RU
Америкада оқыған шымкенттік жігіт шенеунік болғысы келмейтінін жасырмады
Жаңалықтар Қоғам

Америкада оқыған шымкенттік жігіт шенеунік болғысы келмейтінін жасырмады

Рассказать Вконтакте

Америкада білім алған Тоқтар Әлімбеков не себепті мемлекеттік қызметпен айналысқысы келмейтінін айтты. Бұл ойымен жас кәсіпкер "Астана" телеарнасына берген сұхбатында бөлісті.

Тоқтар 2011 жылы мектепті үздік бітіріп, Алматыдағы KIMEP университетіне оқуға түседі. Алайда президенттік грантпен оқымақ болған азаматтан білім ордасы оқу ақшасының жартысын төлеуді талап етеді.

Қарапайым отбасынан шыққан Тоқтар бұл қаражатты қалтасы көтермейтінін түсініп, бірден АҚШ-қа аттанады. Онда шымкенттік азамат Мичиган университетіне грантқа түсіп, оқуын тегін аяқтайды.

Бір семестрін Сингапурде оқыған Тоқтар сол жақта Дінмұхаммед Қонаевтың кітабын оқып, шабыттанғанын, алдына нық мақсаттарды қойғанын айтады.

Осылайша, дипломын ала сала елге оралған Әлімбеков Шымкент қаласынан шаштараз бен кофе ішетін кафе ашады.

Алғашқы бір жылында түрлі қиындыққа тап болған іскер жігіт қазір кәсібінің алға басып жатқанын айтады.

Бүгінде ол өз қаласының экономикасын жақсартуға титтей де болса үлес қоссам дейді.

Алайда жас кәсіпкердің жақындары мен туыстары жігіттің бұл ісін құптамаған көрінеді. Олар шетел асып, білім алып келген Тоқтардың әкімдікте немесе басқа бір лауазымды орында отырғанын қалаған екен.

Дегенмен Әлімбеков жас кезінде кеңсеге қамалып отырғысы келмейтінін айтады.

"Барлығымыздың мақсатымыз, біріншіден - өз жағдайымызды дұрыстау. Екіншіден, мемлекетке пайдамызды тигізу. Ал мемлекетке пайдасын кім көп тигізеді? АҚШ-та "Америкада көшеде хот-дог сатып жүрген баланың губернаторға қарағанда экономикаға пайдасы көп" деп айтатын. Ол рас. Бізде базарда пісте сатып жүрген баланың әкімнен пайдасы көп. Неге десеңіз, әкім ол орындаушы, ол мемлекеттік жобаларды дұрыс енгізумен айналысады. Ал соларды орындайтындар, ақшаны айналдырып, экономиканы көтеретіндер - базарда пісте сатып жүрген балалар",- дейді Тоқтар.

Қазір жас кәсіпкер 20 адамды жұмыспен қаматамасыз етіп отыр. Ата-анасының сөзінше, Тоқтар бес жасынан бастап бөтелке сатып, ақша тапқан екен.

Одан бөлек, Әлімбеков қаланы көркейтуге, құқықбұзушылықтың алдын алуға және жастардың салауатты өмір салтын ұстануына арналған бірқатар жобалардың авторы.

Дереккөз: "Астана" телеарнасы

Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
3
11
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel