RU

Павлодарда педофилге алғаш рет химиялық кастрация бекітілді

6 қараша күні Павлодар облысының ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотында педофил деп айыпталған азаматқа қарсы сот үкімі шықты. Бұл өңірдегі кастрацияға қатысты алғашқы қаулы болды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Көрнекі фото: sharij.net
Көрнекі фото: sharij.net: UGC

Сотта педофил деп танылған азамат Ертіс ауылының 33 жастағы тұрғыны болып шыққан. Қылмыстық істің материалдарында көрсетілгендей, азамат өзінің тоғыз жасар қызын осы уақытқа дейін зорлап келген.

Олардың ішінде ең алғашқысы 2017 жылы, балақайдың анасы қайтыс болғанда басталған. Бірде бұл бассыздықты кішкентай балақай туысына айтып береді. Осылайша, жауыз әкенің жантүршігерлік қылмысының беті ашылған.

Қылмыстық іс "Сексуалды сипаттағы іс-әрекеттер" бабы бойынша қозғалды. Күдікті басынан бастап өз кінәсін теріске шығармаған. Ал сараптама нәтижесі 33 жастағы азаматтың педофилияға бейімділігі бар екенін анықтаған.

Сот отырысында прокурор айыпталушыны 17 жыл бас бостандығынан айыруды талап етсе, жәбірленушінің өкілі 20 жылға абақтыға жабу қажеттігін сұрады.

"Азамат қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлімі бойынша қылмыс жасағаны үшін 16 жылға бас бостандығынан айырылсын. Сондай-ақ, мәжбүрлі түрде химиялық кастрациямен емдеу бекітілсін", - деп хабарлады мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соттың судьясы.

Үкім әлі өз күшіне енген жоқ. Инъекциялар Павлодарда алғаш рет қолданылмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1762248-pavlodarda-pedofilge-algas-ret-himialyk-kastracia-bekitildi.html