RU

Талдықорғанда 7 жасар баланы талап өлтірген иттерді иесі атып тастаған

Питбульдердің қожайыны Әділжан Оңғарбаев иттерінің ветқұжаттары жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы "Қазинформ" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

nashvet.ru
Фото:nashvet.ru: UGC

Талдықорған қаласында Мерекелік саяжайында 7 жастағы баланы екі питбуль иті талап тастаған болатын. Қайғылы оқиға болған күні Әділжан қалада болмаған, болған жайтты иттердің қожайыны телефон арқылы естіген.

Ер адамның айтуынша оның питбульдерді асырап жүргеніне төрт жыл болыпты, бірақ құжаттары жоқ екен. Ол иттерді сату үшін емес, үй күзетіне пайдаланған екен.

Қайғылы оқиғадан кейін ер адам иттерін атып тастапты. Болған жағдай үшін заң алдында жауап беруге дайын екен.

"Олар дүрлігіп тұрғандықтан, мен оларды қамап қойдым. Бала көшеде жүрген. Иттер оған үріп, қоршаудан шығып, балаға тап берген", - деді Әділжан.

Оның сөзінше көршілердің балалары талай рет иттерімен ойнапты, мұндай жағдай ешқашан болмаған.

"Болған жағдай туралы естігенде абдырап қалды. Біз бірден қалаға оралдық. Отбасым ит талаған баланың қасында ауруханада болды", - деп мәлімдеді ол.

Иттердің қожайыны заң алдында жауап беретінін айтып, баласынан айрылған ата-анадан кешірім сұрады. Мұндай жағдай болады деп ешқашан ойламапты.

"Мен жауапкершіліктен қашпаймын, заң алдында жауап беремін. Баланың ата-анасынан, бүкіл халықтан кешірім сұраймын", - деді иттердің қожайыны.

Естеріңізге сала кетейік, оқиға алтыншы қараша күні болған. Екі питбуль жеті жасар баланы талап өлтірген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1762884-taldykorganda-7-zasar-balany-talap-ltirgen-itterdi-iesi-atyp-tastagan.html