басып, айнала шаң болып кетті. Көмек сұрап айқайлап, балаларды құм астынан өзіміз шығардық. Жедел жәрдемді күтпей ауруханаға өзіміз шықтық",- дейді Анастасия Хорохорина.

Ал үшінші жәбірленуші аталмыш жағажайға бірнеше рет келіп жүргендіктен, мұндай сұмдық болар деп ойламағанын айтады.

"Жағажайда туыстарыммен болды. Мен ол жерге бірінші рет барып тұрған жоқпын. Бізді онда айыпталушының кіші інісі күтіп алды. Жар құлаған сәт әлі есімде, біз балаларды құм астынан қолымызбен қазып алдық", - дейді Мария Дерр.

Жәбірленушілердің барлығы соттан моральдық шығын өтеп беруді сұрады. Ал сотта айыпталушы ретінде танылған Арман Қазбаев өзінің кінәсіз екенін айтты. Жағажай қожайының сөзі келесі сотта тыңдалады.

Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 306-бап 2 бөлік 2 тармағымен қаралып жатыр.

Сіздің реакцияңыз
1
0
1
3
0
0
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel