RU
Жамбыл облысы: Үйге газ тарту 83 мың теңгеге дейін төмендеді
Жаңалықтар Саясат және экономика

Жамбыл облысы: Үйге газ тарту 83 мың теңгеге дейін төмендеді

Рассказать Вконтакте

Жамбыл облысында табиғи газды аулаға кіргізу құны 150 мың теңгеден 83 мың теңгеге төмендетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің айтуынша, қазіргі уақытта өңірдегі 377 елді мекеннің 181-і газбен қамтылған.

Жамбыл облысы: Үйге газ тарту 83 мың теңгеге дейін төмендеді
«Газ тартылған аймақтарда да тұрғындардың 11 пайызы немесе 88 мың адам газ торабына қосыла алмай отыр. Себебі, газ құбырын көшеден үйге кіргізу құны қымбат - 150 мың теңге. Бұл мәселені шешу үшін «Жамбыл Жылу» коммуналдық мекемесіне арнайы лицензия беріп, аулаға кіргізу жұмыстарының өзіндік құнын есептеп, бағаны 150 мың теңгеден 83 мың теңгеге төмендеттік», - деді әкім Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есеп беру брифингінде.

Нәтижесінде биылғы желтоқсан айына дейін 53 мың адам газдандырылады.

«Қалған 35 мың халықты газбен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Ол үшін бюджеттен тиісті қаржы қарастырылған. Ал мүлдем газдандырылмаған 173 елді мекеннің мәселесін шешу мақсатында магистралды құбыр құрылысына 43,5 млрд теңгені құрайтын 11 жоба дайындалып, Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім берілді», - деді Асқар Мырзахметов.

Айта кетейік, Жамбыл облыс әкімдігінің 03.03.2018 жылғы №27 қаулысымен бекітілген облыс әкімінің облыс тұрғындары алдындағы есеп беру кездесуі барысында айтылған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпарат әкімдігінің ресми сайтында жарияланған.

Сарысу ауданы елді мекендеріне және Жаңатас қаласына табиғи газ тарту бойынша «Шаян – Еврохим – Жаңатас» жоғары қысымды газ құбырын салу 2019-2020 жылдарға жоспарланған.

Құбырдың ұзындығы 98,3 шақырым, қажетті қаржы 8,6 млрд. теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 2019 жылға қаражат қарастырылған. Жаңатас қаласына газ құбыры келтірілгеннен кейін «Сарысу ауданының 14 елді мекенін газ келтіретін және ауыл ішінде газ тарататын құбырының құрылысы» жобасы іске асырылады,

43838 адам тауарлық газбен қамтамасыз етіледі. Аталмыш жоба облыстың 2018-2025 жылдардағы газдандыру бағдарламасына енгізілген. Құрылыс-монтаж жұмыстарына бюджеттік өтінім ҚР Энергетика министрлігіне тапсырылған.

Сіздің реакцияңыз
4
1
0
1
2
7
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel