RU

Қарағандыда шахтерді көлік қағып өлтірді

Қарағанды қаласының Октябрский ауданында Күзембаев шахтасының кеншісін көлік қағып өлтірген. Белгісіз көліктің иесі оқиға орнынан ізін суытқан деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

istochnik.info
Көрнекі фото: istochnik.info: UGC

Жол-көлік оқиғасы 10 қараша күні сағат 19.30 болған.

"Ағам Сергей Андрюхенко Майқұдыққа қонаққа барған. Оны "Бауырсақ" такси фирмасының көлігіне отырғызып, Приштахтинскіге жөнелткен. Такси жүргізушісіне жол ақысы алдын ала төленіп қойған. Алайда, такси жүргізушісі мас ағамды екі аудан арасындағы елсіз тас жолда қалдырып, кетіп қалған. Ол жол жиегімен кетіп бара жатқанда оны белгісіз көлік қағып кеткен", - деді марқұмның қарындасы Надежда.

Қазір полиция белгісіз көліктің иесін іздестіріп жатыр. Оқиға орнынан бампер бөліктері табылған. Осы бөліктер арқылы сарапшылар көліктің түсі мен маркасын анықтайды. Істі Октябрский полиция бөлімшесі тергеп жатыр.

"Менің ағам қонақта болған үйдің иелері "Бауырсақ" фирмасынан сұр түсті 188 мемлекеттік нөмірлі "Мерседес" көлігі келгенін айтты. Бүгін күйеуім такси жүргізушісін тауып, онымен кездескен. Ол ағамның оны боктап, балағаттағанын айтыпты. Қалай сонда? Ағамның мас екенін білген, оның сөздеріне мән бермеуі керек еді. Оған жол ақысын төлеп қойған. Егер ол жолаушыны үйіне жеткізе алмаса оны автобус тұрағында қалдырып кетуіне болатын еді. Ал ол қақаған суықта оны елсіз тас жолда қалдырып кеткен", - деп күйінді Надежда.

"Бауырсақ" такси қызметінде такси жүргізушісі жолаушыны түсіріп тастамағанын, оның өз еркімен көліктен түсіп қалғанын мәлімдеді.

"Қайғыларына ортақпыз. Бірақ біздің такси жүргізушілері өте сабырлы. Олар клиенттердің әртүрлі күйде болуы мүмкін екенін біледі. Жүргізушімен сөйлестік. Ол жолаушының жүріп келе жатқан көліктің есігін ашып, секіріп кетпекші болғанын айтты. Оны түсіруді талап еткен. Такси жүргізушісі жолаушыны есікті жауып, адамдар шоғырланған жерге жеткізуге көндірмек болған. Дегенмен жолаушы айтқанға көнбей, секіріп кетуге талпынған. Жарақат алмасын деп жүргізуші көлігін тоқтатуға мәжбүр болған", - деп хабарлады бас диспетчер.

Шахтер Сергей Андрюхин 51 жаста болған. Оның екі баласы әкесіз қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1762905-karagandyda-sahterdi-klik-kagyp-ltirdi.html