RU

Талдықорған тұрғыны екі иттің баланы қалай талап өлтіргенін айтып берді

Талдықорғандағы Мерекелік саяжайында жеті жасар баланы екі ит талап жатқанын көрген куәгер оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Жантүршігерлік көріністі өз көзімен көрген Самғат Мұратұлы бірден көмекке ұмтылғанын жеткізді. Бұл туралы "ҚазАқпарат" агенттігіне сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

Көрнекі фото: Wallpapersafari.com
Көрнекі фото: Wallpapersafari.com: UGC

Самғат екі иттің өз ауласында бос жүргенін айтқан. Олар сол мезетте тысқа шыққан жеті жасар Марғұланға бірден бас салған көрінеді.

"Итім үріп кетті. Далаға жүгіріп шықсам, жолда баланы екі ит талап жатыр екен. Біреуі аяқ жағынан, екіншісі басын тістеп, жұлмалап жатты. Үйден қолыма түскен темірді алып, иттерді ұра бастадым. Әрең дегенде бір ит кетті. Ал екіншісі оның артынан жүгірді",- деді ол.

Одан бөлек, куәгер баладан үйге кіруін сұрағанын айтты. Ол баланың бетіне қарау мүмкін емес болғанын, бірден жедел жәрдем шақырғанын жеткізді.

Оның сөзінше, жедел жәрдем 15 минутқа жетпей тез келген.

Ал тұңғышынан айырылған Сымбат Шектібаев иттердің иесін жазаға тартуды сұрапты. Сондай-ақ, ол бұл саяжайдағы питбульдардың иесі қалада тұратынын, ал иттерге мұнда ешқандай жағдай жасалмайтынын айтқан.

"Иттері кешке дейін бос жүреді, жейтін тамақтары жоқ. Адам жейді мынаның иттері. Не үйлерінің қоршауы дұрыс емес, маңайдың бәрі ашық-шашық жатыр. Осындай жерде бір емес, жеті итті асырау деген сұмдық қой. Не иттердің дені дұрыс шынжырлары да жоқ. Питбульдар тек сеткада тұруы керек. Құзырлы органнан үйдің иесін де, иттің иесін де заң алдында жауапқа тартуын өтінемін", - деді Сымбат Шектібаев.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Талдықорғанда екі питбуль иті жеті жасар баланы талап өлтірген болатын.

Артынша иесі оларды атып тастаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1763059-taldykorgan-trgyny-eki-itti-balany-kalaj-talap-ltirgenin-ajtyp-berdi.html